Биыл Қазақстан Республикасының Конституциясына – 30 жыл! Бұл атаулы датаның маңызын зерделеп қарастырғанда, елдегі саяси жаңғыру мен демократияны тереңдетуге негіз болған 2022 жылғы 5 маусымда өткен жалпыұлттық референдумға басымдық беруіміз шарт. Өздеріңіз білетіндей, 2022 жылы 5 маусымда Қазақстанда жалпыұлттық референдум өтіп, нәтижесінде Конституцияның 33 бабына өзгерістер енгізілді. Өз кезегінде бұл референдум Қазақстан тарихында маңызды бетбұрыс болды.

Бұл Конституциялық реформалар елдің саяси, құқықтық жүйесін түбегейлі жаңартуға бағытталып, «Жаңа Қазақстан» құрудың нақты алғышарттарын жасады. Оларға биліктің халыққа жақындауын, халық үніне құлақ асуын, саяси жүйенің жаңаруын, азаматтардың құқықтық мүмкіндіктерінің кеңеюін жатқызамыз.
Конституциялық реформалар жай ғана заңға өзгерістер емес, олар халықтың күнделікті өміріне, құқықтарына, елдің болашағына тікелей әсер ететін маңызды өзгерістер.
Реформалар сәтті болуы үшін халық пен билік арасында сенімге негізделген, ашық, тұрақты және тең дәрежелі диалог орнауы қажет. Бұл диалог біржақты емес, екі тарапты — әрі ашық, нақты және жүйелі болуы маңызды.
Конституциялық реформалардың қоғамдағы демократияны нығайтуға және халықтың ел басқаруға қатысуына тікелей әрі жан-жақты әсері бар. Бұл өзгерістер елдің саяси мәдениетін, азаматтық белсенділігін арттырып, билік пен халық арасындағы сенім көпірін нығайтатын нақты құралдарға айналды.
Мұнда бұрынғыдай барлық билікті бір адамның қолында жинақтау емес, керісінше Президент өкілеттігі азайып, Парламент пен Үкіметтің рөлін арттыру көзделген. Ал, Президенттік биліктің шектелуі билік тармақтары арасында тепе-теңдікті орнатуға бағытталған маңызды қадам еді.
Конституциялық реформа нәижесінде азаматтардың сөз бостандығы, сайлау және сайлану құқығы, сотқа жүгіну мүмкіндігі артып келеді. Конституциялық сотқа азаматтардың тікелей шағым түсіру құқығының енгізілуі бұрын болмаған мүмкіндік.
Сондай-ақ, бұл саяси реформалар ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздікпен күрес, жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту, жергілікті халықтың үніне құлақ асу секілді маңызды бағыттарды қамтыды.
Қазақстандағы конституциялық реформалардың басты ерекшелігі – билікті орталықсыздандыру, халыққа жақын болу, құқықтық мемлекет құру және азаматтардың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттыру. Бұл — демократиялық бағыттағы маңызды бетбұрыс.
Мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен есеп беруі, жаңа буын саяси көшбасшыларды қалыптастыру, жастардың, әйелдердің, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың саясатқа келуі секілді жаңа өзгерістерге жол ашты. Қазіргі таңда ауқымды форматта жолға қойылған өңірлік кадрлық резервтер жобасы осы реформалардың бір бағыты.
Реформа билік пен халықтың қарым-қатынасын арттырып, билікті халық алдында есеп беруге міндеттеп, азаматтардың билікке ашық сұрақ қоюы, талап етуі, бақылау жасауы секілді мүмкіндіктерін арттырды. Мәжіліс пен мәслихатқа аралас сайлау жүйесінің енгізілуі, үміткерлерді халықтың ұсына алуы, сайлау нәтижесімен келіспесе, шағым түсіру мүмкіндігі де халыққа басымдық беріліп, олардың қоғамдағы ролінің артқандығынан хабардар етуде.
Сонымен қатар, 2022 жылғы конституциялық өзгерістерде «Жер және жер қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» делінген. Мемлекет енді халық атынан басқарушы ғана, ал иесі – халық.
Қорыта айқанда, халық өз тағдырына бей-жай қарамай, қоғамдық үдерістің бел ортасында болуы мемлекеттегі демократиялық құндылықтардың терең орнығуы десек болады.
Қазақстандағы конституциялық реформалардың жаңашылдығы — бұл демократияландыру мен ұлттық ерекшелікті ұштастыра отырып, біртіндеп әрі бейбіт түрде жүйелі өзгерістерге қол жеткізуге ұмтылуы.
Конституция қоғамның дамуымен, заман талабымен бірге жаңарып, толықтырылып отыруы тиіс. Бұл өзгерістер жүйелі түрде халықтың сұранысына сай, мемлекеттің бірлігі мен тұрақтылығын сақтай отырып жасалуы тиіс. Әрбір өзгеріс ел игілігіне, әділетті қоғам құру жолына бағытталуы қажет.
Халқымыз Ата Заңын ардақтап, елдік мүддені биік қоя білсін. Бірлігіміз бекем, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, ертеңіміз жарқын болсын!
Сәуле РЫСБАЕВА,
Қазақстан Республикасы Президентінің
жанындағы мемлекеттік басқару академиясының
Шымкент қаласы бойынша филиал доценті, саяси ғылымдар кандидаты
