Редакция таңдауы

Тәртіп пен бостандықтың іргетасы

1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституция – қоғамның өзіндік құқықтық төлқұжаты ретінде оның басты құндылығын – адамды, оның құқықтары мен бостандықтарын бекітті. Және дәл осы жалпыадамзаттық құндылықтар басымдығында адамгершілік пен әділеттіліктің жалпыға танылған қағидаттарына негізделген және соларға сай қызмет ететін құқықтық жүйе орнықты. Осылайша Конституция елдің тұрақты әрі табысты дамуының берік іргетасын қалап, азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға жол ашып, Қазақстанның тәуелсіздігін мәңгілікке бекітті.

Қазақстан Конституциясы уақыт тезінен сүрінбей өтті. Ол шын мәнінде пәрменді әрі өміршең.

Конституция — құқық жүйесінің негізі. Құқық — тек қана тәртіптің емес, сонымен қатар бостандықтың да іргетасы. Құқықтық жүйе аясындағы бостандық дегеніміз — азаматқа деген сенім мен оның мүмкіндіктеріне құрмет көрсету, пікіріне сыйластықпен қарау. Конституция бізді мемлекет тарапынан сенім мен құрметке үйретеді.

Естеріңізде болса, Конституция жазылып жатқан кезде Қазақстан экономикалық та, саяси та жағынан шектеулі мүмкіндіктер жағдайында еді. Дегенмен, дәл осы Конституция мемлекетіміздің аяғынан тік тұрып, біртұтас рухани-ұлттық тұтастық, этникааралық және конфессияаралық үйлесім мен төзімділікке негізделген «Қазақстан халқы» атты бірыңғай әлеуметтік қауымдастықты қалыптастыруға мүмкіндік берді. Экономика мен саясатта серпіліс жасап, халықаралық мойындауға ие болып, әлемдік аренада беделді мемлекетке айналды.

Бүгінде Қазақстан  БҰҰ-ны қоса алғанда, 40-тан астам халықаралық ұйымның мүшесі. Осы уақыт ішінде еліміз әлемнің 139 мемлекетімен теңгерімді дипломатиялық қарым-қатынастар орнатып, халықаралық позициясын нығайтты және жаһандық үдерістерге белсенді түрде кірікті.

Қазақстан — Орталық Азия өңірінде заңнамасының прогрессивтілігімен, цифрландыру мен инновацияларды енгізуде, инвестиция тарту мен «жасыл» экономикаға көшу бағытында көшбасшы ел. Сонымен қатар, Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдерінің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі болып табылады.

Қазіргі әлемдегі геосаяси тұрақсыздықты талдай отырып, Қазақстан көпвекторлы саясат аясында ұлттық мүдделерді ілгерілетіп, ішкі және сыртқы қауіпсіздікті сақтау, қоғамды демократияландыру және азаматтардың өмір сапасын арттыру бағытын берік ұстанып отырғанын көреміз. Мұның бәрі берік құқықтық негізсіз — Конституциялық негіздерсіз мүмкін болмас еді.

Конституцияға уақытылы енгізілген өзгерістер мен саяси жүйенің жаңғыруы Қазақстанның сыртқы қатерлер мен ішкі қайшылықтарға төтеп беріп, тәуелсіз ел ретінде тиімді дамуына, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына кепілдік беруге жол ашты.

Сонымен қатар, Конституцияға енгізілген өзгерістер оның негізгі мазмұнын өзгертпейді — Қазақстан Республикасын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде жариялау; адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандығы — мемлекеттің ең жоғары құндылықтары болып қала береді; билік тармақтары арасында өзара теңгерімділікті сақтау, олардың дербестігі мен өзара іс-қимылын күшейту, Конституцияның үстемдігін және құқықтың үстемдігін қамтамасыз ету қағидаттары сақталады.

Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолданыстағы Конституцияның артықшылықтарын өте дәл сипаттай келе: «Қазақстан Конституциясы әлемдік озық тәжірибелерді, тарихи және ұлттық дәстүрлерді бойына сіңіре отырып, халқымыздың бірлігі мен мемлекетіміздің тәуелсіздігінің берік іргетасына айналды», — деп атап өтті.

Қолданыстағы Конституция — қарқынды өзгеріп жатқан қоғамдық қатынастардың реттеушісі ретінде Қазақстанның одан әрі нығаюына зор әлеуетке ие. Конституциялық нормаларды іске асыру мәселелері мен оларды жетілдіру жолдары біздің қоғамда ашық түрде талқыланып келеді. Себебі оларды шешу — Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету үшін өмірлік маңызды.

Осы контексте, 2022 жылғы конституциялық реформа елді әрі қарай жаңғырту жолындағы аса маңызды кезең болды.

Тәуелсіздік алған сәттен бастап Конституция бірнеше мәрте өзгеріске ұшырады, бірақ 2022 жылғы реформа — ең ауқымдысы болды. Бұл реформа еліміздегі саяси кеңістікті либерализациялауға, жергілікті өзін-өзі басқару институттарының өкілеттіктерін кеңейтуге, адам құқықтарын қорғау жүйесін күшейтуге жол ашты.

Бұл конституциялық реформа — қоғамның түбегейлі жаңғыруға және Жаңа Әділетті Қазақстанды құруға деген сұранысына берілген жауап қана емес, сонымен бірге ұлттың кемелденгендігін, азаматтардың өз елінің тағдырына жауапкершілікпен қарауға дайын екендігін көрсетті.

«Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы — халық» — Конституцияның 3-бабында осылай жазылған. Бұл формула тек құқықтық мағынамен шектелмейді. Қазақ жерінде ежелден елдің тағдырына қатысты маңызды шешімдер жұрт болып, ортақ түрде қабылданатын. Бұл — халықтың арманы мен мүддесінің бірлігін білдіретін жарқын дәстүр. Конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша референдум өткізу арқылы осы игі дәстүр жаңғырды. Бұл реформа тек заңдастыру үдерісі ғана емес, Конституцияны шынайы халықтық сипатқа ие етті. Бұдан кейін Ұлттық құрылтай өткізу тәжірибесі жанданды (біріншісі — Конституцияға өзгерістер енгізілген соң өткізілді). Конституциялық өзгерістер азаматтық белсенділіктің жаңа мүмкіндіктерін ашты.

Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Конституцияға енгізілген өзгерістер — бұл соңғы емес, реформалардың бастамасы ғана. Қабылданған конституциялық түзетулер елдің негізін нығайтып, даму жолының ұзақ мерзімді бағытын айқындады.

«Референдум нәтижесі  — бұл саяси жаңғырудың жарқын нышаны. Конституциялық өзгерістер — мемлекеттік негіздерімізді түбегейлі жаңартуға, бүкіл қоғамның дамуына тың серпін береді. …Басты міндетіміз — қасиетті Тәуелсіздігімізді, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту. Реформалар — ұран мен ұпай үшін емес, Жаңа Әділетті Қазақстанды құру үшін жасалып отыр.

Отанымыздың тағдыры — әрқайсымыздың қолымызда. Біз қоғамдық және жеке құндылықтар жүйесін түбегейлі трансформациялауымыз қажет. Тек сонда ғана барлық салада түбегейлі өзгерістер жүзеге асады», — деді Мемлекет басшысы 2022 жылғы референдумнан кейін.

Содан бергі үш жыл ішінде Қазақстанның қоғамдық-саяси жүйесі елеулі өзгерістерге ұшырады, жан-жақты жаңғыру үдерісі жалғасып келеді. Бұл үдерістің басты мақсаты — мемлекетіміздің тұрақты әрі серпінді дамуын қамтамасыз ету, жаңа сападағы ұлт қалыптастыру, Жаңа Әділетті Қазақстанды құру.

Екі жыл бұрын өткен Конституциялық реформаның ерекшелігі — сол, Қазақстан қоғамы мен әлемдегі терең өзгерістер жағдайында өтті. Жаһандық қауіпсіздік моделінің қайта құрылуы, әлемдік экономикалық және саяси жүйелердегі дағдарыс осы жағдайларға жауап ретінде Қазақстан ақылға қонымды демократиялық реформалар мен азаматтық бастамаларды қолдау жолын таңдады.

Конституциялық реформа аясында билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік жүйесі түзетілді, құқық қорғау тетіктері күшейтілді, саяси және экономикалық саладағы монополияларды шектеу бойынша қадамдар жасалды, Конституциялық Сот пен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институттары енгізілді — мұның бәрі құқықтық және демократиялық мемлекеттің орнығуы жолындағы алға басуымызды көрсетеді.

Конституциялық нормалардың сақталуы, орындалуы және жүзеге асырылуы қолданыстағы заңнама мен оның тәжірибелік іске асырылуынан көрініс табады, бұл үдеріске барлық әлеуметтік институттар қатысады.

2025 жылғы 30 тамызда Қазақстан Республикасының Конституциясы — егемен, тәуелсіз әрі қазіргі заманға сай жаңа мемлекеттің негізі ретінде  — 30 жылдығын атап өтеді.

30 жыл бұрын Қазақстан халқы елдің Негізгі заңын қабылдау арқылы тарихи таңдау жасап, демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет жолын таңдады.

Біздің Конституция — халқымыздың ғасырлар бойы жинаған даналығының көрінісі.

Біздің Конституция бізге ең басты нәрсені — таңдау еркіндігін берді. Себебі, өз тағдырымызды өзіміз айқындау — кез келген байлықтан қымбат.

Мақсат ЕЛІКБАЙ,
заң ғылымдарының кандидаты, М. Әуезов атындағы
Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті заң факультетінің деканы

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win