Қаладағы «Көрме» орталығында «Қазақстан Республикасы мəслихаттарының 30 жылдығына» арналған мерекелік іс-шара өтті. Мерекелік жиынға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, ҚР Парламент Сенаты және Мәжілісінің депутаттары, мәслихат депутаттары, мәслихат ардагерлері, қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері қатысты.
Қала әкімі көпшілікті мерейтоймен құттықтап, бірқатар азаматтарды марапаттады.
– Мәслихаттың қоғамдағы рөлі қашан да жоғары. Мәслихат жергілікті өкілді орган ретінде халық пен билік арасында алтын көпір. Шымкент қаласы мәслихатының әр шақырылымдағы депутаттары қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлес қосып келеді. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде ауқымды саяси реформалар жүзеге асуда. Президент мәслихаттар мен жергілікті атқарушы органдарға халықпен тығыз байланыс орнатып, тұрғындардың мүқтаждықтарын бірлесе шешу міндетін қойды. Шымкент қаласы мәслихаты барлық мәселелер бойынша қала әкімдігімен бірлесіп, нәтижелі қызмет атқарып келеді. Баршаңызды осынау мерейтоймен құттықтаймын, — деді қала әкімі.
Ғ.Сыздықбеков Президент Жарлығына сәйкес, елімізде маңызды саяси реформалар жасалды. 2023 жылдың 19 наурызында өткен Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы өткенін, депутаттар осы саяси додада сайлаушылар сеніміне ие болғанына тоқталды
– Мемлекет басшысы мәслихаттар мен жергілікті атқарушы органдарға елмен, түрлі қоғамдық ұйымдармен диалог орнатып, халықтың мұң-мұқтажын бірлесе шешуді тапсырды. Бұл – Сіз бен біздің ортақ міндетіміз. Президентіміз биылғы Жолдауында экономиканы әртараптандыру жөнінде тапсырма берді. Шымкент қаласына инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашуға басымдық берілуде. Шымкент қаласы 2024 жылдың 10 айында 12,0% экономикалық өсіммен жоғары нәтиже көрсетіп, мегаполис Қазақстан аймақтары арасында көш бастап тұр. Бұл – Шымкенттің дұрыс бағытта дамып келе жатқанының айқын көрсеткіші. Біз осы жетістіктермен тоқтап қалмай, жаңа жұмыс орындарын құру және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру бойынша жұмыстарды жалғастыруымыз керек. Үкіметтің 2028 жылға дейінгі жоспарында қалаға 5,6 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Бүгінде 2,7 трлн теңгеге 220 инвестициялық жоба тобы құрылып, 30 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Жыл басынан бері Шымкентке 536 млрд теңге инвестиция тартылды, — деді Ғабит Әбдімәжитұлы.
Шаһар басшысы қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері, мәслихат ардагерлеріне мерейтойлық төсбелгілерді табыс етті.
Іс-шарада Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов мәслихаттың тарихына, қалыптасу кезеңдеріне тоқталып, мәслихаттың барлық шақырылымдарында өндіріс, денсаулық сақтау, білім беру, бизнес, мәдениет саласында көрнекті өкілдер сайланғанын, олар қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында еселі еңбек еткенін атап өтті.
Сондай-ақ, мерекелік жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова көпшілікке ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын жеткізіп, бірқатар азаматтарды мерейтойлық төсбелгілермен марапаттады.
Тағабай ҚАСЫМОВ