Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Конституция және мемлекеттілік: құқық пен болашақ диалогы» атты ғылыми-практикалық конференцияда сөз сөйледі. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Шын мәнінде, Ата заңнан биік ештеңе жоқ. Себебі, Конституция – мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры, Тәуелсіздігіміздің айнымас темірқазығы», деді. Осы орайда, біраз ойдың ұшығын тарқатқымыз келеді.

Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөзі тек өз ұлтына ғана емес, дүниежүзіндегі барша ұлттар мен ұлыстарға ортақ ақыл десек, артық болмас.
Қазір дүниежүзінің халқы береке, бірлікке, ынтымаққа, ең бастысы, бейбітшілікке өте зәру. Қарапайым халық «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда өмір сүргісі келгенімен, кейбір саяси көшбасшылар өз мемлекетін түрлі майдандарға айдап салып отыр. Оған кешеге дейін туысқан халықпыз, түбіміз бір деп келген Ресей мен Украинаның бітіспес майданы дәлел. Ешкімге керегі жоқ, мағынасыз соғыстан миллиондаған адам зардап шегіп жатыр. Екі елдің де экономикасы тұралап, тұтас қала, ауылдар қирағандығы соншалық, тас қайыршықтарға айналып қалды. Әлем елдері арашаға түскенімен, бұл соғыстың қандай жағдайға апарып тірері белгісіз. Осының бәрін көргенде Қазақстандағы бейбітшілік пен тыныштыққа шүкіршілік етеміз.
Ашығын айтқанда, «Егемендік алдық» деп, бөркімізді аспанға атқанымызбен, тәуелсіздіктің алғашқы отыз жылы Қазақстан үшін оңай болмағанын халық біледі. Мұхтар Мағауин ағамызша айтсақ, «Алла қолдап, әруақ алқап» дамудың жаңа жолына түстік. Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде осы ойдың астарын аңғартты:
«Еліміздің саяси жүйесінде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орнықты. Бұл билікте өзара тиімді байланыс пен тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік берді. Президенттің жеті жылға бір рет қана сайлануы ел тарихындағы аса маңызды саяси-құқықтық бетбұрыс деп айтуға толық негіз бар. Себебі, мұндай жағдай Қазақстанда бұрын-соңды болған емес.
Осылайша, елімізде биліктің бірегей үлгісі пайда болды, яғни, мемлекеттік басқару жүйесі жаңа қағидаға сай жұмыс істей бастады, сол арқылы мемлекеттегі саяси үдерістер әлдеқайда түсінікті, болжамды, айқын бола түсті. Нақты айтқанда, Президенттің жақын туыстарына билік жүйесінде лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынды. Биліктегі отбасылыққа тосқауыл қойылды. Бұл да өте қажетті қадам болды. Халықтың осы шешімі – аса маңызды саяси-құқықтық жаңашылдық, әлемде баламасы жоқ конституциялық инновация», — деді ол.
Осындағы «Президенттің жақын туыстарына билік жүйесінде лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынды» деген сөздің астарын Қазақстан халқы әбден біледі. Үркердей топтың ел байлығын мөлшерсіз тонауы мемлекет қоржынына ауыр салмақ салумен қатар ел ішін ала тайдай бүлдіре жаздағаны ешқашан ұмытылмайды.
Қазақстан Президенті өз сөзін «Тарихи өлшем тұрғысынан өте қысқа уақыт ішінде қоғам саяси кемелдік пен азаматтық жауапкершілікті күшейтетін іргелі өзгерістерді бастан өткерді. Әділетті Қазақстанды құру процесін енді ешкім тоқтата алмайды. Өткенге оралуға, ең алдымен, еліміздің жастары жол бермейді. Білімді жас ұрпақ келешекке көз тігеді. Олар Қазақстанды жаңа заманның талабына сай келетін өркениетті мемлекет ретінде көргісі келеді» деп түйіндеді. Лайым, солай болғай!
Жақсы ма, жаман ба, төрт жыл ішінде ауыл әкімдері жаңа ережеге сай сайланып жатыр. Жас буын да орнын тауып келеді. Ендігі кезекте аудан және облыс әкімдері сайлаудан өтпек. Ниет жақсы болғанымен, бұрынғы сайлауларда халықтың аузы күйіп қалғаны бар.
«Сүйегіңді сатасың ба?» деген рушылдық дертінен аман өтсек, нағыз халық қалаулылары, іскер, жаңашыл, адал азаматтар өтсе деген тілек қой біздікі. Әлемдік өркениеттен өз орнын тауып келе жатқан Қазақстандай еңселі мемлекеттің Президенті ойын былай тұжырымдаған екен:
«Біз бәріміз төл тарихымызға қазақтың қайта жаңғыру дәуірінің өкілі ретінде енуге тиіспіз. Себебі бәріміз бір дәуірде өмір сүреміз, еліміздің болашағына бірге жауаптымыз. Біздің ұрпақ міндетті түрде үлкен жетістікке куә болып, табысқа жетуі керек. Балаларымыз бен немерелерімізге дамыған, өркениетті, құқықтық ел қалдыруымыз қажет. Бұл – біздің тарихи борышымыз. Осы мақсатқа жету үшін біз қазір Әділетті, Таза, Қауіпсіз әрі Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз. Түптеп келгенде, бұл – ұлттық идеология.
Біздің басты міндетіміз – озық ойлы, бәсекеге қабілетті ұлт болу, халықтың әл-ауқатын арттыру, елдегі тұрақтылықты сақтап, қоғамдық келісімді қамтамасыз ету. Сондықтан қазақ елінің қастерлі төлқұжаты – Конституциямыздың әр бабы мүлтіксіз орындалады. Бұл – баршаға ортақ міндет. Бәріңізге мәлім, мен 8 қыркүйекте халыққа Жолдауымды жариялаймын. Еліміздің экономикалық және әлеуметтік саясатындағы маңызды мақсат-міндеттерді айқындаймын».
Осы сөз сөз-ақ. Әлемдегі қырық құрау мемлекеттердегі қандастарымыз да Қазақстанға үмітпен қарап отыр. Отанымыз – біреу ғана. Бәрімізге Қазақстанымыздың амандығы, берекесінің артуы, түрлі пәлекеттерден аман болмағы керек. Мереке құтты болсын, ағайын!
Б.ТАЙЖАН
