Шымкент қаласы жастарының «Тарихи күндер тізбегімен» атты өңірлік мәдени-танымдық фестивалі биыл да жалғасын тапты. Аталған фестиваль қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Маятас елді мекенінде өтті.

Іс-шараның мақсаты – қала жастарының азаматтық және шығармашылық белсенділігін арттыру, дарынды жастарды анықтау және тәуелсіздік тағылымын таныта отырып, патриоттық рухта тәрбиелеу.
Демалыс аймағында жоғары оқу орындарының шәкірттері 10 командаға бөлініп, қазақ халқының салт-дәстүрлеріне арналған театрландырылған көріністер сахналады. Қатысушылар бауырсақ пісіру, арқан тарту сияқты ұлттық ойын түрлерінен де сайысқа түсті.
Кешкі бағдарламада Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Әйгерім Жұмағұлова қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, мұндай басқосулар жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуге, ұлтық дәстүрді қайта жаңғыртуға өз септігін тигізетінін айтты. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Қала әншілері Қуаныш Әбжапбар мен Ақсұңқар, «Ақбұлақ» және «Самал-3» жайдарман командаларының өнері жастардың көңілінен шықты. Фестивальдің екінші күні дарынды жастар түрлі ұлттық спорт түрлерінен сайысқа түсіп, өзара мықтыларды анықтады.
Қалалық жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін уақытша атқарушы Аружан Русланқызы жеңімпаз және жүлдегер командаларды марапаттап, жастардың алдағы қадамдарына сәттілік тіледі. Екі күнге созылған іс-шара осылайша ел жастарының рухани дамуына, бірлігін нығайтуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.
Тағабай ҚАСЫМОВ
