Еліміздегі мемлекеттік тіл саясатының басты мақсаты – қазақ тілінің қоғамдық өмірдің барлық саласында кеңінен қолданылуын қамтамасыз ету және оны құрметпен қолдануға жағдай жасау. Бұл бағытта мемлекет тарапынан нақты шаралар қабылданып, өңірлерде түсіндіру және алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру – тек ресми шараларда ұрандататын тақырып емес, күнделікті өмірде әр азаматтың жауапкершілігіне айналатын маңызды міндет.

Мемлекет басшысы тіл саясатына қатысты ұстанымында қарапайым халыққа емес, ең алдымен мемлекеттік органдарға, ресми мекемелерге талап қойылуы керектігін ашық айтқан. «Көшедегі адамдардың қай тілде сөйлеу сөйлемеуі жайлы сөз айту президентке лайықты әрекет емес. Президенттің жұмысы – мемлекеттік органдардың қазақша сөйлеуін, іс қағазды мемлекеттік тілде жүргізуін, қызмет көрсету орындарының заңды сақтауын қадағалау. Ал көшедегі адамдар қай тілде сөйлеу керегін өздері шешіп алады», – деп атап өткен еді Тоқаев. Президенттің бұл пікірі қоғамдағы ең өзекті жайттың бетін ашып отыр. Шынында да, көшеде кім қай тілде сөйлейтіні, жеке адамның құқығы. Ал мемлекеттік мекемелердің қазақша сөйлемеуі немесе іс қағаздарын қазақ тілінде дұрыс жүргізбеуі – заң талаптарын бұзу әрі халықтың сеніміне селкеу түсіру. Бүгінде іс қағаздарының жай-күйі көңіл көншітерлік емес. Көптеген мекемелерде құжаттардың қазақша нұсқасы формалды түрде толтырылады. Тіпті аудармасы түсініксіз, сөйлем құрылымы ауыр, калькаға толы мәтіндер жиі кездеседі. Мұндай құжатты қарапайым халық түгілі, мамандардың өздері кейде әрең түсінеді.
Мысалы, ресми хаттарда «орындауды қамтамасыз ету», «қызмет көрсетуді жүзеге асыру», «шартты орындамаған жағдайда жауапкершілікке тартылатын болады», «өз кезегінде», «ағымдағы жыл» деген секілді орыс тілінен сөзбе-сөз көшірілген тіркестер жиі ұшырасады. Олардың орнына қазақы үлгіде қысқа да нұсқа жазуға болады. Бірақ, өкінішке қарай, көп жағдайда мұндайға көңіл бөлінбей, құжат тек талап орындалсын деген деңгейде толтырылады. Бұл жағдай мемлекеттік тілдің беделін түсіреді. Өйткені құжаттағы әрбір сөйлем – мемлекеттік органның халықпен қарым-қатынасының айнасы. Сауатсыз жазылған іс қағазы қоғамға да, жас ұрпаққа да дұрыс үлгі бола алмайды. Сондықтан Президент сөзі тек ұран емес, нақты әрекетке бастайтын бағдар болуы тиіс. Мемлекеттік органдар іс қағаздарын сапалы жүргізуді басты міндет санап, қызметкерлердің тілдік біліктілігін арттыруға күш салуы қажет. Сонда ғана қазақ тілі шынайы түрде мемлекеттік басқару тіліне айналады.
Жақында қаламызда өткен тіл саясатына байланысты семинар барысында құқық қорғау мекемелерінің өкілдері мен кәсіпкерлер қазақ тіліндегі ресми құжаттарды толтыруда әлі де қиналатынын, әсіресе тілдік сауаттылықтың жеткіліксіздігі кедергі болып отырғанын жасырмады. Мәселен, көптеген кәсіпкерлер құжат тапсыруда немесе ресми хат алмасуда қазақ тілінде еркін жаза алмай, қате жіберіп жатады. Кей жағдайда мемлекеттік тілдің орнына орысша нұсқасына сүйеніп, калька аудармаға жүгінеді. Семинар барысында мамандар бұл мәселеге ерекше тоқталды.
Бүгінде мемлекеттік органдар мен ұйымдарда құжат толтырудың жаңа стандарттары енгізіліп, қазақ тілінің ресми іс жүргізудегі сапасына назар аударылып келеді. Бұл қадам – тілдің мәртебесін нақты іспен көтерудің жолы. Құжаттағы сауаттылық – тіл мәдениетінің айнасы. Демек, әрбір маман мемлекеттік тілде дұрыс жазуға, ойды нақты әрі түсінікті жеткізуге дағдылануы қажет.
Қазақ тілінің мәртебесін биіктету – заңмен ғана емес, тәжірибеде сауатты қолданумен жүзеге асады. Ол үшін әрбір мекеме тіл мамандарын тартып, құжат айналымында қазақ тілінің сапасына баса мән бергені жөн. Сонда ғана мемлекеттік тіл беделі артып, қоғамда лайықты орны нығаяды.
Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының қазақ тілі мұғалімі Айткүл Жұмабаеваның айтуынша, дұрыс аударма мен мазмұн сәйкестігі – мемлекеттік тілдің беделін арттыратын негізгі тетік. Соңғы жылдары жиі кездесетін калька аудармалар қазақ тілінің табиғи болмысына нұқсан келтіріп, жұртшылық арасында түсінбеушілік туғызып жүр.
– Дұрыс аударманың рөлі сөзбе-сөз аудару емес, ең бастысы оның мән-мағынасын жеткізу. Қостілділік біздің байлығымыз. Бірақ, егер дұрыс аударма жасалмаса, мазмұн сәйкестігі сақталмаса, ол артықшылық емес, керісінше кедергіге айналады. Сондықтан бізге нақты шешімдер қажет. Біріншіден, кәсіби аудармашылар мен редакторларды тартуымыз керек. Екіншіден, жүйелі терминологиялық база қалыптастыру маңызды. Үшіншіден, контекске бейімделген сапалы контент жасауға көңіл бөлуіміз керек. Төртіншіден, мемлекеттік және бизнес сектордағы тіл саясатын жетілдіруіміз қажет. Бұл ретте бізге қолжетімді сайттар да бар. Мысалы, termincom.kz – ғылым, білім, техника мен экономикада қолданылатын терминдердің бірыңғай республикалық электронды базасы. Ал emle.kz – сөздеріміздің дұрыс жазылуын көрсететін электронды анықтамалық. Міне, осылай біз дұрыс әрі сапалы аударма арқылы тіліміздің дамуына, қоғамдағы қолданысына оң әсер ете аламыз, – дейді Айткүл Жұмабаева.
Сол жиында жарнама агенттіктері мен кәсіпкерлер арасында ынтымақтастық орнату жайы да назардан тыс қалған жоқ. Жаңадан енгізілген өзгерістерге сәйкес, алдағы уақытта республикалық маңызы бар қалаларда маңдайша мәтіндерін тіркеу және рұқсат беру рәсімдері қарастырылатын болды. Бұл қадам – көшедегі жазуларды жүйелеу мен сауаттылықты арттыруға бағытталған нақты шара.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 16 қазандағы №914 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында нақты міндеттер жүктелген. Соның бірі – көрнекі ақпарат құралдарының, әсіресе кәсіпкерлік нысан маңдайшалары мен жарнамалық көрсеткіштерде, мейрамхана, дәмхана, асхана сынды қоғамдық тамақтану орындарындағы жарнама, маңдайша, мәзір, баға көрсеткіштері сияқты мәтіндерді мемлекеттік тілде талапқа сай ресімдеу.
Өкінішке қарай, көшелерде кездесетін дүкен атаулары мен кәсіпкерлік нысандардың маңдайшаларында қазақ тілінде өрескел қателер жиі ұшырасады. Қала орталығындағы дүкен атауларының көбі қазақшаланбаған. «Женская одежда», «Beauty House», «Kids Shop», «Fresh Market» сияқты атаулардан аяқ сүрінеді. Мұндай көріністер мемлекеттік тілдің мәртебесін төмендетіп қана қоймай, қоғамда тіл саясатына немқұрайдылықтың қалыптасуына себеп болып отыр.
– 2025 жылдың 7 айы бойынша 16 180 кәсіпкерлік нысан зерделеніп, 2380 нысан иесіне анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұсынымдар берілді. Анықталған кемшіліктердің 120-ы түзетіліп, қалған 2260-ы реттелу үстінде. Бұған қоса «Мадлен», «Мизам», «Nanduk», «Eldoro», «Enfess», «Кәусар бұлақ», «Ankara», «Димаш», «Жеті тандыр» дәмханалары мәзірлерін, көрнекі ақпараттары ретке келтірілді. «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңының 21-бабына сәйкес: Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде, қажет болған кезде орыс тiлiнде және (немесе) басқа тілдерде де орналастырылады. Деректемелер мен көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде — сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн, делінген. Аталған талаптардың сақталмауы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 75-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке алып келеді. Әкімшілік айыппұл мөлшері – лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш. Сонымен қатар, осы жылғы 14 наурызда күшіне енген «Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар нәтижесінде аталған заңның 25-2-бабының 2 тармақшасына сәйкес республикалық маңызы бар қалаларда маңдайшада орналастырылатын «Рұқсаттар және хабарламаларды» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қабылдауды және қарауды жүзеге асыратын болды, – дейді қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бөлім басшысы Мадина Өтепова.
Сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді ең алдымен жарнама мен маңдайшалардан бастау қажет. Өйткені көшедегі көрнекі ақпарат – тұрғындардың күнделікті көзіне түсетін, санаға сіңетін басты фактор. Дұрыс жазылған әрбір маңдайша мемлекеттік тілдің беделін арттырса, керісінше қате жазылған мәтіндер кері әсерін тигізеді.
Мемлекеттік тіл саясаты – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, барша азаматтың ортақ міндеті. Әсіресе кәсіпкерлер өз ісін жүргізуде заң талаптарын сақтай отырып, сауатты маңдайша мен жарнама жасауға мән берсе, бұл қоғамдағы тіл мәдениетінің артуына ықпал етеді. Цифрландыру дәуірінде әрбір мәтіннің дұрыстығы, мазмұн сәйкестігі және мәдени сапасы ерекше мәнге ие. Сондықтан тіл саясатын іске асыруда әкімдіктер, жарнама агенттіктері мен кәсіпкерлер бірлесіп жұмыс атқарса, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге нақты үлес қосары сөзсіз.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА
