Еліміздің қалыптасуы мен даму тарихы, салт-дәстүріміз бен мәдени құндылықтарымыз, ата-бабаларымыздың асыл мұрасы – рухани жаңғырудың қайнар көзі. Тарихты білмей, келешекке қадам баса алмаймыз. Кез-келген елдің даму жолы өткенімен тығыз байланысты.

ХІХ ғасырдың жетпісінші жылдары Орталық Азия мен Қазақстанда археологиялық зерттеулер бастау алды. Сол кездегі ғалымдар қатарында В.Радлов, Н.Веселовский, П.Лерх, В.Бартольд бар еді. Ал, 1920-30 жылдар аралығында еліміздегі археология саласына елеулі еңбек сіңірген Әлкей Марғұлан, Сергей Руденко, Александр Бернштам сынды ғалымдар жетекшілік жасаған экспедициялар Қазақстанның барлық өңірлерінде күрделі археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, маңызды жаңалықтарға жол ашты.
Сайрам – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан көне тарихы бар қалалардың бірі. Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда, мәдени және діни орталық болған Сайрамның тарихы тек археологиялық және жазба деректерге ғана емес, халық арасында ауызша тараған шежіреге де бай. Сайрам қаласының ғылыми түрде зерттелуі ХIХ ғасырдың екінші жартысынан бастау алған. Ресейлік шығыстанушылар, саяхатшылар Сайрам жайлы алғашқы мәліметтерді жинап, жазба деректермен байланыстырады. 1866 жылы зерттеуші А.Гейнс Сайрамдағы көне жәдігерлер туралы айтып өтсе, 1893-1894 жылдары атақты шығыстанушы, ғалым, Санкт-Петербург университетінің профессоры В.Бартольд Орта Азияға сапарында Сайрамда болып, оның архитектуралық ескерткіштері жайлы жазды. ХХ ғасырдың басында Сайрам тарихын зерттеуге П.Иванов, М.Массон үлес қосты. П.Иванов Сайрамның тарихи топографиясы туралы мақалалар жарыққа шығарды. Белгілі археолог, профессор М.Массон 1925 жылы Ташкенттен арнайы тапсырмамен Шымкент өлкелік музейін ашу үшін келеді. Сол кезде оны Сайрам тарихы қатты қызықтырады. Сайрамға жәдігерлер жинақтау мақсатында 2 рет археологиялық қазба жүргізіп, бұл жердің ежелгі жағдайын сипаттау мәселелерімен тыңғылықты айналысып, еңбектерін жазды. 1960-1970 жылдары атақты археолог-ғалымдар У.Шәлекенов пен К.Байпақов Сайрам туралы пікір білдірген. Өз өлкесінің тарихын зерттеп, көпшілікке танытуда көп ізденгендердің бірі, әрі бірегейі журналист, ғалым М.Мірхалдаров жергілікті халықтың қолындағы көне жәдігерлерді жинап, Сайрам музейінің негізін қалап, дамуына сүбелі үлес қосты. Сонымен қатар, Сайрамдағы сансыз бабтар туралы аңыз-әңгімелерді жинақтап, бірнеше кітап шығарды. Ғалым Б.Байтанаевтың жетекшілігіндегі археологтар тобы 2013 жылы Сайрамда қазба жұмысы кезінде күміс және алтын көмбе тапты. Сол бойынша ғылыми еңбектер жарыққа шықты.
Сайрам өңірі әлі де терең зерттеуді, археологиялық қазба жұмыстарын қажет етеді. Ғасырлар қойнауы мен тарих белестерінде қалған бай мұрамызды зерттеу арқылы Сайрам тарихынан сыр шертетін құнды деректер алуға мүмкіндік артар еді.
Б.НҰРҚҰЛОВА,
Шымкент қалалық музейлер бірлестігі
«Сайрам» музейінің аға ғылыми қызметкері
