Соңғы жылдары жастардың бас қосқан отырысы мен көңіл көтеретін орындарының ажырамас атрибутына айналған қорқор көпшілікке сәнді әдет болып көрінгенімен, шын мәнінде оның адам денсаулығына тигізер зияны орасан. Әсіресе, «қорқор темекіден қауіпсіз» деген қате түсінік қоғамда кең таралған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, медицина ғалымдары бірнеше мәрте дәлелдегендей, қорқор түтінінің құрамында никотиннен бөлек, көміртек тотығы, ауыр металдар және ондаған улы қосындылар бар. Ғылыми деректерге сүйенсек, бір рет қорқор шеккен адамның ағзасына түсетін түтін көлемі бірнеше қорап темекіге тең. Бұл тек тыныс алу жүйесіне ғана емес, жүрек-қан тамырларына, иммунитетке, тіпті, болашақ ұрпақ денсаулығына да әсер етеді. Өкінішке қарай, жастардың көбі мұны біле тұра, «қорқорды темекіден жеңіл» деп қабылдайды.

Заң бар, бірақ, қадағалау аз…
Қазақстанда қоғамдық орындарда қорқор шегуге тыйым 2020 жылдан бері заңды түрде күшінде. Алайда, шынайы өмірде бұл талаптың орындалуы көңіл көншітпейді. Мейрамхана, түнгі клуб, бар, shisha bar сынды орындарда, тіпті, жазғы террассаларда да қорқор түтіні еркін тарап жатады.
Тыйымның аяқасты болуына айыппұлдың тым аздығы себеп сияқты. Мамандардың айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 441 бабына сәйкес, кальянды қоғамдық орында тұтынғаны үшін жеке тұлғаға 15 айлық есептік көрсеткіш 55 380 теңге айыппұл салынады. Егер бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 20 АЕК-ке, яғни, 73 840 теңгеге дейін өседі. Қала кафелерінде бір реттік дайындалған қорқор бағасы 5 мың теңгеден жоғары тұрады. Заң бойынша жауапкершілік тек тұтынушыға ғана жүктелген. Ал, қорқор ұсынған бизнес иелері еш жазаланбайды. Сондықтан мейрамханалар мен барлар қорқорды ашық жарнамалай береді. Тіпті, 2GIS қосымшасының картасының өзінде «Кальян бар орындар» деген бөлік көрсетіледі. Осы олқылықты жою үшін биылғы наурыз айында Денсаулық сақтау министрлігі жаңа бастама көтерді: қорқор ұсынатын қоғамдық тамақтану орындарының иелеріне де айыппұл салу мәселесі қарастырылып жатыр.
Шымкент қаласында да бұл заңбұзушылықтар жиі тіркеледі. 2025 жылғы 20 тамызға дейінгі деректер бойынша 441-баптың талаптарын бұзу бойынша 1887 құқық бұзушылық анықталған. Ресми дерекке сүйенсек, құқық бұзушылықтардың 1216-сы баптың бірінші бөлігі, 33-і екінші бөлігі, ал 638-і үшінші бөлігі бойынша тіркелген. Барлығы 82 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Оның ішінде бірінші бөлік бойынша – 44 миллион, үшінші бөлік бойынша – 35 миллион теңге айыппұл өндірілген.
– Әкімшілік кодекстің 441-бабында нақты көрсетілгендей, қоғамдық орындарда темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салынған. Оған қыздырылатын темекі, кальянға арналған қоспалар, электронды темекілер мен оларға арналған сұйықтықтар да кіреді. Заң талаптары ең алдымен қоғамдық тамақтану орындары мен түнгі клубтарда, сондай-ақ жастар жиналатын демалыс орындарында денсаулықты қорғауды көздейді. 842 әкімшілік іс 1-2 бөлігі бойынша тіркелсе, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеті үшін 23 адамға айыппұл салынған. Жұмыс берушiнiң темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды бұл үшiн арнайы айқындалмаған орындарда тұтынатын адамдарға шаралар қолданбауы, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға жиырма бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне алпыс айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді. Бұл бойынша 430 іс тіркелген, – дейді Шымкент қаласы әкімшілік және атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры Ораз Жасұлан.
Сонымен қатар, ол жұмыс берушілердің де жауапкершілігіне тоқталды. «Кейбір кәсіпкерлік нысандарында арнайы белгіленбеген орындарда қызметкерлердің темекі тұтынуына көз жұма қарау фактілері кездесіп отыр. Мұндай жағдайда жұмыс берушінің өзі де айыппұл арқалайды. Бұл – заң талабы», – дейді маман.
Айта кетейік, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 110-бабының 5-бөлігіне сәйкес, темекі өнімдерін білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында, қоғамдық тамақтану орындарында, мәдениет нысандарында, спорт кешендерінде, сондай-ақ түнгі клубтар мен дискотекаларда тұтынуға қатаң тыйым салынған.
– Бұл нормалар қоғамның денсаулығын қорғау үшін енгізілген. Әсіресе, жастар мен балаларға зиянды әдеттің таралуына жол бермеу – біздің ортақ міндетіміз, – деді сала өкілі сөзін қорытындылай келе.
қорҚордың түтіні – жасырын қауіп
Қорқор түтінінің зияны туралы медицина өкілдері де нақты деректер келтіреді. Тыныс алу жүйесіне зақым келтіріп, өкпе ауруларын қоздырады, тыныс жолдарының қабынуына әкеледі. Никотин қан қысымын көтереді, жүрекке салмақ түсіреді. Иммундық жүйені әлсіретіп, инфекцияға жол ашады. Ұзақ мерзімді тұтыну қатерлі ісікке себеп болуы мүмкін. Тізе берсек өте көп.
– Қоғамда қорқор темекіден әлдеқайда қауіпсіз деген қате түсінік қалыптасқан. Шын мәнінде, қорқор арқылы адам ағзасына темекіден де көп зиянды заттар түседі. Бір рет қорқор шеккен адам шамамен 100-200 темекіні қатарынан шеккендей көлемде түтін жұтады. Оның құрамында көміртек тотығы, никотин, шайыр, ауыр металдар бар. Бұлар өкпенің, жүрек-қан тамырлары жүйесінің, асқазан мен бауырдың созылмалы ауруларына әкеледі. Көпшілік орында қорқорды жастар достарымен бірге отырып қолданатындықтан, инфекциялық аурулардың таралу қаупі де жоғары. Бір мундштукті бірнеше адамның кезекпен қолдануы – туберкулез, гепатит, герпес сияқты аурулардың берілуіне жол ашады. Сондықтан кальянды мүлде қауіпсіз деуге болмайды. Қорқорды тұтынудың ешқандай қауіпсіз түрі жоқ. Одан болатын зиянды азайту мүмкін емес. Сондықтан ең басты кеңес – кальяннан мүлде бас тарту, – дейді Шымкент қаласы Психикалық денсаулық орталығының дәрігері, жоғары дәрежелі нарколог Баймұрынова Раушан.
Сонымен қатар, дәрігер кальянға әуестенудің жасөспірімдер арасында көбейіп келе жатқанына алаңдаулы. «Қорқордың тәтті иісі мен жеңіл дәмі жастарды тартып, тәуелділікке жетелейді. Бұл кейіннен темекіге, одан әрі есірткіге тәуелділіктің бастауына себеп болуы мүмкін. Біз осыған қоғам болып назар аударуымыз керек», – дейді нарколог.
Қорқорды жиі тұтынатын жастар арасында тыныс алу ауруларының көрсеткіші темекі шегетіндерден кем түспейді. Ең бастысы, қорқордың түтіні тек тұтынушыға емес, оның жанында отырғандарға да әсер етеді.
Әрине, қорқордың зиянын күнде айтып, тыя алмасымыз анық. Сарапшылар қорқорға қатысты тыйымның тиімді орындалуы үшін бірнеше ұсыныс айтады. Бірінші, заңды күшейту. Айыппұл мөлшерін арттырумен қатар, қорқор ұсынған кәсіпкерлерді де жауапқа тарту. Сонымен қатар, қоғамдық бақылау. Заңбұзушылықты көрген тұрғындар бейжай қалмай, тиісті органдарға хабарлауға дағдылану қажет. Ақпараттық жұмыс. Әсіресе, жастарға қорқордың зияны туралы түсіндіру науқандарын күшейту. Жастарды спорт, өнер, мәдени демалысқа баулу арқылы зиянды әдеттің алдын алу.
Парламент пен Үкімет елімізде вейптерді шетелден әкелуге, өндіруге және сатуға толық тыйым салу туралы шешім қабылдап, халық денсаулығын қорғау жолында игі қадам жасады. Бұл бастама Қазақстанды зиянды әдеттерге қарсы күресте өзге мемлекеттерге үлгі етерлік деңгейге көтерді. Ендігі міндет – дәл осындай табандылықты қорқорға қатысты да қолдану. Өйткені кальян да вейп секілді жасөспірімдер мен жастар арасында тез таралып, тәуелділікке әкеліп отыр. Егер мемлекет тарапынан кешенді шаралар қолға алынса, қоғам денсаулығына төнген үлкен қауіптің алдын алуға мүмкіндік бар.
Қорыта айтқанда, кальян – сәнді әдет емес, жасырын қауіп. Оның түтіні тек денсаулықты құртпайды, сонымен қатар қоғамды зиянды дағдыға үйретеді. Сондықтан «қорқордың қорлығынан» құтылу үшін әрбіріміз заңға да, өз денсаулығымызға да бейжай қарамауымыз керек.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА
