Редакция таңдауы

ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУДА ӘДІЛЕТТІЛІКТІ АРТТЫРАТЫН ЖАҢА МОДЕЛЬ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы Жолдауында әлеуметтік саясаттың негізгі мәселелеріне кеңінен тоқталып өтті. Президенттің айтуынша, мемлекет негізгі міндеттерінен бас тартпайды, бірақ, әлеуметтік жеңілдіктерді орынсыз көбейту елдің дамуына бағытталуы тиіс қаржының тиімсіз жұмсалып, желге ұшуына әкеп соқтырады.

Расында, Қазақстан әрқашан әлеуметтік мемлекет ретінде танылып келеді әрі өзінің әлеуметтік міндеттемелерін толық орындап отыр. Атап айтқанда, Қазақстанда аз қамтылған отбасыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, асыраушысынан айырылғандарға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемлекет тарапынан бірқатар әлеуметтік көмектер мен қолдаулар көрсетіледі. Бұл көмектер халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғауға бағытталған.

Атап айтар болсақ, аз қамтылған отбасыларға табысы кедейлік шегінен төмен болған жағдайда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) беріледі. 2025 жылы кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызын құрайды. Көмек мөлшері отбасы мүшесінің табысы мен кедейлік шегі арасындағы айырмашылық есебімен тағайындалады. Бұған қоса, АӘК алатын отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына қосымша ай сайынғы жәрдемақы төленеді, оның мөлшері 5 800 теңгеге дейін өсті. Еңбекке қабілетті отбасы мүшелері міндетті түрде жұмыспен қамту шараларына қатысуы тиіс.

​Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға ерекше қолдау көрсетіледі. Баланы асырап алушы немесе қамқоршылыққа алған отбасыларға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы беріледі, оның мөлшері 2025 жылы 40 000 теңгеге дейін өсті. Бұл балалар мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелерінде тегін тамақпен және оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі, ал, жоғары оқу орындарында мемлекеттік гранттар мен жатақханада орын алуға мүмкіндігі бар.

​Асыраушысынан айырылған отбасыларға жалпы жәрдемақы тағайындалады. Бұл жәрдемақының мөлшері қайтыс болған асыраушының табысына байланысты есептеледі, бірақ 2025 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызынан кем болмауы тиіс. Сонымен қатар, асыраушының зейнетақы қорындағы жинақтары мұрагерлеріне төленеді.

​Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 2025 жылы мүгедектік топтарына байланысты мемлекеттік жәрдемақының мөлшері өсті. Атап айтқанда, I топ мүгедектігі бойынша 120 000 теңге, II топ бойынша 95 000 теңге, III топ бойынша 65 000 теңге төленеді. Бала кезінен мүгедектерге арналған жәрдемақы 70 000 теңгеден 95 000 теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл азаматтар медициналық көмекпен, дәрі-дәрмектермен, протездік-ортопедиялық бұйымдармен және арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, 2025 жылы мүгедектер арбасынан түспей кіріп-шығуға мүмкіндігі бар жеңіл көліктерді сатып алуға жеңілдіктер беру бағдарламасы іске қосылды. Мемлекеттің бұл әлеуметтік қолдау шаралары Қазақстанның әлеуметтік саясатының басты бағыттарын көрсетеді, яғни, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және олардың қоғам өміріне белсенді қатысуына жағдай жасауға бағытталған.

Президенттің Жолдауда айтқанындай, мемлекет бұл міндеттерінен ешқашан бас тартпайды. Шын мұқтаж жандарға әрқашан көмек көрсетіле береді. Бірақ, дені сау, он екі мүшесі түгел кейбір азаматтар тер төгіп, адал еңбек етудің орнына сан түрлі айла-шарғымен мемлекеттің әлеуметтік көмектеріне ілініп алып, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүріп, күнелткісі келеді. Ендігі жерде мемлекет мұндай пайдакүнемдік пен масылдыққа жол бермейді.

Мемлекет басшысы Жолдауда «Әлеуметтік масылдық пен алаяқтыққа кемінде 15 жыл бойы жол бердік. Отбасы мүшелерінің барлығы дерлік жәрдемақы алатын болса, жұмыс істеудің не қажеті бар?» деді. Осы орайда, Қ.Тоқаев демографиялық үрдістерді терең зерттеп, ұзақ мерзімге арналған тиімді шешімдер қабылдау қажет екенін айтты.

Үкіметтің басты назары Жолдаудың негізгі қағидаттарын іс жүзіне асыруға бағытталған. Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету шеңберінде мемлекеттік қолдаудың проактивті және атаулы моделіне көшу жүзеге асырылып жатыр, барлық азаматтар үшін тең мүмкіндіктері бар инклюзивті орта қалыптастырылады. Экономикалық өсуге жәрдемдесу мақсатында нәтижелі жұмыспен қамтуды ынталандыру, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және сапалы жұмыс орындарын құру жөніндегі шаралар кешені де жүзеге асырылады. «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауды күшейтуде, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуде және сындарлы әлеуметтік әріптестікті дамытуда көрініс табады.

Қазақстанда әлеуметтік қолдау саясаты қоғамдағы ең өзекті бағыттардың бірі болып қала береді. Мемлекет халықтың әл-ауқатын жақсартуды, мұқтаж жандарды қолдауды стратегиялық міндет етіп қойды. Соңғы жылдары бұл салада бірқатар жаңашылдықтар енгізілді. Солардың ең ауқымдысы – отбасылардың тұрмыстық деңгейін анықтайтын скорингтік модель.

Қазіргі таңда жаңа үлгі Қарағанды облысы мен Шымкент қаласында пилоттық жоба ретінде іске қосылды. Бұл жүйе тек материалдық жағдайды ғана емес, сонымен бірге отбасылардың әлеуметтік мүмкіндіктерін, демографиялық жүктемесін және жасырын табыстарын ескере отырып, мұқтаждықты әділ айқындауға бағытталған.

Скоринг – бұл отбасының өмір сүру деңгейін деректер арқылы бағалайтын цифрлық әдіс. Жүйе төрт негізгі компонентке сүйенеді. Бірінші материалдық жағдай. Бұл – отбасының табысы мен қолындағы мүлкі. Яғни ай сайынғы кірісі қанша, қандай үйі, көлігі бар, қарыздары бар ма – бәрі есепке алынады. Осы көрсеткіш отбасының қаржылай тұрғыдан қаншалықты тұрақты екенін көрсетеді.

Екінші материалдық емес факторлар. Бұл – ақшамен өлшенбейтін, бірақ өмір сапасына тікелей әсер ететін жағдайлар. Мысалы, отбасы мүшелерінің денсаулығы, білім алу мүмкіндігі, жұмысқа орналасуы мен спортпен немесе мәдениетпен айналысуға қолжетімділігі. Сондай-ақ отбасында мүгедек жан, қарт кісі немесе жалғыз басты ата-ана болса, ол да ескеріледі екен.

Үшінші тәуелділік жүктемесі. Бұл – отбасындағы жұмыс істейтіндер мен жұмыс істемейтіндердің арақатынасы. Егер үйде еңбекке қабілетті, табыс табатын адамдар аз, ал асырауында бала, зейнеткер немесе мүгедек көп болса, мұндай отбасының әлеуметтік жүктемесі жоғары деп есептеледі.

Төртінші жасырын табыс. Бұл – отбасы ресми түрде көрсетпеген, бірақ өмір сүру деңгейіне әсер ететін кірістер. Мысалы, бейресми жұмыстан түскен ақша, салық органдарына тіркелмеген жалға беруден түскен табыс. Бұл көрсеткіштерді жан-жақты талдау арқылы мемлекет шынымен көмекке мұқтаж жандарды анықтап, оларға атаулы қолдау көрсете алады.

Жаңа жүйе әр отбасының тұрмысын бірдей қарастырмайды, жағдайына қарай алты деңгейге бөледі. Бірінші деңгей – ең ауыр халдегі отбасылар, тіпті күнделікті асқа ақшасы жетпейді. Екінші деңгей – тек тамаққа әрең жетеді, ал киім-кешек алу қиын. Үшінші деңгей – азық-түлік пен киімге қаражат бар, бірақ тоңазытқыш, кір жуғыш машина сияқты тұрмыстық техниканы алу қолжетімсіз. Төртінші деңгей – тұрмысы біршама жақсы, ұзақ уақыт пайдаланылатын тауарларды сатып алуға шамасы жетеді, бірақ жаңа көлік алу қиын. Бесінші деңгей – әл-ауқаты ортадан жоғары, көлік сатып ала алады, бірақ пәтер немесе үй алуға мүмкіндігі жетпейді. Алтыншы деңгей – тұрмысы өте жақсы, қосымша пәтер немесе үй алуға қаржысы жеткілікті отбасылар. Яғни, алтыншы деңгейдегі отбасыларға қосымша көмек көрсетілмейді, ал бірінші мен бесінші деңгей аралығындағы азаматтар қолдауға ие болады.

–  Жаңа модель тек қағаз жүзінде қалмай, нақты қызмет көрсетуге енгізілді. Шымкентте қазірдің өзінде 11 мемлекеттік қызмет скоринг жүйесі арқылы ұсынылуда. Олардың қатарында студенттерге жатақхана беру, аз қамтылған оқушыларды тегін тамақтандыру, мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға шығындарды өтеу, жазғы лагерьге жолдама беру, жалға алған пәтер үшін төлемді субсидиялау, тұрғын үй көмегін тағайындау, спортшылар мен жаттықтырушыларға материалдық қамсыздандыру төлеу сияқты қызметтер көрсетіледі. Жүйе отбасының әлеуметтік мәртебесін автоматты түрде бағалап, мұқтаждық деңгейін анықтайды. Мұндайда азаматқа көмек алу үшін SMS арқылы келісім беру жеткілікті, – дейді Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева.

Жақында әлеуметтік желіде көпбалалы аналардың, 4 баладан жоғарыларға берілетін жәрдемақы тоқтайды екен деген әңгіме желдей есті. Дегенмен мамандар жаңа жүйе енгізілгенімен, қолданыстағы республикалық жәрдемақылар жойылмайды дейді.

– 41 түрлі төлем бұрынғыдай жалғасады. Оған базалық және ынтымақты зейнетақылар, бала күтімі бойынша жәрдемақылар, көп балалы аналарға қолдау, мүгедектікке байланысты төлемдер кіреді. Скорингтік модель – тек қосымша атаулы көмек тетігі. Ол жергілікті бюджет есебінен бөлініп, әлеуметтік әділеттілікті күшейтуді көздейді. Жүйенің артықшылықтары айқын. Шынымен мұқтаж жандарға қолдау көрсетіледі. Әлеуметтік теңсіздікті азайтады. Мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуына жол ашады. Көлеңкелі табыстарды ескеріп, «жалған кедейліктің» алдын алады. Ең бастысы, жүйе әлеуметтік қиындықтардың салдарымен емес, себептерімен күресуге мүмкіндік береді. Шымкентте табысы аз отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек жыл сайын мыңдаған адамды қамтиды. Биылдың өзінде 4 649 отбасы қолдауға ие болды. Бірақ бұрын мұндай көмекті кімге беру керегін анықтау үшін көп құжат жинау, есеп-қисап жасау қажет болатын. Ал қазір енгізіліп жатқан жаңа скорингтік жүйе осы процесті жеңілдетіп, нақты мұқтаж жанды дәл табуға мүмкіндік береді. Яғни, отбасының табысы мен мүлкі ғана емес, денсаулығы, жұмысқа жарамды мүшелердің саны, тіпті жасырын табыс көздері де есепке алынады. Соның арқасында көмек шын мәнінде қажет отбасыларға бағытталып отыр.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін қолдауда да осы тәсілдің пайдасы бар. Бұрын өтініш берушілердің бәрі бірдей кезекке тұратын, ал қазір скорингтік модель олардың жағдайын саралап, қайсысына жедел қолдау керегін анықтауға көмектеседі. Мәселен, мүгедектігі бар азаматтарға қажетті құрал-жабдықтар мен қызметтер әлеуметтік портал арқылы беріледі. Енді жаңа жүйенің арқасында бұл қолдау кімге басымдықпен қажет екені автоматты түрде айқындалып, бюджет қаражаты әділ әрі тиімді жұмсалмақ, – дейді Жанат Өмірсейітқызы.

Жоба бойынша министрлік азаматтардың дербес деректерін қорғауға ерекше мән береді. Барлық ақпарат «Электрондық үкімет» жүйесінің қорғалған контурында өңделеді. Азаматтың жеке деректері тек ресми келісім берген жағдайда ғана қолжетімді болады.

Жоба бойынша Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау жүйесі FSM Social мобильдік қосымшасы арқылы жүзеге асады. Ол атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде отбасылардың материалдық жағдайына зерделеу жүргізетін учаскелік комиссиялардың жұмысын автоматтандыру мақсатында әзірленген. Бұл мобильдік қосымшаны жеке азаматтар пайдаланбайды. Тек учаскелік комиссияның құрамына беріледі. Нақтылап айтсақ, атаулы әлеуметтік көмекке өтініш түскен кезде тұрғылықты жері бойынша ауылдық округ, мансап орталығы, портал арқылы өтініш береді. Өтініш қабылданғаннан кейін учаскелік комиссияға отбасын зерделеуге тапсырма беріледі. Бұрын мұның барлығы қағаз түрінде болатын. Енді бұл жүйе автоматтандырылғандықтан, мәлімет атаулы әлеуметтік көмек туралы ақпараттық жүйеден округтегі учаскелік комиссия төрағасына сигнал түседі. Оны қосымша арқылы басқа да комиссия мүшесі қарап, растайтынын немесе келісім бермейтінін қолтаңбасын қою арқылы жібереді. Ең соңғы шешімді уәкілетті орган — жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері шығарады.

– Қазіргі жағдайы бойынша жүйеде 242 мемлекеттік ұйымнан, 1 310 пайдаланушы, мобильді топ мүшелері үшін есептік жазбалар ашылып, жұмыс жүргізіліп жатыр. Жүйе іске қосылғалы бері Шымкентте 2 260 отбасы туралы ақпарат тіркелген. Оның ішінде 1 817 отбасы кеңес алған, ал мемлекеттік мекемелерден түскен 443 сигналдың басым бөлігі орындалып үлгерді. Әлі де 177 іс бойынша жұмыс жүргізілуде. Жоба отбасыларға әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсетіп қана қоймай, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, балалар мен аналардың құқығын қорғауға бағытталған. Ең бастысы – әрбір мекеме мен маман дер кезінде ақпаратпен бөлісіп, нақты әрекет етуге мүмкіндік алып отыр. Тек соңғы тексеру науқанының өзінде 1 840 отбасы қайта қаралып, соның 659-ына нақты көмек шаралары ұйымдастырылды. Ал 1 181 отбасының тұрғылықты мекенжайда тұрмайтыны анықталды. Бұл әлеуметтік көмектің шын мәнінде кімге қажет екенін айқындауға жол ашып отыр, – дейді Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Отбасын қолдау орталығы» КММ директорының орынбасары Әбдішакир Икрамхан.

Әлеуметтік саладағы скорингтік модель – Қазақстан үшін тың қадам. Ол халықаралық тәжірибені ескере отырып жасалғанымен, еліміздің ерекшелігіне бейімделген.

Бұл бастама әлеуметтік саясаттың әділдігін арттырып қана қоймай, мұқтаж жандарға қолдауды дер кезінде жеткізуге мүмкіндік береді.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win