Редакция таңдауы

«Мың жүйрік» мәреге жетті

«Мың жүйрік» байқауы мәреге жетті. Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен республикалық байқау биыл төртінші рет өтуде.

Аталмыш жоба Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын іске асыру, қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі ретінде қалыптасуына ықпал ету, Қазақстандағы этнос өкілдері балаларының қазақ тілін үйренуге құлшынысын арттыру мақсатында қолға алынған.
Байқауға қатысушылар қазақ тіліндегі ертегілермен танысып, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын және өзі туып-өскен өлкесін қазақ тілінде таныстырып, бейнетүсірілім арқылы байқауға қатысуға өтініш қалдырған. Ағартушылық жобаға республиканың түкпір-түкпірінен 600-ден астам өзге этнос баласы қатысып, ережеде көрсетілген талаптарға сай 4 кезең бойынша өнер көрсеткен.
Қазылар алқасы қатысушы үміткерлердің өнерін жан-жақты сараптай келе, олардың ішінен ережеге сай келетін 10 баланы таңдап, жүлдеге ұсынды.
– Биыл «Мың жүйрік» ағартушылық байқауы қаламызда төртінші рет өткізіліп отыр. Жобаға қызығушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2021 жылы байқауға 100-ге жуық жасөспірім қатысса, 2022 жылы – 300-ге, ал, 2023 жылы 575 балаға жетті. Осы байқауға қатысуға ниет білдірген жастардың саны осы жылы 600-ден асып отыр. Байқау 4 кезеңнен тұрады. Қатысушылар «Ертегі әлеміне саяхат», «Тұлғалар тағлымы», «Мен ұнататын мамандық» және «Туған өлкеге тағзым» тақырыптары бойынша тапсырмалар орындап, сынға түсті, – дейді «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нұркен Әлімқұлов.
Қатысушыларды іріктеу 12 қараша-4 желтоқсан аралығында онлайн-форматта өткен. Қазылар алқасының шешімімен Жамбыл облысы, Жуалы ауданы «Нұрлы ұрпақ» балабақшасының тәрбиеленушісі Карина Ефремова жүлделі І орынға ие болды.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар