Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында: «Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Ірі инвесторлармен қатар орта және шағын инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. Қаражаттың қай бағытқа, қандай мақсатпен және қанша көлемде қажет екенін нақты білу қажет» деп атап өтті.
Осы орайда Шымкент қалалық Кәсіпкерлер палатасында Мемлекет басшысының Жолдауын талқылау және түсіндіру бойынша арнайы жиын өтті. Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов, Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев, Shymkent Invest – Front Office директоры Дінмұхамед Зиятбеков және кәсіпкерлер қатысып, жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
– Президент Жолдауында кәсіпкерлікке, инвестиция тартуға, жалпы, экономиканы дамытуға баса назар аударылды. Бүгінде Шымкент қаласында өнеркәсіпті, оның ішінде өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестиция тарту бойынша әкімдік тарапынан ауқымды жұмыс атқарылуда. Арнайы экономикалық аймақтар мен индустриалды аймақтар құрылып, кәсіпкерлерге бизнесін дамытуға жағдай жасалып жатыр. Қала аумағындағы 7 өндірістік алаңның жалпы аумағы 1276 гектарды құрайды. Осы орайда өз ойларыңыз бен ұсыныстарыңызды тыңдауға арнайы жүздесіп отырмыз, – деді кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Е.Тұрманов.
Жиын барысында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардың жауабын алды. Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев қазақстандық өндірушілердің сертификатына байланысты ақпарат бөлісті, ал Shymkent Invest – Front Office директоры Дінмұхамед Зиятбеков инвестициялық жобалар бойынша сұрақтарға жауап берді.
Тағабай ҚАСЫМОВ