Шымкент халықаралық әуежайында Жапонияның Нагасаки қаласында өткен VI халықаралық Madama Butterfly опера әншілері байқауында топ жарған қалалық Опера және балет театрының солисі Жадыра Абдулаеваны күтіп алу үшін өнер сүйер қауым, жерлестері мен театрдағы әріптестері жиылды. Көпшілік әншіні гүл шоқтарымен қарсы алып, өнердегі жеңісіне айрықша құрмет көрсетті.
Әнші Жапонияның Нагасаки қаласында өткен VI халықаралық Madama Butterfly опера әншілері байқауында І орынды жеңіп алды. Әлемнің түкпір-түкпірінен қатысқан 300-ге жуық кәсіби вокалистің ішінен суырылып шығып, ақтық сынға өткен 8 үміткердің арасынан үздік атанған Жадыра шаһардың ғана емес, елдің мақтанышына айналды. Әріптестері айтқандай, бұл – Шымкенттің опера өнері үшін ғана емес, Қазақстанның мәдениет әлеміндегі тарихи жетістік. Ал осы жеңістің артында үлкен еңбектің, талмай ізденудің, сондай-ақ ұстаздық қамқорлықтың тұрғанын айта кеткен жөн. Әншінің байқауға дайындалуына және қатысуына Қазақстанның Халық әртісі, Шымкент қалалық опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызы тікелей қолдау көрсеткен екен.
Бүгін шәкіртін күтіп алуға барған Халық әртісі де әншіден артық толқып, көзіне жас алды. «Джакомо Пуччинидің әлемге әйгілі «Мадам Баттерфляй» операсына арналған халықаралық конкурс биыл пандемиядан кейін алтыншы рет қайта жалғасын тапты. Бұл шығарма Жапонияның Нагасаки қаласындағы тарихи оқиғаларға негізделген. Сондықтан байқаудың да дәл осы қалада өткізілуі тегін емес. Биылғы сайысқа 300-ге жуық әнші өтініш берген. Соның ішінде 41-45 өнерпаз іріктеліп, Нагасакиге шақырылды. Ал, ақтық сынға сегіз әнші жолдама алды. Финалда ерекше толқынысты сәттер көп болды. Біз тыңдаған бір жапон әншісі жүректі баурап алғаны соншалық, көпшілік оны жеңімпаз болады деп ойлады. Дегенмен, негізгі бас жүлдені біздің шәкіртіміз – Жадыра жеңіп алды», – деді Майра Мұхамедқызы. Сондықтан ол әуелде өзі де, әнші де бірінші орын алғанын білмей қалғанын айтады. «Сахнада марапатты алып бара жатқан сәтінде қазылар да, көрермендер де оның эмоциясын аңдай алмай абдырап қалды. Кейін ғана ұстазы ретінде мен сүйіншілеп «Сен І орынды алдың!» деп айтқанда, ол өзінің жеңісін сезінді. Бұл біз үшін үлкен мәртебе», дейді театр директоры.
Осы байқауда Жадыраның өнерін жапондық көрермендер де, қазылар алқасы да ерекше жоғары бағалапты. Тіпті олар «Сіздер шығарманы терең түсініп орындайсыздар, қандай керемет!» деп алғыстарын жаудырған. Осы жеңісінен кейін-ақ көптеген театр мен фестивальден арнайы ұсыныстар түсіпті. Сондай-ақ Токио опера театры, Нагасаки әкімдігі де арнайы құттықтап, Жадыраның жеңісін жоғары бағалаған.
«Мен өзім кезінде осы операны орындағандықтан, оның қай жерінің қиын екенін, қалай айту керегін жақсы білемін. Сондықтан шәкіртіме «бар күшіңді сал, финалда бар өнеріңді көрсет» деп кеңес бердім. Нәтижесінде еңбегі жемісін берді. Бұл жеңіс тек Жадыраның емес, бүкіл қазақ өнерінің абыройы» дейді Майра Мұхамедқызы.
Ал әншінің өзін бұл жеңіс оған күтпеген қуаныш болғанын айтады.
«Бұл жеңіс ең алдымен еліміздің жеңісі. Сондай-ақ, ұстаздарыма мың алғысымды білдіремін. Әсіресе, мені Жапонияға бастап апарып, байқауға қатысуыма себепші болған Майра Мұхамедқызына шексіз ризамын. Маған орын бергенде қатты таң қалдым. Өйткені жапон қызын сахнаға шақырғанда, оны жеңімпаз деп ойлап, қуана қол соқтым. Кейін оның көрермендер таңдауы бойынша марапатталғанын білдім. Ал І орынды маған бергенде тіпті түсінбей қалдым. Себебі осы уақытқа дейін бірнеше байқауларда бақ сынап, ақтық сынға да ілінбей келген едім. Сондықтан мен үшін бұл өмірімдегі ең ерекше сәттердің бірі болды», – дейді Жадыра Абдулаева.
Өйткені өнер иесі осы жетістікке жету үшін ұзақ уақыт бойы тынымсыз еңбектеніп, демалыс дегенді мүлде білмей, күні-түні дайындалған. Сонымен қатар ол осы жолда қолдау көрсеткен ұстазы Зәмзәгүл ханымға да, концертмейстерлерге, Шымкент қаласының Мәдениет басқармасына және театр ұжымына үлкен алғысын айтты. Оның айтуынша, бұл тек әншінің ғана емес, ұжымның ортақ табысы.
Жадыра МҮСІЛІМ