Қазіргі заманның ең өзекті мәселелерінің бірі – қоршаған ортаның ластануы мен соның салдарынан туындайтын экологиялық қиындықтар. Әсіресе, Шымкент секілді ірі қалаларда бұл проблема ерекше мәнге ие. Күн сайын мыңдаған тонна қоқыс жиналып, ауаның, судың, топырақтың ластануы табиғатқа да, адам денсаулығына да зиянын тигізуі мүмкін. Осындай жағдайда экологиялық мәдениетті қалыптастыру – тек билік органдарының ғана емес, әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс міндет. Қала тазалығын сақтау – өзіміз тұратын ортаны құрметтеу мен болашақ ұрпаққа деген қамқорлықтың көрінісі.
Экологиялық мәдениет – бұл адамның табиғатпен үйлесімді өмір сүру дағдылары мен саналы қатынасы. Бұл ұғымға тек қоқыс тастамау немесе ағаш отырғызу ғана емес, сонымен қатар, қоршаған ортаға зиян келтірмейтін өмір салтын ұстану, табиғатты қорғау жөніндегі білім мен тәртіп те кіреді. Әр адам өз іс-әрекетінің табиғатқа қалай әсер ететінін түсініп, соған сәйкес әрекет етуі тиіс.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасына сәйкес елімізде экологиялық мәдениетті дамыту және қоршаған ортаны қорғау бағытында жүйелі шаралар атқарылып келеді. Осы орайда, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты «Taza Qazaqstan» жалпыұлттық акциясы аясында республикалық Road-эстафетасын ұйымдастырды. Жобаға Экология және табиғи ресурстар министрлігі қолдау білдірді.
Жуырда Алматыдан басталған эстафета қатысушылары шамамен 800 шақырым жол жүріп, Жамбыл облысы арқылы Шымкентке жетті. Жол бойында ұйымдастырылған акциялар барысында тұрғындарға қоқыстың табиғатта ұзақ жылдар бойы шірімейтіні түсіндіріліп, алғашқы үш күнінде 600-ден астам белсенді қатысып, 90 тоннадан астам қоқыс жиналды
Бастаманың ерекшелігі – тек қоқыс жинау емес, сондай-ақ қоғамдық қабылдаулар өткізіп, халықпен еркін пікір алмасу. Сонымен бірге қатысушылар тарихи нысандарға аялдап, тазалық жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, «Ақыртас» кешені мен Сауран қалашығында аумақтарды абаттандыру шаралары ұйымдастырылды.
Шымкентке келген эстафетаны жергілікті жастар ерекше ықыласпен қарсы алды. Қаладағы студенттер мен еріктілер тазалық жұмыстарына белсенді атсалысып, гүл отырғызу және қоқыс сұрыптау шараларына қатысты. Сондай-ақ, шымқаладағы эстафета аясында жастарға арналған экоактивити жобалары өткізілді. «Қоқысты өткіз – сыйлық ал» акциясы арқылы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеуге тапсыру мәдениеті насихатталды. Бұған қоса, экологиялық викториналар, қайта өңделген материалдардан бұйым жасау шаралары өткізілді. Гүл отырғызу бойынша арнайы мастер-класс өтті. Оған Dasik_begonia және Gulhome.Store2 мекемелерінің бағбандары қатысып, жастарға гүл отырғызудың қыр-сырын үйретті.
– Бұл өте керемет бастама. Ауқымды жоба Алатау мен Қаратаудың арасын қамтиды. «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері бір апта жол жүруге дайындалды. «Алматы–Қызылорда» бағытында қаншама тұрғындармен кездесіп, экологиялық мәдениетті насихаттап келеміз. Әрбір елді мекенде табиғатты қорғауға үн қосып жатырмыз. Сондықтан бұл эстафета қоғам үшін өте пайдалы, – деді Road-эстафетаның амбассадоры Ясса Танир.
Айта кетейік, мұндай экологиялық эстафета былтыр да ұйымдастырылған еді. Ол кезде қатысушылар «Астана–Алматы» бағытымен жүріп, мыңдаған тұрғынды тазалыққа үндеген болатын. Биылғы экоэстафета Алматыдан басталып, Қызылордаға дейін жалғасты. Бұл игі бастамаНЫҢ қанша жастың санасына тазалық пен табиғатты аялауға деген ынта оятқаны анық.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА