Редакция таңдауы

Жыл оң нәтижелермен қорытындыланды

Сегізінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезекті жиырма үшінші сессиясы өтті. 2024 жылды қорытындылаған сессияның күн тәртібінде Шымкент қаласы әкімінің оған жүктелген функциялары мен міндеттерін орындау туралы есебі қаралды.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін, инвестиция тарту, инфрақұрылыммен қамту, абаттандыру, әлеуметтік саланың даму барысын баяндады.
– 2024 жылдың 10 айының қорытындысына сәйкес, барлық салада оң өсім бар. Қаланың инвестициялық тартымдылығы жылдан-жылға артып келеді. Жолдарды жөндеуге бөлінген қаржыны көбейттік. Қаланың әлеуметтік-экономикалық даму бағытында өздеріңізбен бірлесе тиісті жұмыстар атқарылуда. Жалпы айтқанда, жылды оң нәтижелермен қорытындылап отырмыз. Басты мақсат – халықтың жағдайын жақсарту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру. Қалада барлық сала бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Одан әрі де бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деді қала әкімі.
Сессияда аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев Шымкент қаласы мәслихатының жаңадан сайланған депутаты Муфтулла Қонақбаевты таныстырып, депутаттық куәлігі мен төс белгісін табыс етті. Сонымен қатар, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Ноян Төлегеновтің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі қаралды. Ноян Назарұлының өз өтініші негізінде өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін депутаттар бірауыздан қолдап, дауыс берді. Оның орнына «Ақ жол» партиясының бюро шешіміне сәйкес, Батырбек Әшірбаев депутат болып сайланды.
Сессия барысында депутаттар тарапынан қала әкімінің есебі оң бағаланып, бірауыздан бекітілді. Сонымен қатар, күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Қала әкімі кезекті сессияда маңызды шешімдер қабылданғанын атап өтіп, депутаттарға алғысын жеткізді.

Т.ДҮЙСЕНБЕКҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар