Бірлік, татулық және ынтымақ – елдігіміздің мызғымас тұғыры һәм мемлекетіміздің басты құндылығы. Қазақстан халқы Ассамблеясы, міне, осы идеологияны сеніммен, жүйелі жүзеге асырып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та былтыр бұл ұйымның «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында барша халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдірерін, ел саясатының бұлжымас бағдары болып қала берерін айтқан еді.

«Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көп жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз. Ассамблея мүшелері «Қайырымдылық керуені» жобасы арқылы мұқтаж жандарға үнемі қолдау көрсетіп жүр. Былтырдың өзінде құны 1,7 миллиард теңгеден асатын көмек берілді. Бірлігі мықты халықтың күш-қуаты азаматтардың бір-біріне деген осындай қамқорлығынан айқын көрінеді», дей келе Президент сөз арасында бұл құрылым өзін этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында сындарлы саясат жүргізе алатын тиімді құрал ретінде танытқанын баса атап өтті.
Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Президент әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді. Сапар барысында ол еліміздің үшінші мегаполисіндегі Достық үйін аралап, жаңғыртудан өткен этномұражаймен танысты.
Марат Алмасұлы жергілікті этнос өкілдерінің қатысуымен жиналған көне жәдігерлерді тамашалап, мәдени мұраның жалпыұлттық бірлікті бекемдеудегі ерекше рөлін атап өтті. Оның айтуынша, ұлттар мен ұлыстардың тарихы мен мәдениеті ел бірлігінің берік іргетасына айналып үлгерді.
Сапар аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары жаңадан ашылған Community орталығында «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық өкілдігінің белсенділерімен еркін форматта кездесті. Кездесу барысында жастар патриотизмді дамыту, мемлекеттік тілді дәріптеу бағытында атқарылған жобалар мен бастамалар туралы баяндап, өз ойларын ортаға салды.
Марат Әзілханов жастармен болған әңгімеде елдің болашағы білімді де белсенді ұрпақтың қолында екенін айта келе, жастардың жаңа идеяларын қолдаудың маңызын жеткізді.
– Бұл орталықтың ашылуы керемет бастама болғаны анық. Мұндай коворкинг кеңістіктер жастарға өз идеяларын іске асыруға, ел игілігіне бағытталған жобаларды жүзеге асыруға зор мүмкіндік береді. Шымкент жастарының белсенділігі мен бастамашылдығы қуантады. Олар өз жобаларымен бөлісіп, қоғам өміріне белсене араласып жүр. Кездесу барысында экологиялық акциялар, жастар лагері мен көшбасшылар мектебі сияқты жаңа бастамалар жайлы пікір алмастық. Мен жастарға шығармашылық табыс пен сәттілік тілеймін, – деді ол.
Кездесу соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары «Ассамблея жастары» РҚБ қалалық өкілдігінің белсенділері Нұрболат Мейірбеков, Муроджан Ирисметов, Шахнозабону Жаналиева, Асия Манапова және Ибрахим Висхановты алғыс хатпен марапаттады.
Осыдан кейін Марат Әзілханов Достық үйінде қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен қоғамдық құрылымдардың жетекшілерімен кездесу өткізді. Мұнда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген негізгі бағыттар мен міндеттер талқыланды.
Кездесу барысында саяси құжатта айқындалған тапсырмаларды жүзеге асыруда Ассамблея белсенділерінің әлеуетін тиімді пайдалану, ел ішіндегі тұрақтылық пен бірлікті сақтау мәселелері сөз болды. «Еліміздің дамуы үшін ішкі бірлікті бекемдеу, этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтау — әрбір азаматтың ортақ парызы. Ассамблеяның басты миссиясы да сол, осы құндылықтарды нығайту», деді ол.
Бұл кездесу барысында да бірқатар белсенді азамат марапаттарға ие болды. «Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығының төрағасы Рамазан Матаев пен «Шымкент қаласы өзбек этномәдени қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Шухрат Рузметов Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» медалімен марапатталды. Сондай-ақ Жұмабек Тәшенов атындағы университеттің ректоры Қанат Байболов, Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаева және қалалық әзербайжан мәдени орталығының мүшесі Адиль Алиевке Ассамблеяның Алғыс хаты табыс етілді.
Кездесуге қатысқан Шымкент қаласы түрік мәдени орталығының төрағасы әрі Түркияның Шымкент пен Түркістан облыстарындағы Құрметті Бас консулы Латифша Ассанов Қазақстан мен Түркия халықтары арасындағы достық байланыстардың тамыры тереңде екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, қазір еліміздегі этносаралық бірлік жоғары деңгейде. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық тарихы ел бірлігі мен тұрақтылығының нақты көрінісі болып отыр. Егер бірлік болмағанда, бүгінгі жетістіктерге жете алмас едік. Тәуелсіздіктің 35 жылында Қазақстан өзге посткеңестік мемлекеттерден озық даму жолына түсті. Түркия мен Қазақстан арасындағы мәдени, рухани байланыс та жылдан-жылға бекіп келеді. Түркияда қазақ халқына арналған 61 ескерткіш пен саябақ бар, олардың 27-сіне ол өзі тікелей атсалысқан.
Ал, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Студенттік Ассамблея «Бірлік» ұйымының төрайымы, түрік этномәдени бірлестігінің төраға орынбасары Нұрқаят Байрамова да өз пікірін білдіріп, жастардың белсенділігі мен қазақ тілін меңгерудің маңыздылығына тоқталды. Оның пайымынша, қазақ тілін білу — әрбір азаматтың мемлекетке деген құрметінің көрінісі. «Біздің университетте және Достық үйінде қазақ тілін тегін үйрету курстары жұмыс істейді. Студенттер бұл сабақтарға белсенді қатысып келеді. Студенттік Ассамблеяның мақсаты осындай түрлі этнос өкілдерін біріктіріп, достық пен өзара сыйластық рухын қалыптастыруға бағытталған», деді ол.
Кездесуде қатысушылар Ассамблеяның қоғамдағы бірлік, білім, мәдениет пен ғылым салаларындағы үлесін талқылап, медиация және этномедиация бағыттарының маңызын атап өтті. Сондай-ақ «Қазақтану» жобасын кеңейтіп, оны «Елтану» жобасы ретінде дамыту ұсынылды. Бұл бастама ақпараттық, мәдени-ағартушылық және патриоттық бағыттарды қамтитын кешенді жоба болмақ.
Жиынды қорытындылаған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қаладағы этномәдени бірлестіктердің ел ішіндегі татулық пен бірлікті нығайтуға қосып жатқан үлесі жоғары екенін жеткізді.
– Шымкент қалалық Ассамблея мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің еңбегі зор. Олар қоғамдық келісім мен өзара құрметтің берік орнауына өз үлесін қосып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса береді, – деді ол.
Айта кетейік, биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды. Тұрақтылық пен бейбітшіліктің жаршысына айналған ұйымның мерейлі белесін мерекелеу аясында 150-ден аса іс-шара ұйымдастырылды. Бұл бірегей институт еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуының мақсатына айтулы үлес қосып келеді.
Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады.Бүгінде республикада Қазақстан этностарының мәдениеттері, тілдері, дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған.
Жадыра МҮСІЛІМ
