Шымкент қаласындағы Kiiz Space өнер кеңістігінде өңірлік журналистика үшін тың бастаманың тұсауы кесілді. Өңірдің шығармашылық ортасы үшін Beine.Pro интернет журналының ресми таныстырылымы да ерекше форматта ұйымдастырылды.
Іс-шараға Шымкент пен Түркістан облысының медиа қауымдастығы, кәсіби журналистер, продюсерлер, түрлі сала мамандары және бизнес өкілдері қатысты. Заманауи форматта өткен кездесуде қатысушылар өңірлік контент өндірісінің өзекті мәселелері мен визуалды медианың болашағын бірлесе талқылады. Beine.Pro журналы Шымкент пен Түркістан өңірінің тыныс-тіршілігін фото мен видео арқылы әсерлі баяндайтын, сапалы визуалды контентке негізделген дербес интернет журнал болмақ. Платформа фоторепортаж, видеорепортаж, сторителлинг және дата-жобалар түрінде өңірдің өмірін шынайы көрсетуге бағытталып отыр.
Жобаның авторы әрі визуал контент продюсері, фотожурналист Әйгерім Бегімбет бұл бастаманың түпкі тарихын тұсаукесерде атап өтті. Оның айтуынша, Beine.Pro идеясы жылдар бойы жүзеге асқан түрлі медиажобаның тәжірибесінен туындаған.
«2019 жылдан бастап Internews Kazakhstan ұйымының қолдауымен «Түркістан тіршілігі», «Үрейін жеңген», «Түркістан әйелдері», «Сусырау» жобаларын жасап, фотокөрмелер ұйымдастырдық. Сол жылдарда жинаған тәжірибеміз бізді осы журналды құруға алып келді. Мақсатымыз Шымкент пен Түркістан өңірінің адам тағдырын, өмір шындығын, аймақ тынысын фото және видеомен жеткізу болып отыр», деді Әйгерім Бегімбет. Оның сөзінше, Beine.Pro командасы контент өндірісінде әйел мен бала тақырыбына, ауыл өміріне, экология, ғылым-білім, денсаулық және бизнес бағыттарына ерекше көңіл бөледі. Журналдың басты ерекшелігі сол, өңірлік тақырыптарды фотожурналистика мен видеосторителлинг арқылы көркем әрі шынайы жеткізуге негізделген.
Ал, жоба үйлестірушісі әрі мультимедиа журналисі Жанерке Хумар жаңа медианың заманауи мүмкіндіктері туралы айтып берді. Оның сөзінше, интернет журнал – уақыт хроникасына байланбаған, мағынасы терең, визуал тұрғыдан бай контент ұсынатын медиа. «Алғашында тек фото және иллюстрация негізінде жұмыс істесек, кейін видеоконтенттің маңызын түсініп, видеорепортаж бен қысқаметражды форматтарды дамытуға көштік. Бұл біздің платформаны толыққанды мультимедиа журналына айналдырды», — дейді ол. Бүгінде Beine.Pro YouTube, TikTok және Instagram желілерінде белсенді жұмыс істеп келеді. YouTube арнасындағы видеолардың жалпы қаралымы 300 мыңнан асса, TikTok пен Instagram желілерінде 200 мыңнан астам көрілім жинаған. Мұның өзі өңірлік медиажобаның көрермендік әлеуетінің жоғары екенін дәлелдеп келеді.
Редакция өз жұмысында адалдық, жауапкершілік және жаңашылдық қағидаттарына сүйенеді. «Бұған дейін жасаған медиажобаларымыз әртүрлі платформада жарияланып келді. Енді сол тәжірибені бір арнаға тоғыстырып, тұрақты контент өндіретін шығармашылық редакция құрдық. Әр автордың көзқарасы маңызды, сондықтан редакциямыз горизонталь құрылымда жұмыс істейді. Алдағы уақытта жасанды интеллект пен заманауи digital құралдарды қолданып, өңірлік медианарықты жаңа деңгейге көтеруді көздеп отырмыз», дейді Әйгерім Бегімбет. Өйткені, әлгінде айтқандай, Beine.Pro-ның тарихында да терең адамдық тағдырлар мен адал еңбектің ізі бар. Осы жобалар аясында команда Қазақстанның әр ауылын аралап, әлеуметтік тақырыптарды бейнелейтін фото мен видеолар түсірген. Мәселен, Түркістан облысындағы ауылдарда өмір сүретін ұстаздар мен еңбек адамдарының тағдыры, Арыс оқиғасынан кейінгі халықтың күйі, ауыл әйелдерінің еңбегі — бәрі де Beine.Pro ұжымының назарында болған. Мәселен, «Түркістан әйелдері» атты медиажоба сол еңбектің айқын көрінісін көрсетті. Онда ауылда ауыр еңбекпен айналысатын аналардың бейнесі бейнеленді. Трактор айдайтын, кран басқаратын, көшені тазалайтын еңбекқор әйелдер туралы бейнематериалдар YouTube-та жүздеген мың қаралым жинап, көпшіліктің жылы ықыласына бөленген.
Жанерке Хумар бұл табыстың кілті визуалды тілдің әсерінде екенін айтады. «Бүгінде көрермен бейнені тез көреді, тез қабылдайды. Сондықтан біз әр жобамызға видеорепортаж қосуды дәстүрге айналдырдық. Мысалы, «Сусырау» атты жобамызда Оңтүстік өңіріндегі ауыз су тапшылығы мәселесін көтердік. Фото мен бейнені ұштастыра отырып, адамдардың шынайы өмірін көрсетуге тырыстық. Бұл қоғамның назарын нақты проблемаларға бұруға мүмкіндік берді», — дейді ол.
Жобаның визуалды дизайнын әзірлеген Жәнібек Нұрыш түстік шешімнің де терең мәні бар екенін айтады. «Журналдың негізгі түстері — қызыл мен жасыл. Қызыл өмірдің, қозғалыстың, эмоцияның түсі болса, жасыл үміт пен табиғилықтың белгісі. Бұл түстер Шымкент пен Түркістан өңірінің рухына тән қуат пен тіршіліктің нышанын білдіреді», дейді ол.
Бір сөзбен айтсақ, жаңашылдыққа бағыт алған тың жоба өңірдің шынайы тынысын бейнелейтін, қарапайым адамдардың өмірін заманауи медианың тілімен жеткізетін жаңа дәуір медиасына айналар деген үміт басым. Бейнеден басталған бастама шынайылық пен ізгілік, адалдық пен жаңашылдықты ұштастырып, өңірдің шындығын жеткізуді алға мақсат етіп отыр. Ендеше жаңа жоба өңір тіршілігін жаңа қырынан көрсетіп, жергілікті журналистиканың келбетін заманауи форматта жаңартып жатса құба құп.
Жадыра МҮСІЛІМ