Шымкент қаласында Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған ірі бизнес-форум өз жұмысын бастады. Форум аясында өткен Ауғанстан тауарлары көрмесі екі елдің өзара байланыстарын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды алаңға айналды. Бұл іс-шараға Ауғанстаннан келген екі жүзге жуық кәсіпкер мен еліміздің түрлі өңірінен келген іскер топтар қатысты. Олардың арасында ауыл шаруашылығы, логистика, жеңіл және ауыр өнеркәсіп, құрылыс, көлік, энергетика және сауда салаларының өкілдері бар.

Көрме мен форум аясында тараптар өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға, өңірлік тұрақтылық пен экономикалық серіктестікті нығайтуға ниет білдірді.
«Қазақстан-Ауған бизнес форумы» аясында шаһарға келген Премьер-министрдің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік
Жұманғариннің қатысуымен Ауғанстан тауарлары көрмесінің ресми ашылу рәсімі өтті. Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген министр өз сөзінде форум қатысушыларына ізгі тілегін жеткізді.
«Ауғанстанның жоғары басшылығына біздің шақыруымызды қабыл алып, Қазақстан-Ауғанстан бизнес форумына Үкімет пен бизнес өкілдерінің қатысуына қолдау көрсеткені үшін ризашылығымды білдіремін. Ауған халқына бейбітшілік пен өркендеу тілеймін. Ауғанстанның дәстүрлі өнімдері ұсынылған көрмені жоғары деңгейде ұйымдастырғандарыңыз үшін ерекше алғыс білдіремін. Көрмеде кондитерлік өнімдер, шырындар, алкогольсіз сусындар, көкөніс пен жеміс-жидектер, асыл тастар, зергерлік бұйымдар, қолөнер туындылары, былғары және кілем өнімдері, құрылыс материалдары және басқа да тауарлар ұсынылған», деді ол.
Биыл көрменің ауқымы айтарлықтай кеңейіп отыр. Шымкент қаласына ауған бизнес қауымдастығының 180 өкілі келді. Бұл екі ел кәсіпкерлерінің сауда байланыстарын дамыту мен өзара ынтымақтастықты нығайтуға деген жоғары қызығушылығын көрсетеді.
Қазақстан Ауғанстанды Оңтүстік және Орталық Азия өңіріндегі маңызды әрі ажырамас серіктес ретінде қарастырады. Әлемдік экономикалық дағдарыстарға қарамастан Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатыр. Сондай-ақ, еліміз өз өнімдерін ауған нарығына ілгерілетіп қана қоймай, ауған тауарларының біздің нарыққа шығуына да қолдау көрсетіп келеді екен. Осылай деген министр мұның айқын дәлелі Шымкент қаласында төрт күн бойы өтетін осы көрме екенін жеткізді. «Біз Ауғанстанмен қалыптасқан сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және энергетикалық байланыстарды сақтау мен одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Қазақстан Ауғанстанды тұрақты және гүлденген, көршілес елдермен бейбіт қатынаста болатын мемлекет ретінде көргісі келеді. Көрмеде сіздерге сәттілік пен жемісті жұмыс тілеймін», деді министр.
Көрменің басты мақсаты екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды кеңейтіп, қос мемлекеттің кәсіпкерлері арасындағы әріптестік қатынастарды дамытуға негізделген. Биыл форумның географиясы мен қатысушылар құрамы айтарлықтай ұлғайған. Көрмеде Ауғанстанның дәстүрлі тағамдары мен қолөнер бұйымдары ғана емес, заманауи өндіріс өнімдері де ұсынылды. Бұл өз кезегінде Ауғанстанның экономикалық әлеуетінің артып келе жатқанын айғақтайды.
Шымкент еліміздің үшінші мегаполисі әрі Оңтүстік өңірдің іскерлік орталығы ретінде халықаралық деңгейдегі кездесулер мен экономикалық форумдарды тұрақты түрде қабылдап келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан-Ауған бизнес форумы мен көрме екі ел арасындағы өзара сенім мен серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге жол ашпақ.
Көрменің ресми ашылуында Ауғанстан Ислам Әмірлігінің Индустрия және сауда министрі Нурридин Азизи сөз алып, екі ел арасындағы экономикалық және мәдени байланыстардың нығайып келе жатқанын атап өтті. Ол Қазақстан Үкіметіне және көрмені жоғары деңгейде ұйымдастырған Шымкент қаласының әкімдігіне ризашылығын білдірді.
Ол өз сөзінде Ауғанстанда өндірілетін табиғи және экологиялық таза өнімдерге қызығушылықтың артып келе жатқанын айтып, Шымкентте ұйымдастырылған көрменің екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды одан әрі кеңейтуге серпін береріне сенім білдірді. «Қазақстан мен Ауғанстан – ежелден достық пен өзара сыйластыққа негізделген мемлекеттер. Бұл көрме тек сауда алаңы ғана емес, екі елдің рухани және мәдени байланыстарын тереңдете түсетін маңызды платформа. Ауған кәсіпкерлері өздерінің сапалы әрі дәстүрлі өнімдерін Қазақстан нарығына ұсынуға дайын. Біз Қазақстанмен әріптестік қатынастарды барынша дамытамыз», деді ол.
Сондай-ақ іс-шара барысында екі елдің кәсіпкерлері, іскер топтар мен сауда палаталарының өкілдері өзара ынтымақтастық туралы келісімдер жасасты. Көрме аясында тараптар азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларындағы бірлескен жобалар мен инвестициялық бастамаларды талқылады. Көрмеге қатысқан Ауған бизнес қауымдастығының өкілдері Қазақстан нарығына өз өнімдерін ұсыну мүмкіндігі үшін алғыстарын білдіріп, келешекте бірлескен өндіріс алаңдарын ашу, экспорттық бағыттарды кеңейту және өзара сауда айналымын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Іс-шара соңында қатысушылар көрме павильондарын аралап, Ауғанстанның қолөнер бұйымдары мен дәстүрлі өнімдерімен танысты.

Бұдан кейін тараптар Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы іскерлік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бизнес-форумға қатысты. Бұл іс-шарада екі елдің кәсіпкерлері алдағы бірлескен жобаларды жан-жақты талқылауға мүмкіндік алды.
Форумның салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Премьер- министрінің орынбасары–Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қатысушыларды құттықтап, екі ел арасындағы экономикалық серіктестіктің өзекті бағыттарына тоқталды.
«Екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастар жылдан жылға артып келеді. Ауғанстан – Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы маңызды сауда серіктестерінің бірі және біздің өңірлік саясатымызда стратегиялық маңызы бар мемлекет. Біз екіжақты және өңірлік форматтарда өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге зор мән береміз», дей келе, өз сөзінде былтыр және биылғы кезеңдегі сауда көрсеткіштерін нақты келтірді.
«Былтыр Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы өзара тауар айналымы 545 миллион АҚШ долларын құрады. Былтыр экспорт құрылымында бірқатар тауар бойынша айтарлықтай өсім байқалды. Мәселен, прокат өнімдері, қант және ауыл шаруашылығы тауарлары экспорты бірнеше есеге артты. Ал, биыл алғашқы сегіз айда екі ел арасындағы сауда айналымы 280 миллион АҚШ долларға жетті. Кейбір өнім түрлері бойынша аздаған төмендеу болғанымен, биыл бидай экспорты 2,9 есеге, мұнай өнімдері мен көлік құралдары экспорты 100 пайызға дейін артқанын атап өткім келеді», – деді Серік Жұманғарин.
Министр ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті туралы да кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде бидай, күріш және қант сияқты негізгі азық-түлік тауарларын Ауғанстан нарығына жеткізуді ұлғайтуға мүдделі. Биыл маусымда елімізде 24 миллион тоннаға жуық астық, соның ішінде 19 миллион тонна бидай, 3,7 миллион тонна арпа және 1 миллион тонна жүгері жиналған. Экспорттық әлеуетіміздің өзі шамамен 10 миллион тонна бидайды құрайды. Осы өнімдерді тиімді тасымалдау мақсатында Маңғыстау облысындағы Бейнеу логистикалық терминалының әлеуетін пайдалану ұсынылды. «Бұл нысан біздің өнімдердің Ауғанстан шекарасына тікелей жеткізілуін қамтамасыз ететін маңызды инфрақұрылымдық объект» деді министр. Сондай-ақ, ол өнеркәсіптік және көлік саласындағы серіктестік туралы да сөз қозғады. Өнеркәсіптік тауарлар саласында да бірлескен жобаларды дамытуға ниетті екенімізді айта келіп «Біз тау-металлургия, автомобиль жасау, химия және құрылыс салаларында жаңа өндірістер құруға мүдделіміз. Осы бағытта бастапқы алюминий және металл өнімдерін өңдеу, сондай-ақ қазақстандық жүк көліктерін Ауғанстан нарығына жеткізу мәселесі қарастырылып жатыр. Сонымен қатар, ERG Exploration және «Қазақмыс» компанияларымен геологиялық барлау саласында келіссөздер жүргізіліп, халықаралық стандарттарға сай зерттеу жұмыстары қолға алынып жатыр» — деді.
Көлік дәліздері мәселесі де кеңінен сөз болды. Министрдің айтуынша, Қазақстан тарапы екі елдің көлік инфрақұрылымдарын дамытуға мүдделі. Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізі арқылы Үнді мұхиты бағытындағы порттарға шығу екі елдің сауда әлеуетін жаңа деңгейге көтереді. Сондай-ақ, Трансафган көлік дәлізінің мүмкіндіктерін пайдалану арқылы экспорттық тасымалдарды Пәкістанның Карачи және Гвадар порттары арқылы жүзеге асыру жоспарланып жатыр. Бұл бағыт Қазақстанға Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азия нарықтарына тікелей шығуға мүмкіндік береді екен.
Өз кезегінде сөз алған Ауғанстан Ислам Әмірлігінің өнеркәсіп және сауда министрі Әлхадж Нуриддин Азизи бұл маңызды жиынды екі бауырлас халық арасындағы достық қатынастарды одан әрі нығайту жолындағы игі қадам деп бағалады. Оның айтуынша, Қазақстан мен Ауғанстан Ислам Республикасының өзара ынтымақтастық тарихында бұл кездесудің орны ерекше.
Ал Қазақстан Президентінің Ауғанстан жөніндегі арнаулы өкілі, Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Еркін Тұқымов қазіргі өңірлік және халықаралық жағдайды ескере отырып, Ауғанстан бағытындағы Қазақстанның саясаты жөнінде айтты. Оның айтуынша, Қазақстан әрқашан басқа мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау қағидасын берік ұстанып келеді. Бұл – еліміздің сыртқы саясатының негізгі принциптерінің бірі және ол барлық өңірлік серіктестерге қатысты.
Форумның мақсаты туралы жан-жақты жеткізген Шымкент қаласы Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов екі ел арасындағы ынтымақтастық бағыттарына тоқталды. Оның сөзінше, Ауғанстаннан Шымкент қаласына жүз сексенге жуық кәсіпкер келіп отыр. Олар үш күнге жоспарланған тауар өндірушілер көрмесіне қатысып жатыр. «Біз үшін ең бастысы, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру, кәсіпкерлер арасындағы өзара байланыстарды нығайту және тиімді серіктестік орнату болып отыр. Бұл форум шеңберінде тараптар екі бағытта жұмыс істеп жатыр. Біріншіден, отандық өндірушілердің Ауғанстан нарығына шығуына жағдай жасау болса, екіншіден, ауған кәсіпкерлерінің өз өнімдерін Қазақстан нарығына ұсынуына мүмкіндік беру», – деді басқарма өкілі. Ол, сондай-ақ, ауған инвесторларының Шымкенттегі экономикалық аймақтарға қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Айтуынша, Ауғанстаннан келген кәсіпкерлердің Шымкент қаласындағы арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда әзірге кәсіпорындары жоқ. Алайда, бұл бағытта қызығушылық танытқан бизнес өкілдері бар. «Біз ауған тарапына біздің өңірге қызығушылық білдірген кәсіпкерлердің тізімін ұсындық, сол сияқты олар да өз қатысушыларының тізімін жолдады. Осы негізде нақты келіссөздер басталып кетті. Мемлекет тарапынан инвесторларға тең дәрежеде жеңілдіктер мен ынталандыру шаралары қарастырылған», – деді басқарма өкілі.
Ал, форум барысында ауған кәсіпкерлерінің пікірлері де тыңдалды. Солардың бірі – «Хамиди Энерджи» компаниясының өкілі Забибуллах Хамиди. Оның сөзінше, «Хамиди Энерджи» компаниясы ауыл шаруашылығы өнімдерімен айналысады. Негізінен май және дәнді дақылдар бағытында жұмыс істейді екен. Қазіргі компания өнімдері Ауғанстан мен Өзбекстан нарығында сатылып жатыр. Ал бұл форумда ауған және қазақстандық кәсіпкерлер өз өнімдерін таныстырып, жаңа іскерлік байланыстар орнатуға дайын.
Ол сонымен бірге Қазақстан мемлекеті ауған кәсіпкерлеріне әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқанын ерекше жеткізді. «Сол үшін біз Қазақстан халқына және Үкіметіне алғыс айтамыз. Бұл бағыттағы ынтымақтастықтың болашағы зор деп сенемін. Алдағы уақытта екі ел арасындағы достық пен экономикалық байланыс одан әрі нығая түседі деген үміттеміз», деді Забибуллах Хамиди. Компания өкілі бұдан соң алдағы жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, қазір компанияның негізгі өңдеу зауыты Өзбекстанда орналасқан. Бұл шешім логистикалық және тасымалдау шығындарының тиімділігіне байланысты қабылданған. Себебі, Қазақстан аумағы арқылы транзит өте қымбатқа түседі екен. Дегенмен, болашақта Шымкент қаласында май өндіретін зауыт ашу жоспарда бары белгілі болды. Компания өкілі қазір Қазақстандағы серіктестермен бірлескен жоба әзірленіп жатқанын жеткізді. Егер келіссөздер сәтті жүзеге асса, жақын арада жаңа кәсіпорын іске қосылмақ.
«Біздің компания ай сайын шамамен 20 мың тоннаға жуық ұн мен күнбағыс майын Ауғанстанға экспорттайды. Сонымен қатар Өзбекстан бағытымен де жеткізілімдер жүзеге асады. Осындай бизнес-форумдар мен көрмелер жаңа серіктестер табуға, нарықты кеңейтуге және өзара тиімді жобаларды іске асыруға үлкен мүмкіндік береді», – деп қорытындылады ауған кәсіпкері өз сөзін.
Форум аясында логистика, тасымал және инвестициялық бағыттар да кеңінен талқыланды. Ауғанстаннан келетін жүктер негізінен Өзбекстан арқылы транзиттік жолмен жеткізіліп, тұрақты тасымал жүйесі жолға қойылған. Қорытындысында тараптар өзара тиімді әріптестікті нығайту, жаңа жобаларға қолдау көрсету және екі ел арасындағы сауда айналымын арттыруға бағытталған нақты келісімдерге келмек.
Шымкент төрінде өткен бұл форум Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы достық пен өзара сенімге негізделген серіктестіктің айқын көрінісіне айналды. Іс-шара аймақтық экономикалық байланыстардың жаңа мүмкіндіктерін ашып, тұрақты және ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа негіз қалап отыр. Айта кетейік, ресми кездесуден кейін қос елдің кәсіпкерлері өзара кездесіп, алдағы жобалар жайында егжей-тегжейлі талқылап, ортақ келісімдерге келу үшін уағдаластық үстелінде қайта кеңесті. Осылайша олар Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы өзара сенім мен прагматикалық әріптестікке негізделген жаңа экономикалық көпірге айналуға ниетті.
Жадыра МҮСІЛІМ
