25 қазан – Республика күніне орай Шымкенттің жүрегі саналатын «Астана» алаңы мерекелік шаттыққа бөленді. Бұл күні қала тұрғындары мен қонақтары үшін кең ауқымды жалпы халықтық іс-шаралар ұйымдастырылды.

Алаңда театр ұжымдарының қойылымдары, ұлттық салт-дәстүрге негізделген көріністер, дәстүрлі әншілер шеруі, сондай-ақ отандық баспа үйлері қатысқан кітап жәрмеңкелері мен тақырыптық көрмелер өтті. Әрбір көрініс пен әрбір ән — елдің тәуелсіздігін, бірлігін, мәдени байлығын паш етті.
Күннің шуақты сәтінде «Шымкент цирк» әртістері көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйласа, Өзбек драма театры, Қуыршақ театры мен қалалық кітапханалар ұжымы сахналық көріністер қойып, халықты қуанышқа бөледі. Алаңда жиналған көпшілік билеп, суретке түсіп, мерекенің сәнін кіргізді.
Мерекелік думанның басы-қасында жүрген Шымкент қалалық өзбек драма театрының директоры Рустамхан
Сайтходжаев көпшілікті мерекемен құттықтап, шығармашылық ұжымдарға ризашылығын білдірді.
– Республика күні — біздің ортақ Отанымыздың мерекесі. Бүгінгі алаңда барша этнос өкілдері бір шаңырақ астында шаттықпен бас қосып отыр. Басты мақсатымыз — халыққа қуаныш сыйлап, елдік рухты көтеру. Бүгін демалыс күні болса да, барлық ұжым осында — елмен бірге, – деді ол.
Алаңды думанға бөлеген бұл мереке бірлік пен достықтың, мәдени байлық пен ұлттық рухтың көрінісіне айналды. Қала тұрғындары үшін ұйымдастырылған іс-шаралар тәуелсіз еліміздің ең басты құндылығы – тұрақтылық пен татулықтың нақты дәлелі болды.
Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ
