Өмірге құштар ерекше жандардың жүрегінен шыққан жыр тыңдарман қауымды ерекше толқытты. Халық ақынының жыр шумақтарын жатқа айтқан өнерпаздар жыр додасының көрігін кіргізді. Иә, бұл мүгедектігі бар азаматтар арасындағы «Мөлдіреген жыр сезім» атты республикалық әдеби байқаудан алған әсеріміз еді.

Республика күні мерекесінің қарсаңында ұйымдастырылған бұл мүшайра Қазақстанның халық ақыны «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекованың 75 жылдығына арналды. Мүшайрада еліміздің барлық аймақтарынан келген көркем сөз шеберлері аяулы ақынның жырларын жатқа айтты. Әр аймақтан іріктелген қатысушылар шеберліктерін паш етті. Жыр додасына 13 ақын келген екен.
«Шалқар шабыт» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің шығармашылық жетекшісі Ербек Бакиев шараның мақсатын атап өтті.
– Мақсатымыз өмірге құштар, өлеңге құштар ақындарды сахнаға шығарсақ, ел алдында өлеңін дәріптесек деген ой болды. Әр жыл сайын әр ақынның шығармаларын насихаттаудамыз. Биылғы жыл қазаққа қызмет еткен Әселхан анамызға арналып отыр, – дейді ол.
Әдеби байқауға көрерменнің көңілі толды. Себебі, жыр сүйер қауымның көбі Әселхан ақынның айтысын тамашалап, жырларымен өскен. Сондықтан Отырардың қасиетті топырағынан шыққан дара тұлға көңілге оттай ыстық.
Айта кету керек, Әселхан Қалыбекованың ұрпақтары да көрермендер сапынан табылды. Анасының атын атап, өнерін ұлықтаған ерекше жандарға шынайы алғысын білдірді.
– Ерекше жаратылған деп айтамыз ғой. Сол кісілердің ынтасымен оқылып жатқан өлеңдер ерекше әсерге бөледі. Әсіресе, Отырардың аспаны, Ө.Жәнібековке арнау, Репресияға ұшыраған жандардың монологы бар, барлығы бір тарих, — дейді Әселхан Қалыбекованың қызы Фариза Құрманбек.
Байқауға қатысушылардың барлығы құр қол қайтпады. Ынталандыру сыйлығынан бөлек жеңімпаздарға қомақты қаржы бөлінген. Бастысы, өмірге құштар жандар халық ақынының жырлары өміршең екендігін тағы бір дәлелдеді.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ
