Редакция таңдауы

Ұстаз ұлағаты

Біз сабаққа кіргенімізде 9 «ә» сынып оқушылары «Абай жолы» роман-эпопеясын қызу талқылап жатты. Барлық оқушының зейіні сабақта. Интерактивті тақтада әйгілі шығармадағы елеулі оқиғалар бойынша құралған сұрақтар тізілген. Оқушылардың өз ойын айтуды үйреніп, әрбір оқушының көзқарасын білу – ұстаздың басты ұстанымы. Бұл – отыз жылдан астам ұстаздық қызметін адал атқарып жүрген Адиса Мүсірәлиеваның өзіндік әдістемесі. Ол – оқушылардың әрдайым ізденісте жүруіне аса мән беретін мұғалім.

Шымкент қаласындағы З.Космодемьянская атындағы №23 мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Адиса Абашқызы нағыз еңбек адамы деуге лайық. Мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен қазақ сыныптарына сабақ береді. Жалпы, білім саласында жұмыс істегеніне 36 жыл болыпты. Ал, аталған мектепте оқушыларды білім нәрімен сусындатып жүргеніне 13 жылға жуықтаған. Ардагер-ұстаз. Басты ұстанымы – жаңашылдық, шәкірттердің білімге деген ынтасын ояту. Сол себептен де шәкірттері қалалық, республикалық білім бәйгелерінде топ жарып жүр. Еңбек адамымен жақыннан таныстық. Білім саласына келуі де кездейсоқ емес екен. Тағдыр жолы бала кезден осы салаға келуге түрткі болған.
– Анам Төлеби ауданының Қасқасу ауылында молда кісінің Адиса деген қызынан тәлім алыпты. Соғыс жылдарында ұстаздық қызмет атқарған. Маған сол ұстазының атын қойыпты. Періште «әумин» деген шығар, мен де осы салаға құмартып өстім. Кішкентай кезімізде көрші құрбыларыммен мектеп ойынын ойнайтынбыз. Сол кезде көбінше мұғалім рөлі маған тиетін. Мектепте оқып жүрген кезде ұстаздарым мықты болды. Сол кісілерге еліктедім. Сөйтіп, осы мамандықты таңдап, өмір бойы қызмет атқарып келемін. Әр түрлі мектепте ұстаздық еттім. Ауыл балаларын да білімге баулыдым. Кейін қалаға келдік. Менің көкейімдегі күнделікті басты мақсат – баланың білімге деген құштарлығын үздіксіз арттырып отыру. Менің пәніме деген қызығушылығы үнемі үзіліссіз жүріп жатқан процесс болса деп ниеттенемін. Күнделікті сабақта алға бір қадам жылжып отырса, алға қарай жетілсе, оқушы сонда ғана үлкен тұлға болып өседі. Күнделікті әр сабақта еңбек етіп үйренуі тиіс. Мектептегі мұғалімнің ең күрделі мәселесі осы болса керек. Бұл салада ұзақ жүруім – өзім үлгі тұтқан тұлғаларым ұстаз болғандықтан және әдебиетке деген сүйіспеншілігім шығар. Соның бәрі осы салада сабақтаса жетелеп келе жатыр деп ойлаймын, – дейді Адиса Абашқызы.
Үздік мұғалім осылай сыр шертті. Мұғалімнің жұмыс уақыты түске дейін ғана, әрі қарай бос деп ойлайтындар жетерлік. Ол – жаңсақ пікір. Күнделікті сабақты өтіп, үйге қайтқанмен, мұғалім әр сабақты ойлап, толғанып жүреді. Сабаққа дайындалу да – үнемі жүретін процесс. Демалыста жүріп те кітап оқу, күнделікті сабақта қызу пікірталас ұйымдастыру, бәрі бәрі де уақыттың талабы. Шәкірттен қалай талап етсең, мұғалім де сондай ізденісте, ойда, еңбекте жүруі тиіс. Сонда ғана нәтиже болады. Тәжірибесі мол ұстаздың пайымы осындай.
«Абай жолы» роман-эпопеясын оқушылар қызу талқыға салғанын айттық. Жаңашыл ұстаздың негізгі әдістемесі де осында. Қазіргі таңда жаңа өзгерістер мен жаңартылған бағдарламалар енгізілуде. Қазіргі білім саласындағы жаңашылдықтың бірі — қандай шығарма, тақырып өтсе де оның тәрбиелік мәні зор болу керек. Ең бірінші сабақта рухани тәрбие тұруы тиіс. 9 сыныптың оқушылары орыс әдебиеті шығармаларымен қоса «Абай жолын» оқып, талқыға салуда.
Мұхтар Шаханов, Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін орыс тілінде талдайды. Жалпы, адами құндылықтарды балаларға жеткізе білу – бүгінде басты назарда тұрған мәселенің бірі.
Ұстаздың жетістігі немен өлшенбек? Адиса Абашқызы бұл туралы былай дейді: «Мұғалімнің жетістігі – күнделікті сабағының тиімді өткені. Екінші жетістігі – Олимпиада, ғылыми жобалардан балалардың орын алып келуі. Сол жағдай мұғалімге күш-жігер береді. Бізді қанаттандырады. Оқушыларым аудандық, қалалық, облыстық, республикалық деңгейлерде жүлделі орындарды иеленуде. Соңғы жылдары білімімен көзге түскен Мерей Бөрібай, Әйгерім Зейлен, Данеля Әуезова деген талапты шәкірттерім бар. Ізімді жалғастырып, орыс тілі пәнін таңдаған шәкірттер де жетерлік. Ол да бір ұстаздың жетістігі болса керек. Оқушыларымыз өмірде тұлға болса, ол да үлкен жетістігіміз».
Иә, «ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» деген. Білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып, шәкірттерін шыңға шығарып жүрген жаңашыл ұстаздың ұстанымы айқын.
Бізге 9 ә сынып оқушысы Ақжан Тұрғымбай да Адиса апайдың сабақты қызықты етіп, түсіндіргені ұнайтынын айтады. Шәкіртері талапты. Бар ғұмырын білім саласына арнаған ұлағатты жанның әлі де осы салаға қосар үлесі мол.

Т.ҚАСЫМОВ

Соңғы жаңалықтар