25 қазан күні Шымкент қаласы ұлттық рух пен айбынды дәстүрдің ордасына айналды. Мұнда көне де киелі спорт түрі — асық ату бойынша еліміздегі ең ірі дода — екінші республикалық «Respublica Asyq Atu» турнирінің финалы ұйымдастырылды.

Бас жүлде – жеңіл автокөлік үшін республика өңірлерінен келген 40 үздік ойыншы бақ сынап, асықтың әр атылуы мыңдаған көрерменнің көңілін толқытты.
Турнир аясында тек жарыс емес, ұлттық рухтың мерекесі өтті. Көрермендер финалдық кездесулерден бөлек, концерттік бағдарлама мен ұлттық ойын түрлерінен шеберлік сабақтарына куә болды. Бұл күн қала тұрғындары мен қонақтарының есінде нағыз спорт пен мәдениеттің тоғысқан мерекесі ретінде қалды.
— «Асық ату — барлық ұлттық спорттың бастауы. Ол – халқымыздың тұрмысымен, рухымен тығыз байланысқан көне мұра. Біз асықты тек дәстүр ретінде емес, қоғамды біріктіретін заманауи мәдени құбылыс ретінде дамытуымыз керек. Себебі, ұлттық спорт – ұлттың болмысы мен патриотизмі», — деді Мәжіліс депутаты, ҚР Асық ату федерациясының президенті Олжас Құспеков турнирдің ашылуында.
Қызу тартысқа толы финалдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының спортшысы Құлыбек Ғарышбек жеңімпаз атанып, қазақстандық Allur автомобиль компаниясы шығарған Chevrolet Onix көлігінің кілтін иеленді.
Екінші орын иегері Түркістан облысынан келген Абилхан Талғар — 1 000 000 теңге,
ал үшінші орын алған Батыс Қазақстан облысының спортшысы Сламқұл Бақдаулет — 500 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды.
Сонымен қатар AMANAT партиясының арнайы 300 000 теңгелік сыйлығы Павлодар облысының өкілі Жаздықбай Керімге табысталды.
Турнирдің ресми серіктесі Allur компаниясының өкілі Айгүл Ахметова өз сөзінде:
— «Біздің компанияның ДНҚ-сында ұлттық құндылықтар мен жасампаздық рухы бар. Біз асық ату турнирін қолдау арқылы спорт пен мәдениетті ғана емес, ұлттық сананы жаңғыртуды мақсат етеміз. Бұл жарыс жас ұрпақтың бойында ерік-жігер мен Отанға деген сүйіспеншілікті арттырады», — деді.
Айта кетейік, өткен жылы дәл осы турнирдің бас жүлдесін шымкенттік спортшы иеленген болатын. Сондықтан биыл Шымкент қаласының турнирдің «астанасы» атануы да заңдылық. Бұл өңірдің ұлттық спорттың дамуына қосқан үлесі ерекше атап өтілді.
Шымкенттегі финал асық ату спортының орталығы ретінде қаланың мәртебесін айқындай түсті.
«Respublica Asyq Atu» турнирі — көне ұлттық ойынды жаңа серпінмен дамытып, бұқаралық спорт пен рухани бірліктің символына айналған жоба екенін тағы бір дәлелдеді.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА
