Редакция таңдауы

QAZTRACKER – АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ӨЗГЕРТЕТІН ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ

QazTracker технологиясының арқасында еліміздің ауыл шаруашылығы жаңа деңгейге көтерілуде. Shymkent Hub резиденті, жергілікті IT компания әзірлеген инновациялық жүйе фермерлерге табынды тиімді басқаруға және жануарлардың жай-күйін нақты уақытта бақылауға мүмкіндік береді. QazTracker – бұл жануарлардың денсаулығының негізгі көрсеткіштерін тіркейтін смарт-трекер: дене температурасы, белсенділік деңгейі, жалпы денсаулық жағдайы, жануардың ауруын анықтау бойынша ақпараттар талданады.

Қазіргі уақытта QazTracker компаниясы Freedom Credit-пен бірлесе отырып, «Бұқаларды бөліп төлеу 0/0/24» атты бірегей пилоттық жобаны іске қосты. Бұл жоба фермерлерге ірі қараны бөліп төлеу арқылы сатып алуға мүмкіндік береді. Бағдарламаның пилоттық кезеңі Түркістан облысында басталып, онда қазірдің өзінде 150-ден астам өтінім қабылданған.

Жобаға Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы қолдау көрсетті. Бұл аграрлық секторды цифрландырудың мемлекеттік деңгейдегі маңыздылығын айқындайды.

Елімізде әзірге мал шаруашылығын цифрландыруды белсенді түрде дамытатын жобалар некен-саяқ. Ал, заманауи IT-шешімдер есеп жүргізуді, диагностиканы және жоспарлауды оңтайландыра алар еді. Мал шаруашылығын жаңа деңгейге шығару үшін түбегейлі өзгерістер қажет: инвестицияларды тарту, кадрларды дамыту, цифрлық технологияларды енгізу және ветеринарлық бақылауды күшейту.

QazTracker жануарлардың жағдайын бақылауды автоматтандырады, ветеринарлардың жүктемесін азайтады және ауруларды дер кезінде анықтауға көмектеседі. Жүйе мал басын нақты есепке алуды қамтамасыз етіп, «өлі жандарды» болдырмайды, субсидиялар алуды жеңілдетеді және статистикаға деген сенімді арттырады. QazTracker заманауи технологияларды енгізіп, есеп жүргізу, диагностика және жоспарлау процестерін оңтайландырады. Жүйе эпидемиологиялық жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға және қауіптерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Жобаның негізін қалаушы Динар Бенсеитовтің айтуынша, қазірдің өзінде Түркістан облысында екі шаруа қожалыққа (жалпы 60 бас) бөліп төлеу арқылы ірі қара мал берілген. Жалпы, смарт трекерге қызығушылық артып келеді. Облыста 350 адам өтініш тастаса, оның 20-ына мақұлданған. Түркістан облысында пилоттық жоба ретінде «Ауыл аманаты» бағдарламасына да енгізіліпті.

– Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе, жобаны одан әрі дамытып жатырмыз. «Ауыл аманаты» бағдарламасына кіргіздік. Парламент Сенатынан да қолдау көрсетілді. Шешімін күткен тағы бірқатар мәселелер бар. Мәселен, жеңілдетілген пайызды одан әрі төмендетпек жоспарымыз бар.  Несиелеудің мерзімі – 2 жылға дейін. Пилоттық жоба бойынша азаматтар 300 басқа дейін ірі қараны бөліп төлеуге мүмкіндік қарастырылған. Оған қоса, әрбір мал басына смарт трекер беріледі. Серіктестік аясында 2 мал қорамыз бар.

Жалпы, жобаның бағдарламасы, трекерлер  толықтай Шымкент қаласында жасалды. Смарт трекерлер негізінен, бордақылайтын малдарға арналған. 1,5 шақырым радиустағы ірі қараларды бақылай алады. Әр басқа бір трекерден беріледі. Біздің өнімді көпшілік GPS трекермен шатастырады. Бұл ондай емес. Спутниктік GPS трекер қойсақ та болатын еді. Бірақ, оның салмағы екі есе ауыр. Сондықтан, жобаны дамытып, шаруаларға барынша ыңғайлы еттік. Біздің трекерлер малдың температурасын, ауырып жатқанын, қимылын, жеп-шөп жегеніне дейін бәрін бақылайды. Малға ешқандай зияны жоқ. Құлаққа сырға сияқты екі жағынан қыстырылады, – дейді жоба жетекшісі.

Иә, стартап жоба Шымкент қаласында негізі қаланып, осында дамытылуда. Жоба жетекшілері, бағдарламашылар Shymkent Hub ғимаратынан кеңсе алып, күні-түні осында өз жобаларын дамытуға күш салып жатыр. Жүйенің мониторингі осы жерден-ақ бақыланады. Стартап жобаның көпшілікке танылып, табысы молаюы үшін де уақыт керек. Бұл ретте қала әкімдігінің зор қолдауын айта кеткен жөн.

Жаңа жобаның фермерлер үшін тиімділігі неде? Енді осы жөнінде айтсақ. Кез-келген азамат IT компаниядан  етті немесе сүтті бағытта ірі қараны сатып ала алады. 6 ай бордақылап болғанннан кейін етті компанияның серіктестеріне өткізсе болады. Ол жағы да шешілген. Шаруа қожалықтармен серіктестік байланыс жолға қойылған. Клиенттер сол жерден малды таңдап алуға да мүмкіндіктері бар.

Мониторинг жасалатынын айттық. Стартап компанияның өз кеңсесінде әкімшілік панель бар. Сол жердегі серверде барлық мәлімет жиналады. Телефондағы мобилдьді қосымша арқылы да фермерлерге қолжетімді платформа беріледі. Жүйеге кіріп, бәрін көре алады.

Динар Бенсеитовтің айтуынша, онда 2 секунд сайын ақпараттар жиналады. Смарт трекерлер 3 жылға дейін жарамды. Шаруа қожалықтарға ыңғайлы етіп жасалған. Сондай-ақ, трекерді басқа ірі қара малға ауыстыруға да мүмкіндік бар. Ол үшін өтініш жазасыз. IT компанияның ветеринар мамандары барып, жаңа малға тағы енгізіп береді. Ішіндегі баптауларын жасап, идентификация нөмірлерін ауыстырады.

Freedom Holding Corp корпорациясының негізін қалаушы Тимур Турлов Agritech стартап QazTracker-ге екі рет инвестиция салды. Бұл жобаның маңыздылығын көрсетсе керек. Негізінен, микроқаржы ұйымдары малшаруашылығын несиелегісі келмейді. Өйткені, ашықтық бойынша бірқатар мәселелер бар. Ал, бұл жобада бәрі айқындылыққа, ашықтыққа құрылған.

Бөліп төлеуден бөлек, басқа да несиелеу мүмкіндіктері пысықталып жатыр. Бүгінде фермерлерден өтінім саны артып келеді. Жеке тұлғаларға 3-9 млн теңгеге дейін несие беріледі. Енді 10 млн теңгеге дейін жеке кәсіпкерлер де қызығушылық танытуда. Одан әрі ЖШС өкілдері де жаңа жобаға қатыса алады.

Ауыл шаруашылығы саласында тыңнан түрен салған азамат Д.Бенсеитов Шымкент қаласында туып-өскен. Туған жерінің нағыз патриоты. Заманауи бағыттағы жаңа жобаларын да осында бастады.

– Үшінші мегаполис болғаннан кейін Шымкентте мал ұстауға болмайды. Сондықтан біз облыстағы шаруаларға көмек қолымызды созғымыз келеді. Жалпы, жобаны Шымкент қаласында бастап, осында жүзеге асырдық. Өзім шетелде оқыдым. Болгария, Германия елдерінде білім алдым. Ауыл шаруашылғы саласын бала кезден білеміз ғой. Оқуды бітіргеннен кейін алдымен қаржылық компанияда жұмыс істедім. Сол кезде ауылшаруашылығын несиелеу бойынша бірқатар жобалар бастадық. Мал ұрлығының жолын кесу бағытында GPS трекер жасап шығардық. Оны әрі қарай дамыттық. Сөйтіп, қазіргі өнімдерімізбен нарыққа шықтық. Әлі де дамыта береміз. Ауылшаруашылығы министрлігімен әрдайым байланыстамыз, – дейді талапты азамат.

Бүгінгі таңда Қазақстандағы мал шаруашылығы саласында бірқатар маңызды мәселелер бар. Айталық, маман тапшылығы. Бұл ветеринарлық көмек сапасы мен жануарлардың жағдайын бақылауды айтарлықтай төмендетеді. Одан кейін тұрақсыз қаржыландыру. Соңғы бес жылда субсидиялау ережелері бірнеше рет өзгерген, бұл фермерлер мен инвесторлар үшін қолайсыздық тудырады.

Ал, QazTracker мал шаруашылығын қаржыландыруға деген көзқарасты өзгертті. Бұрын мал шаруашылығын қаржыландыруда көптеген мәселелер кезігетін. Өйткені, банктер несиеге берілген активтерді тиімді бақылай алмады, бұл секторға инвестицияларды көбінесе тиімсіз етті.

QazTracker арқылы бәрі өзгереді. Енді екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) несиеге берілетін және кепілге қойылған активтер туралы толық ақпаратқа қол жеткізеді. Бұл қаражаттың мақсатсыз пайдаланылуының тәуекелін жояды. Әр кезеңде ашықтық пен бақылауды қамтамасыз етеді. Мал шаруашылығы секторын қаржыландыруды барлық тараптар үшін сенімді және тиімді етеді.

QazTracker ірі қара малдың  денсаулығын басқару тәсілін өзгертетін инновациялық жүйе. Жаңа жоба алдыңғы қатарлы технологиялар мен терең аналитиканы біріктіріп, тек жануарларға күтім жасау ғана емес, олардың өнімділігін оңтайландыруға көмектеседі.

QazTracker жүйесіне қосылу ақылды трекерді сатып алудан басталады. Оны келесі жолдармен сатып алуға болады. Freedom Bank арқылы бөліп төлеу — бұл көпшілік үшін ыңғайлы әрі қолжетімді. Немесе компанияның өкілдігіне жүгініп, бірден толық төлеммен сатып алуға да мүмкіндік бар.

IT компания мамандары датчикті жануардың құлағына орнатады. Орнату орны тараптардың менеджерлерімен келісіледі. Орнату ветеринардың қатысуымен, барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып жүзеге асырылады, бұл жануарлардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етеді. Ақылды датчиктер жануарлардың белсенділігін, қадамдарын және тіпті дене жағдайын бақылайды. Мобильді қосымшада мал басы туралы барлық ақпарат әрдайым қолжетімді. Аналитикалық платформа деректерді визуализациялайды, тәуекелдерді көрсетеді және негізделген шешімдер қабылдауға көмектеседі.

Яғни, ауруларды уақытында анықтау, емдеу мен профилактика шығындарын азайту, өнімділік пен шаруашылық кірісін арттыру, деректердің айқындылығы және әр шешімде барлық бақылау смартфонда. QazTracker фермерлерге малдың денсаулығы мен белсенділігін бақылауға арналған ақылды және заманауи шешімдер ұсынады. Мобильді қосымшадағы интеграцияланған визуализациясы бар құрылғылар жануарлардың күйін бақылауға көмектеседі.

Құрылғылар арқылы мынадай жағдайларға қол жеткізесіз: жануарларыңыздың белсенділігін бақылап, олардың қозғалыс деңгейін біліп отырыңыз. Қозғалыс жылдамдығын және жалпы белсенділікті бақылаңыз. Бастың жағдайын бақылап, жануардың қаншалықты жиі тамақтанатынын біліңіз. Барлық мәліметтер қосымшада визуализацияланады, бұл мал өсірушілердің жұмысын бірнеше есе жеңілдетеді.

Мінекей, шымкенттік стартап IT компаниясы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, фермерлерге ыңғайлы қаржыландыруды ұсыну және ірі қара малды басқару бойынша нарыққа бет алды. Жаңа жоба одан әрі дами түспек. Ең бастысы, талапты азаматтар өз идеяларын іске асырып жатыр. Біз олардың қадамдарына сәттілік тілейміз.

Алдағы уақытта жергілікті компания өкілдері жобаны бұдан әрі дамытып, фермерлер үшін тиімді шешімдерді ұсынбақ. Ол енді уақыттың еншісінде.

 

Т.ҚАСЫМОВ

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win