Биыл аймақтық телевизия тарихында өзіндік орны бар «Оңтүстік» телеарнасына – 35 жыл. Осы жылдар ішінде арна талай кезеңді бастан өткеріп, өңірдің шежіресіне айналды. Уақыт өткен сайын телеарнаның хабар тарату тәсілі де, көрерменмен байланыс орнату мәдениеті де жаңарып келеді. Соңғы жылдары эфир форматы түрленіп, әлеуметтік желідегі белсенділігі артты. Көзі қырағы көрермен бұл серпінді бірден байқайды. Бұрын тек теледидар арқылы көріп жүрген бағдарламалар бүгінде онлайн кеңістікте де қолжетімді. Бұл – уақыт талабына сай жаңарып отырған қадамдардың бірі.
Қазір ақпарат кеңістігі иінтіресіп тұр. Бұл бір – жаңалықтың да, пікірдің де бағасы жылдамдықпен өлшенетін кезең. Осындай қарбалас дәуірде сенімді, нақты әрі салмақты хабар тарататын бұқаралық ақпарат құралының орны бұрынғыдан да маңызды. Телеарнаның міндеті – тек жаңалық жеткізу емес, қоғамдағы өзекті мәселелерді талдап, көрерменмен байланыс орнату, ақпаратқа адами жылу беру.
Осы орайда, біз өңірлік журналистиканың бүгінгі тынысы мен даму бағыты, телеарнаның жаңа кезеңдегі беталысы туралы «Оңтүстік» телеарнасының директоры Саламат ОМАШПЕН сұхбаттастық.

– 35 жыл бір адамның тұлға ретінде қалыптасар кезеңі деуге болады. Ал, телеарна осы 35 жылда өз тарихын қалай жазды? Бір мекеме, еңбек ұжымы туралы айтарда, әр жылдардағы басшылардың қалдырған қолтаңбасынан айналып өте алмаймыз ғой. Сол айтқандай, телеарнаның әр жылдардағы басшылары нені өзгертті? Қандай жаңалық әкелді?
– Биыл 5 қарашада телеарнаның құрылғанына 35 жыл толады. Бұл дегеніңіз – өте үлкен тарих. «Оңтүстік» арнасын қарашаңырақ деп бекер айтпайды. Себебі, осы телеарнада қызмет жолын бастағандар қазір республиканың әр өңірінде түрлі салаларда жұмыс істеп жүр. Олардың арасында танымал журналистер де, депутат та, қоғам қайраткері де, атақты әнші де, кәсіби актер де бар. Бұл телеарнаны талай майталманның жолын ашқан, алғашқы баспалдақ болған тарихи жер деуге де болады. Бастапқыда ғимараттың үшінші қабатында қазақ бөлімінде бес, орыс бөлімінде екі адам отырып жаңалық шығарған. Сол кездегі Шымкент облысындағы жалғыз телеарна болыпты. Көлік жоқ. 25 келі камераны көтеріп, түсірілімге жаяу шығатын кез. Тек Шымкенттегі емес, алғаш ашылған барлық телеарналар осындай жағдайды бастан өткерді деп ойлаймын. Телеарнаны
12 жыл басқарған, ел аузында оңтүстік журналистикасының атасы атанып кеткен Байдулла Қонысбек алғашқы ұжымның іргетасын қалады. Телевизияның қара нары Қалыбек Атжан ғимаратты бүгінгі қалыпқа лайықтады, жаңа жобалар енгізді, дала студиясын ашты. Ұзақ жылдар басқарған Уәли Қыдыр телеарнаны бір жолға түсіріп, жаңаша бағытта дамуды қолға алды. Менің ойымша, әр басшының өзіндік орны бар, әрқайсы да телеарна тағдырына алаңдаған, барынша оң өзгерістер жасауға күш салған тұлғалар болды деп есептеймін.
– Жергілікті телеарнаны жергілікті халық қаншалықты іздейді? Жаңа хабарлар, бағдарламалардың қаралымы қандай деңгейде?
– Жасаған контент неғұрлым сапалы болса, соғұрлым аудиториясы да артады. Ірі державалардағы ақпарат саласының алып компаниялары «Көрермен нені қажет етсе, біз соны береміз» деген принципті ұстанады. Біреулер бұл үрдісті көрермен ығына жығылу десе, енді біреулер қажеттіліктен туындаған жағдай дейді. Қалай болғанда да БАҚ белгіленген заңдылықтан аттамай, тепе-теңдікті ұстауға тиіс. Біз ұсынатын жобалардың басым бөлігі жергілікті көрерменге арналған. Көрерменнің сұранысын 100 пайыз қанағаттандыру мүмкін емес, әрине. Бірақ, әр бағдарламаның өз көрермені болады, тікелей эфир барысында хабарласып, сұрақтарын қояды. Біздің телеарна әр бағыттағы жобаларды жасап, эфирге береді. Қазір әлеуметтік желі дамыған заман. Кез-келген телеарнадағы жаңалықтар мен бағдарламаларды әлеуметтік желіден немесе арнайы қосымшадан көруге болады. Сөздің ашығы керек, бүгінде қаралымды әлеуметтік желілерге қатысты анықтайтын болдық. Қазір осы бағытты дамытып жатырмыз.

– Республикалық арнадан келдіңіз, өңірлік телеарналарды қай бағытта дамыту керек деп ойлайсыз? Не жетіспейді?
– Қазіргі таңда өңірлік телеарналар қарқынды дамып келе жатыр. Көрерменге не керек екенін жақсы біледі. Әрине, ақсап жатқан тұстары да бар, бірақ, реттеуге болатын дүниелер. Мысалы өңірлік телеарналарға креатив жетіспеуі мүмкін. Бірақ, бұл тек журналистерге емес, режиссер, монтажер, дизайнер, оператор, жалпы имидж қалыптастыратын қызметкерлерге қатысты. Біз телеарна қызметкерлерін жылына бірнеше рет арнайы оқытуды қолға алдық. Сонымен қатар, Астанадағы мамандармен де тәжірие алмасып отырамыз. Жасыратыны жоқ, телеарнадағы техникалық базаның біразы ескірген. Дегенмен, жыл өткен сайын жаңарып келеді. Жетіспей жатқан көлік, монтажға арналған компьютерлер, дрон сияқты қажетті техника алынып жатыр. Бұл жердегі мәселе қаржыға тіреледі. Қазіргі таңда халық жаппай теледидар көрмейді. Сол себепті жарнама да көп емес. Оның үстіне Шымкент қаласында бес телеарна бар. Бұл дегеніміз бәсекелестік өте жоғары деген сөз. Сондықтан жұмыстың бәрі жоспар бойынша іске асып жатыр. Жұмысқа кірісе салып қолға алған дүние – ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу болды. 1967 жылы салынған ғимараттың қазіргі жағдайы айтпаса да түсінікті деп ойлаймын. Әрине, үлкен істің оңайы болмайды. Бірақ Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен жөндеу жұмыстары биыл басталады деген жоспарымыз бар.
– Әр басшының өз мектебі, өз ізі болады. Сіз басшылықта қандай қағиданы бірінші орынға қоясыз? Журналист қандай болуы керек?
– Басшылардың мектебі қандай болатынын мен біле бермеймін. Мен – журналиспін. Ал, қызмет деген уақытша нәрсе ғана. 35 жылдық тарихи бар үлкен ұжымды басқару оңай емес, әрине. Қанша адам болса, сонша мінез болады. Әркімнің қарым-қабілеті мен ой-өрісі әртүрлі. Әр қызметкер – жеке тұлға, жалпылама қарауға болмайды деп түсінем. Басты орынға қоятын қағидам – ұйымшылдық пен әділдік. Ұжымның ауызбіршілігі болса, алынбайтын қамал жоқ. Қазіргі таңда телеарнадағы қызметкерлердің басым бөлігі жастар. Жаңашылдықты бойына тез сіңіреді, түсінісу оңай. Ал, із қалдыру туралы ойланған емеспін. Істеп жатқан ісің адал болса, өзіңе тән кішкентай ғана талантың болса, жазуың дұрыс, ойың тура болса атқарылған жұмыстың нәтижесін көретіндер көреді, айтатындар айтады деп ойлаймын. Жалпы журналистика үнемі даму үстінде болатын сала. Қоғамның ығына қарай, заманның талабына қарай дамып отырады. Бүгінгі таңда журналистикаға қойылатын талап та басқа, көзқарас та бөлек болуға тиіс. «Масс-медиа туралы» заңда «Журналистің ерекше мәртебесі» ұғымы енгізілді. Ол журналистің құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, ақпаратты іздеу, сұрату, алу және тарату кезінде кеңейтілген құқықтарды қамтиды. Сонымен қатар, бүгінгі таңда журналистерге қойылатын талап та күшейтілді. Журналист болу үшін бәсекеге қабілетті болуың керек. Жазуың жартылай шала болып, айтар ойың көрермен көкейінен шықпаса ысырылып қала бересің.
– Қазір телеарна басшылығымен қатар Қазақстан Журналистер Одағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы деген қоғамдық қызметіңіз бар. Өзіңізге мәлім, қазір дәстүрлі БАҚ-тардың тиражы мен телеарна көрерменінің саны азайып, есесіне, сайттар мен әлеуметтік желілер үстемдік құра бастады. Әлеуметтік желілерде өзін кәсіби журналистке балайтын блогерлер қаптап кетті. Бұл отандық журналистиканың кәсібилігіне, сапасына әсер етпей ме?
– Кәсіби журналист қашан да кәсібилігін сақтап қалады. Ал блогерлер туралы айтқанда, менің ойымша, екі жақты қарастыру керек. Бүгінгі таңда технологияның ғарыштық жылдамдықпен дамуына байланысты дәстүрлі журналистика кенже қалып бара жатқандай көрінуі мүмкін. Газет, радио, телевизия ақпаратты дер кезінде тарату бойынша блогерлермен бәсекеге түсе алмайды, әрине. Олар болған оқиғаны дер кезінде салады немесе миллиондаған көрерменге тікелей эфирде көрсете салады. Бірақ, блогерде фактчекинг деген болмайды, видео немесе жазбалары көбіне эмоцияға негізделеді. Сәйкесінше жауапкершілік те төмен. Сөздің шыны керек, қазір фейк, яғни, жалған ақпараттан аяқ алып жүре алмайсыз. Ал дәстүрлі БАҚ тексерілген, сенімді, шынайы ақпарат таратады. Бұл – журналистиканың негізгі талаптарының бірі. Екінші жағынан блогерлер журналистерді шапшаңдыққа, бәсекеге қабілетті болуға, креативті болуға итермелейді деп ойлаймын.
– Алдағы маусымда көрермендерді қандай жаңа жобалармен қуантпақсыздар? Авторлық бағдарлама түсіру ойыңызда бар ма? «Оңтүстік» телеарнасының тарихында не қалдырғыңыз келеді?
– Жеке бағдарлама туралы ойланғаным жоқ. Ал, телеарна тарихында қалу үшін білікті, креативті, іскерліктен бөлек әділ болу керек деп есептеймін. Жаңа маусымда бірнеше жаңа жобаның тұсауын кестік. «Қайықта» деп аталатын жоба Түркістан қаласындағы «Керуен-сарай» туристік кешенінде, жасанды өзендегі қайықта түсірілді. Бағдарламада Түркістанды түлетіп жүрген азаматтар, зиялы қауым өкілдері мен елге танымал мәдениет, өнер, ғылым саласының танымал тұлғаларымен ашық сұхбат өрбиді. «Сөзталқы» хабарына өңірге белгілі ғалымдар, тарихшылар, қоғам қайраткерлері қатысады. Олар аймақтың тарихын, көпшілік біле бермейтін деректер айтады. Ойын-сауық бағыттағы «Ойна да, ойлан», әскери бөлімшелердегі сарбаздар өмірін баяндайтын «Сарбаз», облыстың көрікті де тарихи жерлерін туристерге таныстыратын «Ғажайып мекен» жобалары көрермен көзайымына айналып үлгерді. Көрермен – құдіретті күш. Оны алдай алмайсың. Көзі қарақты көрермен барда телевидение де дами береді.
– Әңгімеңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ
