
Жұмамұрат Тұяқбаевтай білікті журналист-қаламгер негізін мықтап қалаған, айтулы басылым көз алдыма келеді. Мен бұл газетте 1993-1998 жылдар аралығында қызмет атқардым. Газетке келуімнің өзі бір қызық.
Еңбек жолымды тілші-аудармашы болып бастаған Сайрам аудандық «Мәртөбе» («Еңбек туы») газетінен қалалық газетке ауыстым. 1993 жылдың ақпан айы. Екі айлық сынақ мерзімінен өтетінімді ескерткен газеттің бас редакторы Жұмамұрат ағай алдымен басылым туралы пікірімді сұрады. Атын естігенім болмаса, бұл газетті бұған дейін ашып оқып көрмегенмін. Шынымды айтсам да, іштей қобалжу бар. Жұмысқа алмақ түгілі ашуланып «Бізге несіне келіп отырсың?» дейтін жөні бар. Бірақ, ағай олай демеді, керісінше, байыпты қалпынан танбай «Өтірік айтпағаныңа рақмет. Бұдан кейін де тек шындықты айтатын бол» деді. Бірінші күнгі тапсырмасы – газет тігіндісін ақтарып, қандай арнаулы беттер, нендей айдарлар барымен танысып шығу. Келесі күні оқырмандардан пікір жинап келуге жіберді. Қазіргідей әлеуметтік желі түгілі ұялы телефон жоқ кез ғой. Қалада газет сататын дүңгіршектер баршылық заман. Сол көп дүңгіршектердің бірнешеуіне барып, «Шымкент келбеті» газетін сатып алып жатқандар кезіксе бас салып пікір сұраймын. Көбі қазақшадан гөрі «Панорама Шымкента» газетін сатып алып жатты. Себебін сұраймын. Айтқандарын бас редактор бірінші күні сыйлаған сыртына газеттің аты жазылған алақандай көлемді, әппақ ақ блакнотқа жазып аламын. Үшінші күні бас редакторым «Та-а-ак, сен іссапарға дайындал. Қазақтың жігіттері әскерден қашып жатыр. Әсіресе, Шымкенттен барғандар әскери тәртіпке шыдай алмайтын көрінеді. Осы мәселені сарбаздардың өзінен сұрап, біліп қайтасың» деді. Шымкенттің төңірегіндегі әскери бөлімшеге барармын деп ойладым. Сөйтсем Талдықорғандағы әскери бөлімшеге баруым керек екен. Күн сайын ауылдан қатынайтын, «Көл» аялдамасынан редакция орналасқан Республика даңғылындағы ғимаратқа сары ұзын №5 автобустан басқа маршрутты білмейтін, өздігімнен көшеге шықсам адасып кететін, ұжым мүшелерімен танысып та үлгермеген мен үшін Талдықорғанға бару, қазіргі тілмен айтқанда «шоктың шогы» болғаны рас. Қасымда сарбаздардың аналар комитетінің төрайымы – шымкенттік орыс апай бар. Біз пойызбен жолға шыққан күні Шымкентте қалың қар жауды. Ал Талдықорғанға келесі күні түнде жеткенімізде аяз ұлып тұр екен. Аяқта биік өкшелі жұқа етік, үстімде қысқа тон, бас жалаңбас, не керек, Талдықорғанда үсіп қала жаздағаным есімнен кетпейді.
Біз барған әскери бөлімшеде Шымкенттен келген жігіттер көп екен. Әскери бөлімше басшысы орыс ұлтының өкілі казармалардан бастап әскери бөлімнің бар тыныс-тіршілігімен өзі таныстырып шықты. Арасында «Қазір мектептерде дене шынықтыру сабағы болмайтын болған ба? Әсіресе, сіздер жақтан келетін бозбалалар әлжуаз. Есесіне, аймаққа бөлініп төбелескенде бірін-бірі аямайды, қатты күреседі» деп қояды. Сарбаздармен емен-жарқын әңгімелесуге жағдай жасады. Олар маған аты-жөндерін көрсетпей жазатын болсам ойларын ашық айтатындарын, әскерден не үшін көбі қашып жатқанын бүкпесіз баяндайтынын ескертті. Келістік. Әңгіме тиегі ақтарылды.
Қоштасарда әрқайсысы өздерінің мекенжайларын беріп, аты-жөндерін толық жазып хат ұстатқандары тіпті қызық болды. «Біздің үйге соға кетіңізші, мені уайымдамасын» деп жатты. Бір-екеуі жүргізуші куәліктерін беріп, «үйге апарып бере салыңызшы» деп аманаттады. Шымкентке оралған соң аманаттарын орындадым. Оның да өз қызығы жетерлік. «Баламызды әскеріне іздеп барсаң, сен біздің болашақ келін болғаның ғой онда» деген ата-аналар да табылды. Бәрін қайтадан тәптіштеп түсіндіріп әуреге түстім.
Бір аптаға созылған Шымкент-Үштөбе-Талдықорған сапарынан келе сала «Тәуелсіз елімізді кім қорғайды?!» деген жолжазбалық көлемді репортажымды жазып, редакторға өткіздім. Жұмамұрат ағай оқып шықты да газеттің айқарма бетіне жариялауға ұсынды. Сөйтті де «Сені жұмысқа қабылдаймыз. Сынақ мерзіміңді қысқарттым» деп жаңа тілші ретінде ұжымға таныстырды. Бұл 1993 жыл ақпанның 15-і болатын.
Менің бұл басылымдағы алғашқы мақаламның тақырыбы арнаулы бет атауына айналды. Айына бір рет патриоттық тәрбиеге негізделген «Тәуелсіз елімізді кім қорғайды?!» атты бет жарық көріп отырды. Қазақ жастарына рух беретін, өз егемендігін алған елдің нағыз қорғаны тек қазақ жастары екенін айтып отыру сол кезеңде өте қажет болатын.

Жұмамұрат Тұяқбаев қаншалықты қатал, талапшыл болса да әділдікті қолдайтын. Қайсыбір мәселеде болмасын ең алдымен редакция тілшілерін қорғайтын. Осындай қолдау барын сезінгендіктен де болар, біздің редакция тілшілері батыл еді. Сол батылдықтың белгісі – облыстағы бірнеше полковникпен редакция арасында дау-дамай туындап, мәселе сотта қаралды. Олардың қатарында сол кездегі облыстық әскери комиссариаттың басшысы, ішкі істер басқармасындағы лауазымды тұлғалар бар. Мәселе – көше бойында канистрамен сатылып жатқан жанармай туралы еді. Тоқсаныншы жылдары жанар-жағармай стансаларында жанармай мүлдем жоқ деуге болады. Есесіне, көше бойында әр аттам сайын бөтелкемен, канистрамен жанармай сатып отыратындар бар. Шымкентіңізде. Орталық көше бойында осындай көрініске көз үйренген. Заправкада жоқ жанармайды олар қайдан алады? Көше бойында еркін жанармай саудасын қыздыруға оларға кім рұқсат берді? Мәселені зерттей келгенде бұл сауданың «крышасы» құқық қорғау органдарының басшыларына барып тірелетіні мәлім болды. «Шымкент келбеті» газеті мұны ашық жазды. Бұл сын кімге ұнасын? «Дәлелдеңдер» дегендер сотқа сүйреді.
Облыстағы кәсіптік-техникалық училищелерді сол кезде білім басқармасының басшысы болған Сайлаукүл Барақова аман алып қалды. Басқа өңірлерде бұл мекемелердің ғимараттары жекешеленіп, болмаса негізгі мақсат-міндеті өзгеріп жатты. Ал бізде Барақованың табандылығының арқасында бірқатар училище сол күйі сақталды. Мұны да «Шымкент келбеті» қайта-қайта мәселе етіп көтеріп, «училищелер жабылса кәсіптік маманды кім даярлайды? Слесарь таппай қаламыз ертең» деп жазып жатты.
Тоқыма фабрикасының жұмысшылары тұратын Ғ.Іляев көшесіндегі қыздар жатақханасындағы тәртіпсіздіктер, ауылдан қалаға жұмыс іздеп келген қыздардың кей жат қылықтары қоғамдық мәселеге айнала бастаған. Дәл сол жатақханада бас редакторымыз Жұмамұрат Тұяқбаев ағайдың тікелей мұрындық болуымен редакция «Қызым, саған айтамын…» тақырыбында бірнеше рет дөңгелек үстел жиынын өткізді. Газет бетінде отбасы, қыз тәрбиесіне қатысты мәселелер, тәрбиелік мақалалар ұдайы беріліп тұрды.

Осының бәрі де бас редакторымыз Жұмамұрат Тұяқбаевтың батылдығының, қоғамдағы кемшілікті ашық айтып сынауда тілшілердің тайсалмауына жағдай жасауынан болды деп ойлаймын. Жағдай дейтіндей, сол кезде журналистерде анау айтты артықшылық болған жоқ. Тұтас елмен бірге әлеуметтік-экономикалық қиындықты бастан өткердік. Айлап жалақы алмай, айлықтың орнына заттай бұйымдар, макарон, вермишель алып күнелткен кезіміз де болды. Редакцияның материалдық-техникалық жағдайы да қазіргідей емес. Бір кабинетте 7-8 адам отырамыз. Ортадан тиын-тебен шығарып шәй ішеміз. Оны «бойдақ шәй» деп көңілімізді демдейміз. Газетіміздің жауапты хатшысы Оралхан Дәуіт жұмыстан соң қалып, келесі нөмірді басуға арналған пленка-парақшаларды ацетон қышқылымен жуып шығады. Пайдаланған парақша бетіндегі жазуларды ацетонға малынған мақтамен біртіндеп сүртіп шығады. Пленка қат. Бір парағын бірнеше рет осылай қолдануға мәжбүрміз. Қиындыққа қарамастан өзінің жекеменшік баспаханасын ашқан, қала көшелерінен өзінің жекеменшік газет сататын дүңгершектерін ашқан Шымкентті сол кездегі жалғыз басылым «Шымкент келбеті» болды. Мандайшасына «Шымкент келбеті-Панорама Шымкента» деп жазылған сары дүңгершектер көзімізге оттай басылатын.
Жоғарыда айтқанымдай, шындықты айтатын, қоғамның кемшілігін ашық жазатын газеттің абыройы жоғары болды. «Ұлт зиялысы зиялы ма, зиянды ма?!», «Бұрымың қайда қазақтың, қаракөзі?!» деген тақырыптар газеттің тұрақты айдарына айналды. Сан түрлі хаттар, тақырыпты талқылаулар оқырмандарымызды көбейтті. «Шымкент келбеті» газетінің Қазығұрт, Отырар, Бәйдібек, Төлеби, Созақ, Арыс аудандарда оқырманы көбейді. «Қыз өссе елдің көркі…» тақырыбымен ауылымызда дөңгелек үстел өткізсеңіздер» дейтін оқырмандардың тілегін орындап, аудандарға да шықтық. Арыстан – Әбдімәлік Ағыбай, Төлебиден – Сыдық Құмарұлы, Созақтан – Жарылқасын Боранбай, Шәуілдірден – Файзулла ағай (тегін ұмыттым) біздің меншікті тілшімізге айналды.
Жұмамұрат ағай «газет – авторлармен мазмұнды. Өздерің жаза бермей авторларға да орын беріңдер. Оларсыз газет – газет емес» дейтін. «Шымкент келбетінде» белгілі қаламгерлер Мархабат Байғұт, Әсілхан Оспанұлы, Әмір Мұсақұлов, Керімбек Сыздықов, Ханбибі Есенқарақызы, Нармахан Бегалыұлы, Нәмет Сүлейменов, Серік Жанәбіл, Әмзе Қалмұрзаұлы, Пайыз Кәдеев, Жолдас Ақбердиевтердің шығармалары, қоғамдық мәселелерге қатысты айтқан мақалалары жиі жарияланатын. Оқырман олардың оралымды ойларын іздеп жүріп оқитын.
Жаңа нөмір шыққан күннің ертесіне таңертең редакцияға белгілі ғалым, жазушы Әсілхан Оспанұлы келетіні әлі есте. Егер ол кісі ашуланып келген болса, онда газетте қате кетті деген сөз. Әлі есте, Шымкентте өз атауын «колледж» деп ауыстырған ең алғашқы оқу орыны – гидромелиоративті техникум. Сол колледжге қатысты ақпарат жарияланады. Бұрынғы техникум, училищелер әлі колледж бола қоймаған кез. Әсілхан ағамыз редакцияға жаңа нөмірді қолына алып ашуланып келсін. «Мынау не сөз?! Неге шетелше сөз қолданасыңдар?!» деп ұрысты. Оқу орнының атауы ауысып ресми түрде колледж болғаны рас. «Осылай шетел сөздерімен атала берсе қазақ тілі қайда қалады? Орысша атауларды жоя алмай жатқанда шетелше атау беру кімге керек?!» деп ашуланды. (Осы күні ойлаймын, қайран, тіл жанашыры, ғалым ағамыз тап қазіргі маңдайша жазуларды, атауларды көрсе тіптен ашуланатын еді-ау) Ол кісі редакцияға «Айналайындар, жарайсыңдар!» деп те келетін кезі жиі еді. Ондайда жазғанымыз ұнаған, сол мақалаға орай өзінің ойын айтқысы келгені деп қабылдаймыз.
Мемлекеттік тіл мәселесі, көше аттарын ауыстыру, тарихи атаулар беру, қазақ тұлғаларының есімдерін жаңғырту ісінде «Шымкент келбеті» газеті белсенді болды. «Қазақ тілі» қоғамымен қоян-қолтық еңбек етті.
Редакция ұжымы өте тату болдық. Ұжымның ауызбіршілігін, ұйымшылдығын сақтауда да Жұмамұрат ағаның еңбегі зор еді. Ұжым болып театрға бару мәдениетін қалыптастырды. Өзі жұбайы Мәдет апаны ертіп театр қойылымдарынан қалмайтын. Ұжым мүшелерінің той-томалағына да апай екеуі қол ұстасып барып үлгі көрсетіп, іс-шарада төрт көзіміз түгел болуын қадағалайтын. Бұл бізді бір үйдің баласындай етті.
Ол жылдары редакцияда республикалық басылымдардың бәйгесін алған белгілі қылқалам шебері Суат Бегмановтай, бүгінде шетелдік туристерге қазақтың этномадениетін насихаттап жүрген, суретші, қолөнерші, музыкант Кендебай Қарабдаловтай, бүкіл облыс пен қаланың суретті тарихын жасаған Әбдіуәлі Розметовтей фототілші, мінезі қандай байсалды болса, жазуынан да бекзаттық есіп тұратын бас редактордың орынбасары Бекзаттар Дінәсіловтей, макет ойнатудың шебері, мақаланың оқылуына көп септігін тигізетін газет бетінің көркемдігіне жауапты Нұрлан Кенжеғұловтай білікті аға буын журналистер бізге қамқоршы болды. Өзі өндірістік газеттен қатарымызға жаңа қосылса да ұжымға бірден сіңісіп кеткен экономика тақырыбына қалам тербейтін Ләззат Ноғайбаева, газеттің қатесіз шығуына барын салатын Лира Сапабекова апайларымыз бізге көп үлгі болды. Бастапқыда «Қайнайды базардың қара қазаны» деп сол кезеңдегі сауда-саттық мәселелерін жазатын Айгүл Мамыт біртіндеп құқықтық тақырыптарға ауысты. Заңнамалық «Таразы» бетінде Айгүл дайындаған «Түрмеден келген хаттар…» топтамасын оқырман асыға күтіп оқитын. Сөйтіп жүріп Айгүл Ерденқұлқызы талайлардың тағдыры тәлкекке түспеуіне де атсалысты. Газеттің жауапты хатшысы болғанға дейін Оралхан Дәуіт әріптесіміз де «Сайыпқыран» спорт беті мен денсаулық, әлеуметтік салаға қатысты мәселелерді жазу арқылы оқырманға танылды.

1993-1999 жылдар аралығында «Шымкент келбетінде» әр тілшінің өзінің авторлық жобасы-арнаулы беті болды. Десе де тату ұжымда арнаулы беттерге бірлесіп атсалысу үрдісі қалыптасты.
Мен жетекшілік ететін жастарға арналған «Жазира» беті арқылы Бақытжан Алдияр, Құндызай Қалауова, Әзімхан Қойлыбаев сынды сол кездегі студент жас талант ақындардың өлеңдері ұдайы жарияланып, оқырманға таныстырылып жатты. Мұрат Махановтай белсенді студентке редакция стипендиясы тағайындалды.
Ләззат Ноғайбаева апайымыздың жетекшілігімен балаларға арналған «Балбөбек» қосымшасы шыға бастады. Кейін бұл қосымшаны Атанбек Наурыз ағамыз біраз жыл жалғастырды. Бұл қосымшаның да қазір елге танымал бірқатар журналистердің тырнақалды мақаласын жариялап, журналистикаға бағыт алуына септігі тигені рас. Олардың қатарында Назира Байырбекова, Әйгерім Бегімбеттің барын жақсы білеміз. Балалар газетін шығарған қос әріптесімізге қарата «Балбөбектің» апасы мен атасы» дейтінбіз әзілдеп.
Үзеңгілес әріптестеріміз – «Панорама Шымкента» газетіндегі журналистер де кілең сайдың тасындай іріктелген азаматтар еді. Орысша газет бойынша бас редактордың орынбасары Райхан Ақбергенова апайымыз өте жайдары жан еді. Қаламы қарымды журналистер Эльмира Бердіғалиева, Фарида Шарафуддинова, Әлия Еңсебаева, Ербол Тұяқбаев, Ольга Каплина, Галина Хан (Герман) орыс тілінде жарық көрген басылымның белді тілшілері ғана емес, газеттің беделін көтерген нағыз кәсіби мамандар еді. Бұл газеттің де балаларға арналған «Детский парк» қосымшасы болды. Оған ұзақ жыл Әлия Еңсебаева жетекшілік етті.

Орайы келгенде айта кететін тағы бір мәселе, Жұмамұрат ағайымыздың өзге редакцияларға, медиа өкілдеріне деген әріптестік құрметінің жоғары болғаны. Сол жылдары «Айғақ» газеті жаңадан шығып жатты. Әлі іргелі редакция қалыптасып үлгермеген кезі. Бас редакторымыз жиналыста «Жаңадан ашылып жатқан тәуелсіз басылым екен. Кәсіби журналисттерді табу да бірден оңай емес. Реті келіп жатса, барған іс-шараларыңнан ол газетке де арнайы бөлек мақала жазып беріп атсалысқандарың жөн. Кейін өз көштерін өздері түзеп алып кетер. Біздің әріптестік көмегіміз болсын, уақытша болса да демей тұрайық. Ол басылымды «Біздің таралымды тартып алардай бәсекелес көрмеңдер. Қазақ тілді басылымдардың көбейе бергені дұрыс» деді. Расында да осыдан кейін редакция тілшілері «Айғаққа» арнап мақала ұсындық. Құрылтайшысы белгілі журналист – Дулат Әбіш. Редакторы Еркін Досымбай әріптесіміз еді.
Дәл осындай әріптестік қарым-қатынас Байдулла Қонысбек ағамыз басқаратын облыстық телеарнамен де өте жақсы болатын. Газеттің жаңа нөмірін эфир арқылы насихаттауға Байдулла ағай арнайы уақыт бөлгізді. Әлия әріптесіміз екеуміз барып, ол орышасын, мен қазақшасын айтып көрерменді газет оқуға үгіттейтінбіз. Жоғарыда айтылған кейбір мәселе бойынша болған сот процестеріне арнайы қатысып «Айғақтың» басшысы Дулат Әбіш, облыстық телеарна тілшісі Ерсұлтан Әмірбек, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Анар Аспан «Шымкент келбеті» газетінің мүддесін қорғап сюжеттер жасағаны, мақалалар жариялағаны да әлі есте.
Мұның бәрін тәптіштеп айтқандағы мақсатым, бүгінгідей көрпені әркім өзіне қарай тартып, журналистикаға қатысты ортақ мәселеде «күл болмасаң бүл бол» деп сырттан қарап тұру, «олар бізге бәсекелес қой» деп игі ісін айтып, насихаматтамау деген ол кезеңде болмады. Журналистердің илегені бір тері еді. Бәлкім мұның бәрі барлығын ұйыстыра білген Жұмамұрат Тұяқбаевтай тұлғаның табандылығы, талапшылдығының арқасында болар?! Қалай болған күнде де мен дәл сол тұлғаның мектебінен өтіп, бүгінде бағындырған белесі биік, атақ-абыройы қалыптасқан басылымда қызмет атқарғаныма мақтанамын. 1998 жылдың сәуір айында облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне қызмет ауыстырдым. Қалалық газетте жинаған тәжірибем маған көп септігін тигізді. Облыстық басылымда қалаға қатысты мәселелерді жазуға, «Тұяқбаевтың кадры» деген аттың көмегі көп тиді.
Әр кезеңнің өз қиындығы болды. Болады да. Сол қиындықты еңсеріп келе жатқан Шымкенттей мегаполистің бас басылымы – «Шымкент келбетінің» мерейі дәйім үстем бола берсін. Жаңа буын, жаңа леп келіп жаңарып жатуы өмір заңдылығы. Қоғамның тынысын айшықтап, тарихта тасқа басқан таңбадай сақталып қалатын бұл – мерзімді басылым.
Мерейтойларыңыз құтты болсын, әріптестер!
Жәмила МАМЫРӘЛІ,
газеттің 1993-1998 жылдардағы тілшісі
