
Шымкент қаласындағы М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастармен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне арналған арнайы кездесу өтті.
Іс-шараға Мемлекет және қоғам қайраткері, Шымкент қалалық Қоғамдың кеңестің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша комиссияның төрағасы Жанысбек Өтеген, «Жаңару» РҚБ Шымкент қалалық филиалының директоры Қанатбек Досалиев, Полиция департаменті басшысының орынбасары Бақтияр Есжанов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Серғали Жанұзақов, М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжі директоры Мұсахан Өтегенов, сондай-ақ білім ошағының студенттері мен оқытушылары қатысты.
Кездесуді жүргізген Қанатбек Досалиев өз сөзінде қоғамдағы оң өзгерістер мен жастардың белсенділігі туралы айта келе «Бұрынғыдан қарағанда оң өзгеріс болып жатыр. Бұл өзгеріс қоғамда жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың өсуіне әкелуі керек. Қазіргі жастардың белсенділігі артып келеді, бірақ кейде олардың бойында рухани қасиет жетіспейді. Соған қарамастан, жастар арасында үлкен өзгеріс бар. Президенттің бастамасымен құрылған «Жаңару» қозғалысы бүгінде жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. 2012 жылдан бері елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыстың негізі қаланды. Қазір қоғамдық институт ретінде дамып келеді. Бұл ұйым жастардың бойында жемқорлыққа қарсы иммунитет пен мәдениетті қалыптастыру жолында жұмыс істеп жатыр» деді. Сонымен қатар ол жуырда Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша осы қозғалыстың төрағасы болып тағайындалғанын айтып өтті. Оның айтуынша, бұл сайлау емес, ресми бұйрықпен берілген міндет. «Бұған дейін де партияның басшылығында жүріп, қылмыс пен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында көптеген іс-шараны ұйымдастырдым. Енді қоғамдық ұйым ретінде бұл істі жүйелі жалғастырамыз. Алдағы уақытта барлық оқу орындарымен және жастармен тығыз байланыс орнатуды жоспарлап отырмыз. Бүгін қозғалыстың «Жастар қанаты» құрылды. Енді онымен бірігіп, ортақ мақсатта жұмыс істейтін боламыз», деді «Жаңару» РҚБ қалалық филиалының директоры.
Кездесуде сөз алған Мемлекет және қоғам қайраткері Жанысбек Өтеген де сыбайлас жемқорлықтың қоғамға қаупін және рухани тазарудың маңызын атап өтті. «Біз сіздермен бірнеше рет кездесіп жүрміз. Бүгінгі көтеріп отырған мәселе еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу болып отыр. Бұл елімізде өте өзекті тақырыпқа айналған. Президентіміз де «Жаңа Қазақстан құрамыз» деп нақты қадамдар жасап жатыр. Алайда жергілікті деңгейде бұл бағыттағы жұмыстар халықтың көңілінен толық шығып жатқан жоқ. «Жаңа Қазақстан» дегенді ең алдымен көңілді тазалау, жүректі тазалау деп түсінемін. Біз өз елімізге деген сенім мен патриоттық сезім арқылы ғана өзгеріс әкеле аламыз. Өкінішке қарай, соңғы жылдары адамдар рухани құндылықтардан алыстап, тек материалдық дүниеге мән беріп кетті. Сондықтан ең алдымен рухани тазалық пен адамгершілікке қайта оралуымыз қажет», деді ол. Осылай дей келе ол қоғамдағы әділеттіліктің негізі сайлаудың ашықтығында екенін де тілге тиек етті. Оның айтуынша, елді өзгерту үшін төңкеріс жасаудың қажеті жоқ. Мұның салдары қауіпті болады. «Қазақстанды жақсартудың ең бейбіт әрі әділ жолы – әділетті сайлау өткізу. Әділетсіздік қоғамның сенімін әлсіретеді. Сол себепті, сайлау комиссияларына мұғалімдерді емес, партия мен қоғамдық ұйым өкілдерін тарту қажет. Сонда ұстаздар өз міндетінен қол үзбей, қоғам алдында таза болады. Мұғалім әділетті болса, бала да соны бойына сіңіреді. Тәрбиенің негізгі бастауы отбасында болады» дей келе қоғам қайраткері қоғам болып әділетті қоғам құруға атсалысуымыз керек екенін қадап айтты.
Полиция департаменті басшысының орынбасары Бақтияр Есжанов жастарды заңды құрметтеуге, қылмыстан бойын аулақ ұстауға шақырды. Оның сөзінше, қазір қоғамда түрлі қылмыстық оқиға жиілеп барады. «Біздің басты мақсатымыз, әсіресе, жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу болып отыр. Сол үшін білім алу мен тәрбиеге үлкен жауапкершілікпен қарау қажет. Соңғы уақытта синтетикалық есірткілердің таралуы, интернет алаяқтық, лудомания алаңдатып отыр. Бұл жастардың өміріне үлкен қауіп төндіретін індет екенін білесіздер. Осы бағытта полиция органдары ғана емес, бүкіл қоғам болып күресуіміз керек. Білім беру мекемелерімен, ұстаздармен және сіздермен бірлесе отырып, алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізіп келеміз», — деді ол.
Іс-шара барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Серғали Жанұзақов сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттағы жаңа өзгерістерді түсіндірді. Оның айтуынша, Президенттің биылғы 30 маусымдағы Жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірқатар функциялары қайта бөлініп, соның ішінде алдын алу бағыты агенттікке берілген. «Бүгінгі басты мақсат қылмыстық жауапкершілікке тартудан бұрын оның алдын алу шараларын күшейту болды. Бұл бағытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, мониторинг пен сыртқы талдау жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатыр», — деді ол. Сонымен қатар агенттік өкілі мемлекеттік қызметкерлер мен ұйым басшыларына кәсіпкерлікпен айналысуға болмайтынын ескертіп, мұндай әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті. «Кәсіпкерлерге заңсыз кедергі келтіру, бұрын жемқорлық қылмыс жасаған тұлғаларды жұмысқа алу сияқты заң бұзушылықтар үшін де жауапкершілік күшейтілді. Әрбір азамат заң аясында әрекет етуге тиіс. Жемқорлыққа жол бермеу – мемлекет мүддесін қорғау деген сөз. Егер сіз жемқорлық фактісіне тап болсаңыз, тәулік бойы жұмыс істейтін байланыс орталығына хабарласуыңызға болады», — деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ ол қоғамдағы «қолмен шешу оңайырақ» деген көзқарастан арылу керектігін, бұл бағытта жастардың рөлі ерекше екенін атап өтті. Себебі, білім беру ұйымдары мен мемлекеттік мекемелердің бірлесіп жұмыс істеуі жемқорлықсыз болашақтың кепілі екенін естен шығармаған абзал. Сондықтан әрбір жас адалдық пен әділдік қағидаттарын өмірлік ұстанымына айналдыруы қажет.
Жадыра МҮСІЛІМ
