Редакция таңдауы

Заман білімдінікі: Балаларымыз биоинженерия мен гендік технологияларды меңгеріп жатыр

Оңтүстік журналистерінің ортақ бірнеше чаты бар. Бір жақсы жаңалықты оқып қалып, сіздермен бөліскім келді. Шымкенттік оқушылар халықаралық байқауда екінші орын алған. «Ақтүйенің қарны жарылды» деп сүйінші сұрайтындай-ақ жағымды жаңалық.

«Шымкенттің оқушылары iGEM 2025 халықаралық байқауында күміс медаль иеленді

Парижде өткен синтетикалық биология саласындағы ең беделді халықаралық жарыстардың бірі – International Genetically Engineered Machine (iGEM) 2025 байқауында NIS-Kazakhstan командасы күміс медаль иеленіп, еліміздің атын биікке көтерді.

Бұл – Қазақстаннан қатысқан жалғыз мектеп командасы. Байқауда Шымкент қаласындағы екі Назарбаев Зияткерлік мектебінің (Қаратау және Абай аудандары) оқушылары, сондай-ақ, Петропавл мен Түркістандағы NIS және өзге де жалпы білім беретін мектептердің шәкірттері бірігіп, бір команда ретінде өнер көрсетті.

NIS-Kazakhstan командасы өз жобасында косметикалық өнімдердің қауіпсіздігін анықтау мәселесін көтеріп, қоғам назарын осы бағытқа аударды. Команда әзірлеген proof of concept жүйесі генетикалық модификацияланған HEK293T жасушаларының негізінде жасалып, косметикалық заттардағы гидрохинонды анықтауға мүмкіндік береді.

Зерттеудің келесі кезеңі – тұтынушыларға косметикалық өнімдердің құрамын өздігінен тексеруге мүмкіндік беретін портативті биосенсор құрастыру.

Осылайша, оқушылар халықаралық ғылыми аренада еліміздің биотехнология саласындағы әлеуетін танытып, инновациялық ойлау мен ғылыми ізденістің жарқын үлгісін көрсетті.

iGEM байқауы – биоинженерия мен гендік технологиялар арқылы жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған жас зерттеушілердің басын қосатын ең ауқымды ғылыми жарыстардың бірі. Биыл оған 60-тан астам елден 400-ге жуық команда қатысты, олардың қатарында университеттер мен аспиранттық деңгейдегі зертханалар да бар». Осы.

Бүгінде қит етсе «Шымкенттің оқу жүйесі қожыраған. Түк білім бермейді» дегенге аузымызды үйретіп алдық. Бұл – жақсы емес. Еске түсірейік. Шымкентте Сәуле деген қаланың шетінде бір шағын аудан бар. Жағдайы келіспеген, мектептері әлсіз деп саналып келген сол мектептердің бірінен Мақсат деген жеткіншек республика бойынша жалғыз өзі 120 балл алып, айды аспанға шығарған еді. Көбі күмәнданды. «Шымкенттіктер саудаға жақын ғой, сатып алған шығар» деген сөз де шықты. Білім министрі де күмәнданыпты.  Бірғаным Әйтімова республикадан мықты мұғалімдер әкеліп, әлгі баланың білімін тексерткен ғой.

Әйтімованың қатты қуанғанына куә болдық. Жеткіншек барлық сұрақтардан желдей есіп өткен. Білімпаз. Шымкентпен ғана шектеліп қалғанымыз жоқ. Жақында ғана қазақстандық оқушылар нанотехнология, ақылды робот құрастырудан әлемде бірінші орынға шықты. Жаңа технологиядан әлемді бағындырып тұрғаны бірінші рет емес екен. Төртінші рет.

Күні кеше Шымкентте жазушылардың шығармашылық кеші өтті. Жиында сөз алған қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек іштей күтіп жүрген жақсы жаңалықтың шетін шығарды.

Бүгінде оқушылардың сөйлеу, ойлау, жазу мәдениетіне сын көп айтылады. Бұрынғы ұрпақтың артықшылығы осы шетін мәселеге ерекше көңіл бөлінетін. Осының бәрін ой елегінен өткізген қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қала мектептерінде диктант, шығарма және мазмұндама жаздыру мәселесін қолға алыпты. Демеушілер есебінен қаржыландырылады. Абай оқуларын қолға алғанда да талапты, талантты шоғыр бір байқалып еді. Қуандық. Қазақ баласы білімді болса деп ақша шығарғысы, ынталандырғысы келетін кәсіпкерлеріміздің болғаны қандай қуаныш.

«Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген алаш қайраткерлерінен қалған асыл сөз бар еді. Заман – білімдінікі.

Бақтияр ТАЙЖАН

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win