Редакция таңдауы

Шымкент қалалық музейлер бірлестігі «Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі» бөлімінің басшысы Біржан ӘБДІҚАЛИ: «ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ЖАСТАРҒА ОЛАРДЫҢ ӨЗ ТІЛІНДЕ ҰСЫНУЫМЫЗ ҚАЖЕТ»

Биыл елімізде музей қорларын цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде. Орайы келгенде Шымкент қалалық музейлер бірлестігі «Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі» бөлімінің басшысы Біржан ӘБДІҚАЛИМЕН музейлердегі тарихи-мәдени мұраларды сандық форматқа көшіріп, сақтау мәселелері туралы ой бөліскен едік.

— Біржан Әбдіманатұлы, музей қорларын цифрландыру жұмыстарының басталғанына біраз уақыт болды. Бұл жаңашылдық қандай мақсатты көздейді? Әңгімемізді осыдан бастайықшы…

— Қазіргі таңда музей қорларын цифрландыру музей қызметінің ең маңызды  бағыттарының біріне айналып отыр. Бұл процесс арқылы біз еліміздің бай мәдени мұраларын сақтап қана қоймай, оны әлемнің кез келген түкпіріндегі адамдарға қолжетімді ету мүмкіндігіне ие боламыз.

Цифрландыру жәдігерлерді тозудан және жойылудан да қорғайды. Сонымен қатар, оның тағы бір үлкен артықшылығы — веб-портал арқылы пайдаланушылар жәдігерлерді электронды формат арқылы көре алады. Бұл музей экспонаттарының тарихымен тереңірек танысуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге жол ашады.

— Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің «Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі» цифрландыру процесіне қалай қатысып жатыр?

— Қазіргі таңда біздің музейдің қорында 16 720 жәдігер бар. Соның бір бөлігін цифрландыру жұмыстары басталып, оларды E-museum веб-порталына енгізудеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып келеді.

Өздеріңізге белгілі, бүгінде еліміз бойынша барлық музейлердегі жәдігерлерді цифрландыру және оларды бірыңғай веб-порталға енгізу ісі қарқынды жүріп жатыр. Алайда, әр музейдің техникалық мүмкіндіктері мен кадрлық ресурстары әртүрлі. Соған байланысты кейбір музейлерде қиындықтар кездесуде. Мысалы, бірінде қызметкерлердің компьютерлік сауаттылығы жеткіліксіз болса, екіншісінде небәрі 5-6 ғана қызметкер жұмыс істейді. Мұның бәрі цифрландыру процесін баяулататыны белгілі.

Ал, біздің музейде әзірге мұндай кедергілер туындаған жоқ. Жұмыстар жоспарға сай жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

— Веб-порталға енгізілген жәдігерлердің онлайн нұсқасының қандай болатынын толығырақ айтып беріңізші.

— Жоғарыда айтып өткенімдей, қазіргі таңда біз музейдің экспонаттары мен олардың фотосуреттерін веб-порталға енгізу жұмыстарын жүргізудеміз. Сонымен қатар, ол жерден біздің музейдің сыртқы көрінісі мен ішкі экспозициясында  көруге болатынын айта кетейік.

Алдағы уақытта біз музейдің жәдігерлерін тек сурет түрінде ғана емес, 3D модельдері арқылы да жариялауды жоспарлап отырмыз. Бұл дегеніміз, адамдар интернет арқылы біздің музейдегі экспонаттарды 3D форматында бөлшектеріне дейін анық көріп, зерттей алады. Мұндай тәсіл, әсіресе, жастар үшін қызықты әрі пайдалы болады. Өйткені, қазіргі цифрландыру дәуірінде жастардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырудың ең тиімді жолы осы сандық технологияларды пайдалану деп білемін.

Егер біз жастарды ұлттық мәдениетке тартқымыз келсе, онда оны олардың тілінде, яғни цифрлық ортада ұсынуымыз қажет. Бұл біздің мәдени мұраларымызды сақтап, олар жайлы ақпаратты тарату үшін өте маңызды.

— Халқымыздың қасіретті жылдарының ақиқатын ашып, жазықсыз жапа шеккен мыңдаған боздақтың атын ақтау – егеменді еліміздің тарих алдындағы қасиетті парызы. Осы мақсатта Мемлекет басшысының бастамасымен арнайы комиссия құрылып, ел көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Айтайын дегеніміз, бұған саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей қалай үлес қосып отыр?

— Біздің музей қазақ халқының өткенін зерттеп, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге зор үлес қосып келеді деуге болады. Музей алғаш ашылған кезде қорда небәрі 1500 жәдігер ғана болған еді. Ал, бүгінде ғылыми қызметкерлер мен ізденуші топтардың тынымсыз еңбегінің арқасында жәдігерлер саны 16 мың 700-ден асты. Олардың арасында саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары табыс еткен құнды мұралар да бар. Сондай-ақ, Ресей, Өзбекстан мен Қазақстанның түрлі архивтерінен алынған сирек материалдар да қорымызды толықтыруда.

Бұл музей Қазақстан тарихының ғана емес, жалпы адамзат тарихындағы тоталитарлық жүйенің қасіретін айқын көрсететін рухани орталыққа айналды. Мұндағы әрбір жәдігер, әрбір құжат — сол зұлмат жылдардың ауыртпалығын, халықтың тартқан азабын еске салып, келер ұрпаққа тағылым боларлық шежіре іспетті.

Шымкенттегі «Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің» сәулеттік шешіміне де ерекше мән берілген. Оның архитектуралық жобасын белгілі өнертанушы, сәулетші Аманжол Найманбай әзірлеген. Ғимарат «найзағай» бейнесінде тұрғызылған. Бұл символдың астарында терең мағына бар. Айталық, найзағай – қазақ халқының аспанын жарық сәулесімен нұрландырып, бір сәтте ғайып болған арыстарын бейнелейді. Музейдің ішкі безендірілуі де көркем әрі мағыналы. Қара түс – халқымыздың басына төнген қасіретті, сұр түс – НКВД жүйесінің қатігездігін, ал қызыл және қоңыр реңдер халқымыздың төгілген қанын, азаттық жолындағы күресін айғақтайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» жөніндегі Жарлығы мен арнайы комиссияның құрылуы бұл тақырыптың өзектілігін арттыра түсті. Соның нәтижесінде еліміздің көптеген музейлерінде осы тақырыпқа арналған арнайы бұрыштар ашылып, жаңа экспозициялар жасақталуда. Ал, біз де өз тарапымыздан қосымша ғылыми зерттеулер жүргізіп, қорымызды жаңа экспонаттармен толықтырудамыз.

— Біржан Әбдіманатұлы, музейлердің цифрландыруға көшуі мен онлайн форматта жұмыс істеуі келешекте қандай нәтижелер береді деп ойлайсыз?

— Жалпы музейлердің цифрландырылуы – заман талабынан туындаған маңызды жаңашылдық. Ол бір жағынан келушілер санын арттырса, екінші жағынан, тарихи мұраларды сақтаудың және әлемге танытудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Сандық форматтағы жәдігерлер ғылыми зерттеу ісін жеңілдетіп, виртуалды 3D үлгілер арқылы музейді қашықтан аралау мүмкіндігін тудырады. Осылайша, әлемнің кез келген нүктесіндегі адам қазақ халқының тарихымен таныса алады.

Бір сөзбен айтқанда, музейлердің цифрлық кеңістікке енуі — өткен тарихтан сыр шертер асыл мұраларымызды келешек ұрпаққа заман талабына сай форматта жеткізудің ең тиімді жолы болып отыр.

— Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Дилара БИМЕНОВА

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win