Ол өңірдегі тұңғыш әйел редактор еді
Кеңестік кезеңде журналист мамандығын даярлайтын жалғыз ғана оқу орны болды. Ол – С.М.Киров атындағы ҚазМУ еді (Қазіргі Әл Фараби атындағы ҚазҰУ). Сондағы журналистика факультетіне қабылданатын 50 студенттің 10-нан асар аспасы қыздар болатын. Дегенмен, қыздардың бұл мамандықты таңдауын қолдамайтын ұстаздар да бар еді. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары бізге дәріс берген ғылым докторы, профессор Тауман Амандосов: «Журналистикада нелерің бар сендердің? Бұл қыздарға қол мамандық емес. Журналистика ерте келіп, кеш қайтатын, іссапары, кезекшілігі, басқасы бар, уақытпен санаспайтын, жағдайға қараспайтын жұмыс. Ертең байға тиесіңдер, бала туасыңдар, ошаққа байланасыңдар. Қалады алған дипломдарың қазантабақтың арасында» деп ашуланатын.
Бір жағынан Тауман ағайдың сөзінің жаны да бар еді. Бірге оқыған оншақты қыздың арасында басқа кәсіппен айналысып кеткендері де жоқ емес. Бізден кейін, сексенінші жылдары дәл сол Амандосовтан сабақ алып, айқайын естігін студенттің бірі Анар болды. Бірақ, ол бұл мамандыққа түбегейлі байлам жасап келгендігін өмірлік ұстанымымен дәлелдеді. 52 жылдық ғұмырының ширек ғасырын осы салаға саналы түрде арнады.
…Мектеп бітірген соң тұрмыс жағдайына байланысты оқуға бара алмаған ол кеңшарда жеті жыл қара жұмыс істеді. Жүзім терді, трактор айдады. Сосын ғана оқуға түсті. Оны да екінші курстан кейін сырттай бөлімге ауыстыруына тура келді. Соңынан ерген жалғыз інісі Қали әскерден басынан соққы алып, ауру болып оралды. Амал жоқ, ауылға қайтты. Келес аудандық «Мақташы» газетінде журналистік еңбек жолын бастады. Трактордың темір білігін бұрап, қара жұмыспен қайраттанып есейген бойжеткен енді қауырсындай қаламның қасиетін арының өлшеміндей ардақ тұтып, бойындағы жалыны мен арынын қалам мен қағаздың құдіретіне жүгіндірді. Аудандық газеттен кейін облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне тілші болып келді. Одан соң тәуелсіз «Ақиқат – Истина» газетін ашты. Анар Бәкірова (Анар Аспан) республикада тәуелсіз газет ашқан тұңғыш әйел редактор еді. Құқықтық бағыттағы бұл газетті алты жыл басқарып, республикаға танымал басылым дәрежесіне көтерді.

Ұйымдастырушылық қабілеті мен журналистік таланты ұштасқан, тың идея мен тынымсыз тірлікке тынысын ашып тұратын қарымды қызды Шымкент қаласының басшылығы «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы қызметіне тағайындады. Бұл басылымды да бұған дейін әйел адам басқарып көрген емес еді. Сондықтан ба, ұжым бастапқыда оны таңданыспен, тосырқай қабылдады. Оны өзі бір сұхбатында былай деп баяндайды: «Шынын айту керек «келбеттіктер» мені таңқалып қабылдады. Күтпеген болуы керек. «Не мақсатпен келдіңіз?» деген сұрақ та қойылды. Бір аптаға дейін тосырқап жүрді. Келе келе бір-бірімізге үйренісіп кеттік. «Сізді мінезі бар адам деп ойлап, қорқып жүр едік, сөйлесуге болады екен ғой» деп журналистер жәйлап жақындай бастады. Үшінші аптада ұжыммен ақылдасып, газеттің бетбейнесін, мазмұнын өзгерттік. Қиындықтан бірлесіп шығудың жоспарын құрдық.
Оңтүстік Қазақстан облысының бас қаласы – Шымкенттегі бас газеттің мен келгендегі жағдайы тым ауыр еді. Төбемізден су сорғалап, орынбасарымның бөлмесінен лай ағып тұрды. Ол күндер өтті. Құдайдың күні де көмектесті бізге. Әупірімдеп көктемге аман-есен жеттік».
Иә, ол кезде редакцияның материалдық жағдайы мәз емес еді. Жаңа редактор осының бәрін баяндап, қала басшысы Ғалым Жұмжаевқа «Көке, біздің жағдайымызды көріп кетіңіз» деп өтініш айтты. Бекер обалы не керек, әкім қалалық басылымның шаңырағына бас сұғып, жағдайды өз көзімен көрді. «Мәселені шешеміз. Газеттеріңізге көңіл бөлеміз. Алдымен жөндеуге қаржы бөлдірейік, ұят болған екен» деп уәде берді. Одан кейін редакцияға машина беруді шешетінін де айтты. Ұжым мүшелері қуаныштан мәз болды. Бірақ, Жұмжаев үш күннен кейін қызмет бабымен жоғарылап кетті де, оның орнына Өмірзақ Әмет әкім болып келді. Жаңа келген іскер басшымен Анардың қарымқатынасы бұрыннан жақсы еді. Мұң-зарын айтып, құжат-қағаздарын арқалап, алдына барды.
Отырған ғимараттарының мүшкіл күйін былай қойғанда, ол кезде бұл қос басылымға тендерден бөлінетін қаржының көлемі де мардымсыз еді. Төрт беттік болып шығатын аудандық газеттерге тендерден 2 миллионнан 6 миллионға дейін қаржы бөлінеді екен. Ал, 40 бет болып шығатын қаланың қос бас газеті мемлекеттен небәрі 2 млн ғана қаражат алып келіпті. Қызметкерлердің жалақылары уақытында қолға тимейтіні және бар. Осы және басқа да түйінді түйткілдерді әкімнің алдына жайып салған соң Өмірзақ Әмет қаланың бүкіл сала басшыларын жинап алып, сыбағаларын берді. Редакцияның жағдайы осыдан кейін біртебірте оңала бастады.
Анар Бәкірова барған соң «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттері «облыстық апталық газет» деп аталды. Әрине «қалалық газет неге аудандарға тарайды?» деп дау шығарғандар да болмай қалған жоқ. Десе де, бұл қос басылымның тіркеу куәлігінде «таралу аумағы облыстық» деп көрсетілген екен. Осыны ұстанған Анар «біз заңды түрде облыстық газет болып саналамыз» деген уәжінен таймады.
Жаңа редактор редакцияның материалдық техникалық жағдайымен қатар басылымның ішкі мазмұнын, материалдардың сапасы мен құндылығын арттыруға көңіл бөлді. Тың өзгерістер жасауға талпынды. Алдымен газеттің «шапкасын» өзгертті. Редакцияның қаржылық қоржынын өз әрекеттерімен толықтыру мақсатында коммерциялық сипаттағы материалдар ұйымдастыруды, жарнамалық дүниелерді табуды, иммидждік ақылы мақалаларға орын беруді қолға алды. Осы мақсатта жарнама бөлімін құрды. Бұл жұмыс өз нәтижесін берді. Редакция қызметкерлері ала алмай жүрген жалақыларын алуға қол жеткізді. Шығармашылық жұмыстың жандануына жағдай жасап, бірнеше жаңашыл бөлім ашты. Ол бөлімдердің қызметкерлері нақты жоспар жасап, өзекті мәселелер көтеруге, оқырманға оқылымды материалдар ұсынуға бет бұрды.
Анар Бәкірова басшылық етіп тұрған кезеңде қалалық қос басылымның тиражы біршама өсті. Ол бұл ұжымда ұзақ қызмет атқармаса да қазақ-орыс тілді қос басылымның жоғын түгендеуге, кетігін бүтіндеуге, кемшілігін жөндеуге, газеттің сипаты мен сапасын жақсартуға барынша күш салды. Осы шаңырақта 2006 жылдың қаңтарынан бастап мамырдың ортасына дейінгі өткерген қызмет жолында ұжымның есінде қалатындай біршама тамырлы тірліктер атқарды.
Қалалық қос басылымда қайратты қызмет атқарған басшы қыз бұдан әрі облыс баспасөзінің қарашаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газетіне бас редактор болып келді. Сол кездің шежіресімен айтар болсақ, 80 жылдан астам тарихы бар, өңірдің бас басылымына әйелден тұңғыш редактор болған да осы Анар Бәкірова еді. Бұл басылымда бір жыл басшылық қызмет атқарған ол өзінің әдеттегі ізденімпаз, тынымсыз қарекетімен жаңалықтар жасауға ұмтылды. Ең алдымен газеттің форматын өзгертті. Жаңа бөлімдер ашты. Газетті ұлттық бағытқа бұруға, әр номерінен ұлттық бояудың иісі аңқып тұруға мән берді. Журналистерге жазу еркіндігін берді. Ұжымды жас кадрлармен толықтырды. Жарнама бөлімінің жұмысын күшейтіп, менеджерлердің арқасында редакция қоржынына айына миллион теңгеге дейін қаржы құйылуына жол ашылды. Компьютерлер жаңарды. Сервер, санды фотоаппараттар, диктофондар, кабинеттерге, баспасөз орталығына жиһаздар сатып алынды. Мұның бәрі «Оңтүстіктің» бюджеттен алатын қаржысының екі есе көбеюінің нәтижесінде қол жеткен жетістіктер еді.
Анардың адамдармен, басшылармен ортақ тіл табыса білетін, сөзін өткізе білетін ерекше қасиеті бар еді. Содан да болар, облыс әкімінің сол кездегі идеология жөніндегі орынбасары Дархан Мыңбаймен бірге редакцияның қаржылық жағдайын қайтақайта талқылай жүріп, бюджеттен бөлінетін қаржы көлемін 26 миллионға бірақ көтерді. Газет бұған дейін 12-13 млннан артық қаржы алмаған еді. Осының арқасында қызметкерлердің жалақысы да, қаламақы мөлшері де біршама көтерілді.
Құжаттағы аты-жөні Анар Бәкірова болғанымен, ол елге Анар Аспан болып танылып кетті. Аспанға қыз болып өткен оның тағдыры тәтті бола қоймаған еді. «Менде балалық шақ болған емес» деп Анардың өзі айтқанындай, әкесінен тірідей айрылып, он жасында анасы қайтыс болып, бала күнінен жетімдіктің мұңына бөленіп өсті. Бұларға қамқор болған нағашы ағасы Арынтай да Анардың тоғыз жасында дүниеден өтті. Артынан ерген үш жасар жалғыз бауыры Қали екеуін үш қызымен жесір қалған нағашы жеңгесі Есенқыз бауырына алды. Сол кісіні ана тұтты.
Өмірдің қатал сынағын, кейбір адамдардың өгей өктемдігін бала күніненақ біліп есейді. Үлкендердің де біле тұра бала жанының жарасына тұз сеуіп, «тырнайтынын» құйтақандай қыз бір жапырақ жүрегімен сезініп, ашынғаны есінде. Нағашысының көзі тірісіндеақ «кімнің қызысың? деп ығырын шығаратын бір кісілер болды. «Арынтайдың қызымын» дейтін Анар саңқ етіп. Ес білген бес жасына дейін араққа сылқия тойып алатын әкесінің анасына көрсеткен азабы мен қорлығы есінде қалған бүлдіршін қыз әкесінің атын атағысы келмейтін. Соны біле тұра әлгі кісі «Сен Арынтайдың қызы емессің, жиенісің» деп ызаландыратын. Тағы бір жолы солай дегенінде: «Мен ешкімнің қызы емеспін. Мен Аспанның қызымын!» деп қасқайып тұра қалған. Өзі айтқандай, жердегі адамдарға өкпелеп, алты жасында аспанға қыз болып кеткен Анар аудандық газетте қызмет істеп жүргенде Аспанқызы деп өзіне псевдоним таңып алды. Кейіннен Анар Аспан деген ат өзіне біржола енші болып кетті.
Мұздай қатты тағдыры жанының жарасын қарып өтетін кездері болды ма екен, ол кейде мақалаларының соңына «Мұзбала» деп лақап ат қоятын. «Неге Мұзбала? деп сұрағандарға «Мен мұздың үстінде жалаңаяқ келе жатқан адаммын ғой» дейтіні барды. Соған қарамастан тіршіліктің теперішіне тізе бүкпей, асау толқынға қарсы күле қарап келе жататын кездері көп болушы еді. Тәңірдің әрбір жарық күніне шүкіршілік етіп, сол өжет, еркін мінезімен айналаға мәз болып қарайтын жаны жарық жан еді. Содан да ма, кейде «Мәзбала» деген псевдонимі де жазғандарына жарасып тұратын.
Оның жігері оттай қуатты болғанымен әттең, ғұмыры қысқа болды. Есіміне еншілеп, Аспанқызы атанып кеткен Анар 52 жасында сол аспанға мәңгіге көшіп кетті. Бірақ арада 13 жыл өтсе де оның есімі елдің есінен өшкен жоқ. Өмірден өтсе де, көңілден өшпейтін Анар Аспан Анар Бәкірованың журналистика саласындағы жарқын іздері әлі де жарқырап жатыр. Биыл 35 жылдық мерейлі жасқа жетіп отырған «Шымкент келбеті»«Панорама Шымкента» газеттерінде де жалынды журналистің қолтаңбасы мен жүрген жолы қалды.
Тракторды тізгіндеп, даланың боз топырағын бұрқыратып, еңбекпен шыңдалған жастық шағында, жалындаған 20 жасында Қазақстан Жоғары Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен, 22 жасында «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен наградталған, ал журналистік жолда ҚР Президенті грантының иегері атанып, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарын кеудесіне таққан, Нәзипа Құлжанова атындағы республикалық журналист қыз-келіншектер жүлдесінің жеңімпазы Анар Бәкірованың егеленген осынау марапаттарын бәлкім біреу білсе, біреу білмес. Бірақ бүкіл оқырманға, қалың жұртқа жәй ғана Анар
Аспан деген атпен әйгілі болып кеткен жампоз журналистің есімі жылдардың жетегімен жаңғырып тұра беретіні анық.
Асхан МАЙЛЫБАЕВА,
Қазақстанның
Құрметті журналисі
