Редакция таңдауы

Жасанды интеллектінің мүмкіндіктері талқыланды

Шымкент қаласында «Цифрлық қоғамның мүмкіндіктері мен тәуекелдері: ұлттық құндылықтар тұғырындағы тәлімді тәрбие» атты аймақтық форум өтті. Алқалы басқосуға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, жоғары оқу орындарының ғалымдары, педагогтер, ата-аналар мен білім саласының мамандары қатысты.

Шараны ұйымдыстыруға М.Әуезов атындағы ОҚЗУ, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ, Ж.Тәшенев университеті, Академик Ә.М. Қуатбеков атындағы халықтар достығы университеті, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институты атсалысты. Жиынға қатысушылар цифрландыру үдерісінің қоғамдағы орны мен ұлттық құндылықтарға ықпалын жан-жақты талқылады.

Алғаш сөз алған қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек шараның заман талабынан туған өзекті мәселені талқылауға арналған маңызды алаң екенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары кеңінен тараған жасанды интеллекттің пайдасы да, зияны да бар. Қоғам оны пайдаланарда аса сақ болуы қажет.

«Цифрлық ортада өсіп келе жатқан ұрпақтың ұлттық болмысын, рухани құндылықтарын, адамгершілік негіздерін сақтау — баршаға ортақ міндет», — дейді ол.

Форумның негізгі мақсаты – цифрлық қоғамның мүмкіндіктері мен тәуекелдерін саралап, жасанды интеллект пен ұлттық тәлім-тәрбиені үйлестірудің тиімді тетіктерін жүйелеу, тәжірибе алмасу және құзырлы органдарға ұсыныстар әзірлеу болды. Баяндамашылар ЖИ технологияларының білім беру саласына енгізілуінің оң тұстарын атап өтіп, оны оқу үдерісін жеңілдететін маңызды құрал ретінде сипаттады. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев жасанды интеллекттің әлеуетіне ерекше тоқталды.

«Жасанды интеллект климаттың өзгеруімен күресуге көмектеседі. Бұл — экономиканың түрлі салаларының алға жылжуына ықпал ететін маңызды фактор. Тиісті деңгейде қолдана білсек, бұл технология адамзат дамуын жаңа белеске шығарады»,-деді ол.

Жиында сөз сөйлеген оқытушылар мен цифрландыру саласының мамандары ұлттық тәрбиенің маңызын жасанды интеллект дәуірінде одан әрі күшейе түсетінін жеткізді. Сарапшылардың айтуынша, бүгінде балалар ақпаратты жылдам қабылдайды, ал цифрлық орта олардың мінез-құлқы мен дүниетанымына тікелей әсер етеді. Сол себепті, білім беру мекемелері де, ата-аналар да баланың рухани иммунитетін қалыптастыруға ерекше мән беруі тиіс. Форум барысында Түркі әлемінің рухани мұраларына негізделген ұлттық тәлім-тәрбиенің ғылыми қырлары да көтерілді. Ұлы дала даналарының еңбектеріндегі тәрбие үлгілері, мінез-құлық қалыптары, салт-дәстүрдің тәрбиелік рөлі туралы баяндамалар тыңдалып, олардың бүгінгі цифрлық қоғаммен байланысы сараланды. Педагогтар құндылықтарға негізделген мазмұндық концептілерді практикада қолдану тәжірибелерімен бөлісті.

Сонымен қатар, панельдік сессияда цифрлық технологиялармен ұштастырылған заманауи әдістемелер ұсынылды. Жас мамандар мен ғалымдар ЖИ құралдарының сабақ мазмұнын сапалы жасауға, оқыту процесін жекелендіруге, оқушының қызығушылығын арттыруға мүмкіндік беретінін айтты. Дегенмен, сарапшылар технологияны мөлшерден тыс қолдану оқушының табиғи ойлау дағдысына кері әсер етпеуі тиіс екенін ескертті. Жиын барысында ұлттық құндылықтарға арналған ғылыми және оқу-танымдық әдебиеттер көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде оқулықтар, әдістемелік құралдар, зияткерлік еңбектер, подкасттарға сілтемелер мен жаңа зерттеулер таныстырылды. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, педагогика саласындағы заманауи трендтер мен практикалық ұсыныстарды талқылады. Жалпы, алқалы ортада талқыланған мәселе – заманнан қалыспай, ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, цифрлық қоғамға бейімделген ұрпақ тәрбиелеу. Көпшілік бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасуы тиіс екенін, жасанды интеллектке негізделген технологиялардың мүмкіндігі мол болғанымен, оның адамгершілік құндылықтарды алмастыра алмайтыны айтылды. Ұлт тәрбиесі мен цифрлық қоғамды ұштастыруға арналған мұндай форумдар қоғам үшін аса маңызды екені тағы бір мәрте дәлелденді.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win