Редакция таңдауы

Журналист біліктілігін жетілдіру – заман талабы

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде «Халықтың медиасауаттылығын дамыту және медиа саласы мамандарының біліктілігін арттыру» тақырыбында семинар өтті. Іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Шымкент қаласы әкімдігі және аталған жоғары оқу орны бірлесе ұйымдастырды.

Семинарға жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен баспасөз хатшылары және журналистика мамандығында оқитын студенттер қатысты. Олар  алдымен университеттің мұражайымен, «Мұхтартану» орталығымен, Медиа қызметі орталығымен және бейнежазу кабинетімен (телестудия, фотостудия) танысты. Жиынды университеттің медиа қызметі орталығының басшысы Айгүл Керімқұлова жүргізіп отырды.

Семинарда алғашқылардың бірі болып университеттің қоғаммен байланыс және мәдениет жөніндегі проректоры, педагогика ғылымдарының докторы Садыбек Бейсенбаев баяндама жасады. Садыбек Қалмаханұлы, ең алдымен, оқу орнының имиджін қалыптастыру мен жетістіктерін насихаттауда республикалық, облыстық және қалалық бұқаралық ақпарат құралдарының үлесі зор екенін атап өтті. «Осы сәтті пайдалана отырып, баршаңызға оқу орнының дамуына қосқан үлестеріңіз үшін шынайы алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер», – деді.

Мұнан кейін Садыбек
Қалмаханұлы университеттің Медиа қызметі орталығында заман талабына сай құрылымдық өзгерістер енгізілгенін және онда студенттерге подкаст түсіріп, бейнематериалдар әзірлеуге, тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге толық жағдай жасалғанын айтты. Ал, Айгүл Керімбайқызы Медиа орталықтың қызметі мен құрылымы туралы ақпарат беріп, орталықтың оқу орнының дамуына қосып жатқан үлесін баяндады.

Қоғамдағы медиасауаттылықты арттыру, жалған ақпаратты айыра білуге көмектесу, журналистердің кәсіби біліктілігін заманауи талаптарға сай жетілдіруді мақсат еткен семинардың негізгі бөлімі «Салалық журналистиканы қалай дамытамыз?» атты тақырып талқылаудан басталды. Бұл бойынша «Айғақ» телеарнасы мен «Айғақ» республикалық газетінің бас редакторы Ұлжан Наушабай баяндама жасады. Осы орайда «beinepro» интернет-журналының бас редакторы Жәнібек Нұрыш салалық журналистиканы терең меңгеру үшін болашақ журналистерге өзге мамандықта оқитын студенттерімен бірге лекцияларға қатысып, кәсіби көкжиегін кеңейтіп, аналитикалық ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік беру керек деген ұсынысын білдірді.

Семинарда филология ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Тілеубердиевтің «Қазіргі бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тілінің сауаттылығы» атты тақырыптағы баяндамасы қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Болатбек Мақұлбекұлы бұқаралық ақпарат құралдарында жиі кездесетін қателіктерге тоқталды. Профессор кейбір сөздердің орынсыз қолданылған тұстарын мысал ретінде келтіріп, олардың дұрыс нұсқасын түсіндірді. «Мәселен, «жанұя» деген сөздің орнына қазақы ұғымға сай «шаңырақ» немесе «отбасы» сөздерін қолданған жөн. Сондай-ақ, «депутаттар жасақталды», «үкімет жасақталды», «министрлер жасақталды» деген тіркестер дұрыс емес. Мұндай жағдайда «жаңадан құрылды» деп жазған орынды болар еді», – деді профессор.

Болатбек Тілеубердиев спорт журналистикасында орынсыз қолданылатын тұрақты сөз тіркестерін де тілге тиек етті. «Спорт журналистерінің арасында «біздің боксшылар техникалық әдістерді судай сапырды» деп жазу жиі кездеседі. «Судай сапырды» дегеннің мағынасы «берекесіз» дегенге саяды. Сондықтан, мұндай сөз қолданысы мәтіннің сапасын түсіріп, журналистің сауатының төмен екенін байқатады, – дейді.

JSK.KZ ақпараттық агенттігінің директор-бас редакторы, БҰҰ қорғауындағы халықаралық журналист Сағындық Жанысбаев жасанды интеллекттің қазіргі журналистикадағы рөлі мен болашағы туралы ой қозғап, AI технологиялардың ақпарат жинау, мәтін өңдеу мен мақала құрастыруда тиімді құрал бола алатынын айтты.

– Дей тұрғанмен, жасанды интеллект журналистің орнын баса алмайды. Себебі журналистиканың өзегі – адам жаны, сезімі мен ойы. Ал, оны тек адам ғана жеткізе алады, – деп түйіндеді пікірін Сағындық Жанысбаев.

Дилара БИМЕНОВА

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win