Редакция таңдауы

Ұстаз. Ғалым

Оңтүстік өңірдегі қасиетті қарашаңырақ, ұстаздар ұстаханасы, 90 жылға жуық тарихы бар Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті – өзінің түлектерімен мақтана алатын рухы асқақ оқу орны. Түлектердің қатарында Мұхтар Шаханов, Әбсаттар Дербісәлі, Исрайыл Сапарбаев, Ханбибі Есенқарақызы, Әкім Ысқақ секілді халық мақтан тұтатын тұлғалар аз емес. Сол себепті оқу орны түлектерімен мақтанады. Соның бірі – ұлағатты ұстаз, ғибратты ғалым Гүлжан Сүгірбаева.

Гүлжан Даулетбекқызы 1964 жылы 21-қарашада Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Ленгір қаласында үлгілі де өнегелі отбасында дүниеге келді. Әкесі Дәулетбек Білісбеков партия қызметкері, аудан, облыс көлемінде жауапты басшылық қызметтер атқарған. Гүлжан Сүгірбаева 1982 жылы Ленгір қаласындағы В.М.Комаров атындағы орта мектепті алтын медальмен тәмамдаған. Мектеп бітіретін тұста мамандық таңдау барысында Әкесі Гүлжан қызының зеректігін ескере отырып, жан азығы бай болсын деген оймен Әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтына кітапханашы мамандығына түсуге кеңес береді. Гүлжан әкесінің сөзін жерге тастағысы келмеді, бірақ, өзінің көкейінде жүрген  арманы тарихшы болу еді. Арманын жүзеге асыру үшін М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтына Жұмағали ағасымен бірге барып, бір орынға 15-20 адамнан келетін тарих мамандығына құжат тапсырады. Облыстық атқару комитетінің жауапты бөлімін басқаратын әкесі қызының ол мамандыққа түсетініне мүлде сенбейді. Әйтсе де өз жағынан да, нағашы жағынан да қанына сіңген қайсарлық, сенімділік, алға ұмтылушылық пен он жыл бойы мектеп қабырғасында іргесі дұрыс қаланған білім деңгейі  екі жақтан алып шығып, өзі армандаған тарих мамандығының студенті атандырады. Білім алу барысында үздік оқитын, қоғамдық жұмыстарға қатысатын белсенді студент ретінде көзге түседі.

Ұстазы, көрнекті ғалым, археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Николаевич Подушкин Гүлекеңнің студенттік жылдардағы ерліктері туралы басын шайқай отырып, жүзіне әдемі, жимиған күлкі үйіріліп, таңдайын қағып айтудан жалықпайды. Студенттердің археологиялық практикасына барар кезде денсаулығына байланысты жаздың аптап ыстығын, ашық аспан астындағы жағдайы толық жасалмаған орынжайдың қолайсыздығын, қиындығын алға тартып, жауапты тұлғалар оны қазба жұмыстарына жібермеуге шешім шығарып, арнайы бұйрыққа енгізбеген. Гүлжан Білісбекова облыстық атқару комитетіндегі әкесіне барып, археологиялық практикаға барғысы келетінін айтып, жағдайды түсіндіреді. Мұқият тыңдаған Дәулетбек Білісбекұлы денсаулығы мен оған қатысты туындауы мүмкін жағдайларға өзі жауапкершілік алып, қолхат жазып, қызының қатарынан қалмай іс-тәжірибеден өтуіне мүмкіндік жасайды. Одан «қазба жұмыстарындағы қолайсыздықты өз көзімен көрген нәзік қыз бір апта өтпей өзі-ақ қашып кетеді» деп сенген жауаптылар практиканы соңына дейін өткергеніне таңғалады.  Александр Николаевич Гүлжанға 100 адамға тамақ дайындауды тапсырады. Басында күмәнмен қарағанымен, қаршадай  қыздың намысқа тырысып, жап-жақсы аспаз болғанына тәнті болады.

Гүлжан Даулетбекқызы 1987 жылы Шымкент педагогикалық институтын үздік дипломмен бітіріп, еңбек жолын Шымкент қаласындағы №29 орта мектепте пионер ұйымының жетекшісі  қызметінен бастап, кейінірек №41 орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. 1994 жылы Шымкент педагогика институтының «Жалпы тарих» кафедрасында оқытушы болып орналасты. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аспирантурасына түсіп, 2000 жылы  «Узбекское население Казахстана в 20-30 годы ХХ века: проблемы истории и культуры» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын Қайнар университетінде сәтті  қорғады. Кейде кішкентай ұлы Мадиярмен, бірде оны елде тастап, Шымкент пен Алматының арасына жол салып, кітапханалардан, мұрағаттардан шықпай тынымсыз ізденгені, ғылыми жетекшісі, академик Кеңес Нұрпейісұлының қарапайымдылығы мен жанашырлығы, қорғауға жақын қалғанда, дайын жұмысын жоғалтып алып, қайта қалпына келтіргені (ол кезде диссертация қолжазбасы жазу машинкасына басылатын), әйтсе де жоғалған затының орнына Алла тағала баға жетпейтін қуаныш – Айдын атты тәп-тәтті қызды араға ұзақ жылдар салып сыйлағаны  өз алдына бөлек баяндауды қажет ететін есті естеліктер санатында.

Қорғағаннан соң 2000-2002 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент институты «Бүкіләлем тарихы» кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, 2002-2010 жылдары аталған кафедраның меңгерушісі қызметін атқарды. 2010-2011 оқу жылында Академиялық-инновациялық университеті «Қазақстан тарихы» кафедрасында, 2012-2013 оқу жылында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Археология және этнология» кафедрасында доцент болып жұмыс істеді.

«Бүкіләлем тарихы» кафедрасының меңгерушісі болған кезеңде Гүлжан Дәулетбекқызы кафедра ұжымындағы әрбір мүшенің қабілеті мен жақсы қасиеттерін дұрыс жаққа бағыттай білгенімен, мықты менеджер болуымен қадірлі, құрметті болды. Қоғамдық жұмыстарды дұрыс, әділ бөлуінің арқасында кафедра құжаттары тап-тұйнақтай болуына байланысты келген комиссияның барлығы дерлік аталған кафедраны тексеретін де, ұжым мүшелерінің ынтымақтастығы мен меңгерушінің ұтымды ұйымдастыруы нәтижесінде әр тексеруден абыройлы шығатын. Бірге театрға бару, таулы аймаққа өлкетану бағытында саяхат ұйымдастыру, түрлі байқауларға шығармашылықпен дайындалып, қатысу, табысты жетістіктерге ие болу кафедра мүшелерінің береке-бірлігін арттыратын. Қалалық, облыстық семинарлар, дөңгелек үстелдер, оқушылар олимпиадасы, республикалық, халықаралық конференцияларды жоғары деңгейде өткізуде Гүлжан Дәулетбекқызының ерекше қолтаңбасы бар деп айта аламыз.

Сонымен қоса сол кездегі факультет деканы ретінде байқағаным, сабаққа қатыспай, жауапкершілік танытпаған студенттің сөзін сөйлемей, еңбегіне қарай әділ бағасын қойып, бірқатарының стипендиядан қағылып, біразының оқудан шыққанының куәсі болғанмын. Оның ішінде қазір елге танымал бірнеше азамат бар.

2013 жылы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының «Қазақстан және әлем тарихы» кафедрасында доцент, 2014-2016 жылдары аталған кафедраның меңгерушісі, 2016-2018 жылдары «Ғылыми-зерттеу бағдарламаларын сараптау» бөлімінің, 2018-2020 жылдары «Менеджмент және мониторинг» бөлімінің басшысы, 2020 жылы ғылыми істер және инновациялар жөніндегі проректор қызметін атқарды.

Бірнеше жауапты қызметтерді атқара жүріп, ғылыми-әдістемелік жұмыспен айналысуға да уақыт тапты.  Ресей, Түркия, Қытай мемлекеттерінің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттырған Г.Д.Сүгірбаева – 4 оқулық, 5 оқу-әдістемелік  құрал, 60 ғылыми мақаланың авторы. Халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда 3 мақаласы жарияланды. Scopus ғылыми-метрикалық базасы бойынша h-index 1-ге тең.

2004-2005 жылдары орта мектеп оқушыларына арналып, Ресей ғалымдарымен бірлестікте орыс және қазақ тілдерінде жазылған «Қазіргі заман тарихы», «ХХ ғасырдағы әлем» атты оқулықтары жарық көрді. Сонымен қатар «Тарих және қоғамтану терминдерінің қазақша-орысша түсіндірме сөздігі» тарихшы білім алушылар мен жас мамандар үшін таптырмас құрал саналады.

Г.Д.Сүгірбаеваның жетекшілігімен бірнеше халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, түрлі деңгейдегі олимпиада, ғылыми-әдістемелік семинарлар жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

2010 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантына ие болды.

2020 жылы университетімізге оқу орнымыздың түлегі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлжан Дәулетбекқызы басшылыққа келгенде, ұжым қатты қуанды. Ұрпақтар сабақтастығының алтын арқауын жалғап, ұстаздарды алға ұмтылдырып, жастарды ізгі істерге құлшындырып, оларға әркез демеу болып жүрген басқарма төрағасы – ректор Г.Д.Сүгірбаева аталған мақсатқа жетуде оқу орнының барлық құрылымы мен деңгейлері үшін «жайлы университет» жасау бағытында тынымсыз қызмет атқарды. Оған ұлттық атауға ие болған «Шаңырақ», «Қазына», «Тұмар» ғимараттарын заманауи нақышта көркемдеп, безендіруі, жастарға арналған коворкинг орталығы мен «Мейірім» денсаулық орталығының, «Ұстазға тағзым» кіші архитектуралық формасының ашылуы, жабық спорт кешені, т.б. дәлел. Сонымен қатар оқу орнын бұған дейін басқарған Ректорлар аллеясы мен Қонақтар аллеясын қолға алып, жасыл ағаштар отырғызып, айналаны абаттандыруы да көңілге қуаныш ұялатады. Ректорлық қызметінің алғашқы кезеңі әлемді жайлаған пандемияға, оның ауыртпалықтарын көтерумен тұспа-тұс келген Гүлжан Дәулетбекқызы ең алдымен ОПҚ мен қызметкерлердің, студенттердің хал-ахуалына ерекше назар аударып, әлеуметтік көмек беруді қолға алды. Сонымен қатар ректор бастамасымен «Университет білім алушыларына білім беру қызметінің төлемақысы бойынша берілетін жеңілдіктер туралы Ереже» әзірленіп, 2020 жылдың 16 наурызындағы Ғылыми кеңес шешімімен бекітілді. Ережеге сәйкес арнайы комиссияның ұсынысымен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы отбасыдан шыққан студенттерге, спорт пен өнер саласынан үздік жетістіктерге жеткен және ата-анасы университетте қызмет ететін білім алушыларға әр оқу жылы 30-100 пайыз аралығында оқу төлемақысынан жеңілдік жасалады. Оқу орнын таңдап, ҰБТ-дан жоғары балл жинап, мемлекеттік грантқа іліге алмаған «Алтын белгі» иегерлері мен дарынды балаларға оқу орны ректорының гранты беріле бастады.

Университеттің байланыс көкжиегі кеңейіп, Ресей, Түркия, Қытай, Еуропаның озық университеттерімен екі жақты меморандумға қол қойылып, тиімді келісімдерге қол жеткізілді. Оқу орнының базасында Гүлжан Дәулетбекқызының бастамасымен Түркиядағы жетекші оқу орындарының бірі де бірегейі Гази университетінің филиалын ашу бойынша жұмыстар жүргізілді. Екі университет арасындағы өзара ынтымақтастық осыдан төрт жыл  бұрын басталған болатын. 2021 жылы 13 қазанда Гази университетінің ректоры, профессор Мұса Йылдыздың оқу орнымызға ресми сапары барысында өзара ынтымақтастық туралы келісімшартқа және Erasmus бағдарламасы бойынша өзара серіктестік туралы институтаралық келісімшартқа қол қойылып, жоғары білім мен ғылым саласындағы бірқатар бастамаларға жол ашылды. Осы уақыт аралығында университетіміздің бірнеше  студенті академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алуға Гази университетіне жіберіліп, бірнеше  докторантымыз Гази университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті.

Ал, 2022 жылы 24 қарашада Гази университетінің ректоры, профессор Мұса Йылдыздың ресми сапары барысында оқу ордамызда Гази университетінің филиалын ашу жөніндегі бастапқы келісімге қол қойылып, стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңі басталған болатын.

Ең бастысы, Гүлжан Дәулетбекқызының мұрындық болуымен университетімізге көптен армандаған ұлт жанашыры, руханият сардары Өзбекәлі Жәнібеков есімі берілді, Ж.Аймауытов атындағы көп салалы колледж ашылды. 2018 жылы ашылған әскери кафедра жеке ғимаратқа қол жеткізді.

Ұрпақ тәрбиелеу мен білім, ғылым саласын дамытудағы, біліктілігі жоғары кәсіби мамандарды даярлаудағы жетістіктері, сіңірген еңбегі үшін Г.Д.Сүгірбаева «Қазақ хандығына – 550 жыл» (2015), Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің (2017), Түркістан облыстық мәслихатының Алғысхаттарымен (2018), «Халық алғысы» (2020) медалімен, «ҚР Тәуелсіздігіне – 30 жыл» (2021) мерейтойлық медалімен, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы «Салалық қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» (2022), ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2023), «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» (2024) төсбелгілерімен, Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды. 2022 жылы қаңтарда Түркиядағы Гази университетінің Құрметті профессоры атағы берілді.

Г.Д.Сүгірбаева бүгінгі таңда еңбегінің зейнетін көрер жасқа жетіп, білікті ұстаз, аяулы жар, ардақты Ана, асыл Әже қызметін абыроймен атқарып жүр.

Баршагүл ИСАБЕК,
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ
басқарма мүшесі – стратегиялық даму
және әлеуметтік істер жөніндегі
проректоры, профессор

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win