Редакция таңдауы

Тоғызқұмалақ – үміті, шахмат – cенімі

Қазақстан қоғамында «Адам – мемлекеттің басты байлығы» деген  ұғым мықтап қалыптасқан. Бұл ұғым халқымыздың дәстүрлі ұлттық дүниетанымымен де үйлесіп жатыр. Халқымызда мүмкіндігі шектеулі жандарға деген қамқорлық жасау, оларды қорғансыз қалдырмау, ел ішіндегі үлкен-кішіге тең көзқараспен қарау – қазақы дүниетанымның өзегіне айналған қағида. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейтін халқымыз әрбір азаматтың бойындағы қарым-қабілетін дер кезінде байқап, қолдау көрсетуді адамдық борыш санаған. Бүгінгі қоғамда да дәл осы ізгілікті дәстүі жаңа тарихи жағдайда жалғасып келеді. Қазір мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға толыққанды араласуы, білім алуы, еңбек етуі, өз дарынын жарыққа шығаруы – мемлекет саясатының өзекті бағытының бірі.

Уақыт озған сайын өркениет талабы да өзгереді, ал, әлеуметтік жауапкершілік арта түседі. Бүгінде ел ішінде «қамқорлық» деген сөз тек жәрдемақымен немесе жеңілдіктермен ғана өлшенбейді. Ол – мүмкіндігі шектеулі азаматқа өз күшімен биіктерді бағындыруға жағдай жасау, оның бойындағы қабілеттің көлеңкеде қалмауына ықпал ету, қоғамдағы орнын айқындауға мүмкіндік беру. Бұл – мемлекет те, қоғам да ортақ атсалысқанда ғана нәтижелі болатын ұзақ жол. Соңғы жылдары елімізде осы бағытта іргелі шаралар жүзеге асуда: инклюзивті білім беруді кеңейту, қолжетімді орта қалыптастыру, оңалту қызметтерін дамыту, жұмыспен қамту механизмдерін жетілдіру – барлығы да адам әлеуетіне салынған инвестиция ретінде қарастырылады.

Қазақ «Адамның қадірін адам біледі» дейді. Шын мәнінде, әрбір азаматтың қоғамдағы орны – оның денсаулығына емес, жүректегі жігері мен ақылындағы нұрға байланысты. Сол себепті бүгінгі күні елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың арасынан талай тауды қопарып, талай биікті еңсерген тұлғалардың шығуы кездейсоқ құбылыс емес. Олар мемлекет ұсынып отырған мүмкіндіктерді өз еңбегімен ұштастырып, жарқырай көрініп жүрген жандар. Бірі — халықаралық спорт аренасында ел намысын аспандатып жүрсе, енді бірі — ғылым мен шығармашылықта жаңашылдықтың жүгін көтеруде, тағы бірі — кәсіпкерлік әлемінде өз орнын тауып, өзгелерге өнеге болып отыр. Мұндай тағдырлар – ақырын жүріп, анық басқан қазақы қайсарлықтың дәлелі.

Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулардың түпкі мақсаты да осы: әрбір азаматтың қоғамға толық араласуына жол ашу, өзін пайдалы әрі бағалы сезінуіне мүмкіндік беру. Өйткені шын мәнінде, қоғамның кемелдігі – ең әлсізіне деген көзқарасынан көрінеді. Ал сол әлсіз деп саналатын жандардың өздері талай рет мықтылықтың не екенін дәлелдеп келеді. Олардың табысы – тек жеке адамның жеңісі емес, ол – қоғамның бет-бейнесін жақсарта түскен ортақ жетістік.

Осындай үйлесім табылған қоғамда өсіп-өнген ұрпақ та өзгеше болады: олар мейірімді, түсінігі кең, жауапкершілігі жоғары, адамды құндылық ретінде бағалай алатын болып қалыптасады. Бұл – мемлекеттің болашаққа жасаған ең сенімді салымы.

Шымкент қаласындағы мүгедектігі бар адамдарға арналған №19 спорт мектебінің ішінде қарапайым ғана ұстаз өз шәкірттерімен бірге үлкен арманның жетегінде күн сайын тер төгеді. Бұл жандар – тағдырдың сынағынан өткен, бірақ, ешқашан жеңілмеген жандар. Олар көреді. Көздерімен емес, ақылымен, жүрегімен көреді. Аталған спорт мектебінің үстел ойындары бөлімінің аға жаттықтырушысы Қаламқас Алдажұманова тоғызқұмалақ пен шахмат арқылы өмірге басқа қырынан қарауды үйретіп жүрген ұстаз. Жай ғана жаттықтырушы емес, тоғызқұмалақ арқылы үміттің отын үрлеп, шахмат арқылы сенімнің шамын жағып жүрген жігерлі жанмен Арнайы кітапханада әңгімелесудің сәті түсті.

– Спорт мектебіміздің негізі 2003 жылы қаланған. Ол кезде Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандар арасында тоғызқұмалақ енді-енді қанат жая бастаған еді. Республикалық чемпионатқа әрі кетсе он шақты-ақ адам қатысатын. Бүгінде бұл сан 150-ден асып жығылды, ал ойын сапасы бұрынғыдан бірнеше есеге артты. Бұрын шәкірттерім орташа ойнаса да орын алатын. Қазір – мықтылардың заманы, шәкірттерім дені сау қарсыластармен тең дәрежеде ойнайды. Бұл – біз үшін үлкен жетістік, — дейді Қаламқас апай.

Қаламқас апайдың ерекше шәкірттері – мүмкіндігі шектеулі жандар. Бірақ, бұл сөз ол үшін ешқашан шектеу емес. Керісінше, жүрегіндегі мейірім мен үміт арқылы олардың әрқайсысын жаңа өмірге бастап келеді. Қаладағы арнайы мекемелердің шәкірттерін күніне екі сағат тоғызқұмалақ ойындарына жаттықтырады. Ұстаз ғана емес, шын мәніндегі жан шуағын таратқан, жүректерге сәуле жаққан ол шәкірттерінің алғашқы әлемдік қадамы туралы әсерленіп отырып айтып берді.

2025 жылы №19 спорт мектебінің басшылығы өз қаржысына Алдажұманованың бір шәкіртін әлем чемпионатына апарып, ел үмітін арқалатты. Нәтижесінде шәкірті алтыншы орынды иеленді. Бұл да – сүбелі жеңіс. Себебі бірінші орын алмады демесеңіз, әлемнің алдыңғы алтылығына ену оңай жетістік емес.

«Біз үшін бұл – тарихи сәт. Бұған дейін әлемдік аренадан көрінбеп едік. Ал енді, міне, бастапқы қадамды жасадық. Ендігі мақсат – алдыңғы орындар», — дейді апай көзінен нұр төгіліп.

Әйтсе де, бұл жолда қиындықтар да аз болмаған. Әдістемелік құралдардың жетіспеушілігі, кітапханаларда ойын туралы әдебиеттердің болмауы, кейбір диагноздарға байланысты спорт түрлерін таңдау шектеулері, бәрі де мұғалімді өз бетінше ізденуге мәжбүрлеген. «Қазіргі таңда әр жаңалықты интернеттен қараймыз, жаңа дебюттерді өзіміз зерттеп, балаларға ұсынамыз. Дайын дүние жоқ», — дейді ол.

Өз бетінше ізденіп, жақсы нәтижелер көрсеткен Қаламқас апайдың 6 шәкірті «Спорт шебері» атағын алған. Олардың ішінде бірнеше дүркін чемпион, бүгінде Шымкенттегі Арнайы кітапхананың директоры Ахат Нысанбеков, тірек-қимыл аппараты бұзылғанына қарамастан Қазақстан чемпионы болған Айсұлу Айтбаева, республикалық деңгейдегі жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен дарынды жас Қайсар Ергешбай бар. Олар – тек спортшы емес, өмірдің қиын сәтінде бойын тіктей алған қайсар жандар.

Қаламқас апай аптасына бес күн шәкірттерімен бірге. Бір топта тоғыздай адам бар. Кейбірі аптасына екі-үш рет келіп жаттығады, енді бірі күнде келеді. Жазда біраз азайғанмен, оқу жылы басталғанда қатары көбейеді. «Олар келгенде маған да жан бітеді. Бұл – жай жұмыс емес, бұл – менің өмірлік жолым», — дейді ол.

Жаны жайсаң, сөзі жылы, ісі таптай. Оның көзінде – үміт, жүрегінде – шексіз мейірім. Бір қарағанда, шахмат пен тоғызқұмалақты үйрететін қарапайым жаттықтырушы болып көрінуі мүмкін. Алайда шын мәнінде, ол – рухтың бапкері. Мүмкіндігі шектеулі жандарға мүмкін еместі мүмкін етуге көмектесіп жүрген жан.

Қаламқас апай үшін тоғызқұмалақ – тек ұлттық ойын ғана емес, ой мен сана сайысы, сабыр мен стратегиялық пайымның көрінісі. Ата-бабадан қалған асыл мұра ойды ұштайды, төзімділікке баулиды, сананы сергітеді. Ал шахмат – логиканың тілі, ой жүйесінің айнасы. Қаламқас апай осы екі ойынды өмір сабағына айналдырып жіберген. Оның сабағы – тек техника мен ережелерді жаттататын жаттығу емес, ол – сенімділікті, өзіңе деген құрметті оятатын өмір мектебі. Осы екі ойын арқылы ол балаларға да, ересектерге де өмірге басқа көзбен қарауды үйретіп келеді. Жеңілмейтін қарсылас жоқтығын, тек дұрыс жүріс жасау керек екенін ұғындырады. Тіпті өмірдің өзі – бір үлкен тақта, әр жүріс – өз таңдауымыз екенін меңзегендей.

Тоғызқұмалақ пен шахмат – денеге емес, ақылға салмақ түсіретін ойындар. Көзі көрмейтін, ДЦП сынды дертке шалдыққан балалар үшін бұл – таптырмас спорт түрі. Олар ойнау арқылы логикасын дамытады, ойлау шапшаңдығы артады, өмірде дұрыс шешім қабылдауға машықтанады.

«Бір жүрісте төрт-бес түрлі нұсқа болуы мүмкін. Солардың ішінен дұрыс шешім қабылдау – тек ойында емес, өмірде де маңызды. Әр жүріс – таңдау. Әр қадам – шешім. Ойын барысында ойыншы қарсыласының төрт-бес жүрісін алдын ала ойлауға, бірнеше нұсқаға жауап дайындауға үйренеді. Бұл – кейін өмірлік шешім қабылдауға көмектеседі», – дейді Қаламқас апай.

Сабақтары – сабақ қана емес, сырласу. Қаламқас апай шәкірттерін «мүгедек» деп емес, «мүмкіндігі өзгеше» тұлға ретінде қабылдайды. Өйткені адам рухын ешқандай диагноз шектей алмайды. Ол әр шәкіртіне сеніммен қарайды. Бұл – жай сенім емес, өмір сүруге деген құштарлықты оятатын сенім. Жыл сайынғы жарыстар, турнирлер тек медаль үшін емес, адамдардың өзіне деген сенімін қайта жаңғырту үшін өткізіледі.

Бір оқиғасын өзі күлімсіреп отырып айтып берген еді: «Бір шәкіртім бар, арбасынан тұра алмайтын еді. Алғаш келгенде үндемейтін, көзінде от жоқ. Бірақ уақыт өте келе ол шахматтан аудан біріншілігінде жеңіске жетті. Ол үшін бұл – тек ойын емес, өзіне сенімділік сыйлаған алғашқы жеңіс болды…»

Міне, осындай сәттер Қаламқас апайдың өмірінің мәні. Жеңістерді көру – үлкен бақыт. Ол үшін күн сайын төзім, сенім, махаббатпен қызмет ету керек. Қазір Қаламқас апайдың шәкірттері облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып жүр. Ол үшін ең үлкен марапат – шәкірттерінің өмірге деген құлшынысы, баланың алғаш күлімсіреген сәті. Өз-өзіне сенімсіз қарап келген жанның бір күні жеңіп, маңдайы жарқырап тұруы – апай үшін әлемнің ең биік тұғырымен тең.

«Қайғыны – қайсарлыққа, мұңды – мейірімге айналдыруға болады», – дейді ол. Осы сөз оның өмірлік ұстанымы іспеттес.

Шымкент қаласындағы №19 спорт мектебі – жай спорт кешені емес. Бұл – армандар орындалатын, мейірім мен төзім ұштасқан мекен. Қаламқас апайдың шәкірттері бұл орынды екінші үйі санайды. Жарысқа барарда бірі допты, бірі тақтаны, бірі сағатты көтеріп, тату-тәтті бір отбасыдай жүреді. Бұл – жеңіс жолындағы шынайы бірлік.

Cпорт мектебінде 14 түрлі үйірме бар, бірақ Қаламқас апайдың тобы ерекше. Онда қарекет те, жүрек те бар. Біліктілік пен адамгершілік ұштасқан жер – сол жер. Бүгінде апай шәкірттерімен бірге тек жаттығу жасап қана қоймай, жарыстарға бірге барып, қолдау көрсетіп, бір отбасындай өмір сүріп келеді. Бұл – жай спорт емес, бұл – адам өмірінің сапасына әсер ететін үлкен миссия. Ұлт ойындарын тірілтіп қана қоймай, сансыз жүрекке сенім сыйлап жүрген Қаламқас апайдың еңбегі бүгінгі қоғамға қажет үлгі.

Иә, Қаламқас апай – қарапайым кейіпкер. Бірақ оның жүрегіндегі жарық мың тағдырға сәуле болып түсіп жатыр. Қаламқас апайдың шәкірттері тек тақта алдында ғана емес, өмір майданында да жеңіп келеді. Ал ол соның артындағы үнсіз батыр. Тоғызқұмалақтың тыныш тақтасында тағдырлар шешіліп жатса, шахматтың шаршы алаңында шын өмірге дайындық жүреді. Осындай алаңда Қаламқас апай жүр – шәкірттерінің жүрегіне үміт тұқымын егіп… Мүмкіндігі шектеулі емес, үміті шексіз жандармен бірге жүрген бұл ұстаз – бүгінгі қоғамға қажет үлгі.

Жел өтінде қалған жандардың үні көбіне естілмей қалады. Бір жерде бір спорт залда, бір үстелдің басында үнсіз күрес жүріп жатыр. Ол – ақылдың күресі, жүректің жеңісі.

–Біздің спорт мектебінің есігі жас таланттарға әрдайым ашық. Мұнда балалардың жүрегі үмітпен, көзі жігермен жарқырайды. Бұл мектеп тек спорттық баптау орны емес, бұл – үлкен армандардың бастауы, болашақ чемпиондардың бесігі. Әлем чемпионатына шыққан шәкірттеріміздің әрбір қадамы мектеп басшысының үлкен қолдауымен жүзеге асты. Олар қиындықтар мен кедергілерді артқа тастап, алға ұмтылды. Әлемдік аренадағы алтыншы орын – бұл жеңіс ғана емес, сансыз талпыныс пен шыдамдылықтың жемісі, — дейді кейіпкерім.

Бұл жерде балалардың көзіндегі жарқын от, көңіліндегі сенім мен жігер шындыққа айналып, жеңістің тұғырына көтереді. Шымкенттің түкпір-түкпірінен, түрлі өңірлерден келген балалар өз армандарын осы жерде айқындап, келешекке нық қадам басуда.

Бұл мақала жай ғана бапкер мен шәкірт туралы емес. Бұл – өмірдің әр сәтінде күресіп, алға ұмтылған адамдар жайлы. Бұл – көлеңкеде қалмаған қабілет, еленбей қалған еңбектің даусы.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win