Кеше Мағжан ақын «Алаш атын аспанға, Шығарар олар бір таңда» деп жастарға зор сенім артқан еді. Араға ғасыр салып, сол сенімнің ақталғанына тағы бір мәрте куә болып отырмыз. ХХІ ғасырда қазақ жастары ғылым мен технологияның биік шыңдарын бағындырып, қанатын кеңге жаюда.

Иә, біздің жастарымыз қашан да алғырлығымен танылған, ойы ұшқыр, зердесі ояу келеді. Ең бастысы, олар елінің ертеңі үшін ерен еңбекке де, көзсіз ерлікке де дайын! Себебі, қазақ жастары Отанын сүйеді! Елі мен жерін қастер тұтады!
Осындай жас өрендердің бірі – Шымкенттегі №1 білім-инновация лицей-интернатының 10-сынып оқушысы, 15 жасар Арсен Алмасхан. Талабы таудай жеткіншек медициналық диагностика саласына серпіліс сыйлайтын тың жаңалықты дүниеге әкелді. Ол жасанды интеллект негізіндегі науқасқа диагноз қоятын бағдарламаны жасап шықты.
Арсеннің жобасы – бүгінгі күннің шын мәніндегі сенсациясы. Бағдарлама сегіз түрлі медициналық көрсеткішті талдап, бірнеше аурудың белгісін бір уақытта анықтай алады. Бүгінге дейін дәрігер әр дертті жеке-жеке тексеріп келген. Ал, Арсеннің жүйесіне бар болғаны үш секунд жеткілікті. Үш секунд! Осы уақыт ішінде ол дерттің түр-түсін танып, нақты мәлімет береді. Бұл – қолжетімді қызмет, уақытты ұтымды пайдалану, медицинадағы жаңа тыныс.
Бұл бастаманың өмірге келуіне жас зерттеушінің жанына қаяу түсірген жағдай түрткі болыпты. Дәрігерлер Арсеннің қарындасына ұзақ уақыт диагноз қоя алмапты. Ол қарындасының төрт ай бойы бір кабинеттен екіншісіне сабылып, қиналғанына куә болған. «Ендігі жерде ешкім мұндай қиындықты бастан кешпесе екен» деген ізгі ой жеткіншекті үлкен іске бастаған. Ашық дереккөздердегі 800 адамның медициналық мәліметін саралап, бағдарламаға үйретті. Нәтижесінде жүйе 80 пайыз дәлдікпен диагноз қоя алған. Бұл – жас ғалым үшін де, отандық медицина үшін де зор олжа.
Енді ол бағдарламаны жетілдіру үшін команда жинамақ. Алдағы уақытта қазақстандық пациенттердің медициналық деректеріне ресми рұқсат пен қуатты компьютер қажет.
Арсеннің арманы – еліміздегі диагностика жүйесін жаңа деңгейге көтеру. Қолдау тапса, бұл жоба Қазақстан медицинасын жаңа дәуірге бастайды деген үміттеміз.
Алаштың атын аспанға шығарды деген осы емес пе?! Арсен секілді талапты, талантты жас қырандар барда қазақтың көк Туы тек биікте желбірері шүбәсіз.
Айдар ҚҰЛЖАНОВ
