Редакция таңдауы

Ірі жылыжай кешенінің капсуласы салынды

Шымкент қаласында тағы бір ірі жылыжай кешенінің құрылысы басталды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Польшаның «Fabe-Agro» компаниясының басшылығымен бірге құны 137 миллион АҚШ долларлық жылыжай кешені құрылысының басталуына арналған капсула салу рәсіміне қатысты.

Мәртөбе тұрғын алабында жүзеге асырылып жатқан жобаның жалпы алаңы – 144 гектар. Қазіргі таңда қажет инфрақұрылым желісін жеткізу жұмысы басталып кеткен. Бұл кешен қаланың ең ірі агроөнеркәсіп нысандарының біріне айналмақ. Жоба іске қосылғаннан кейін мұнда жылына 36 мың тонна көкөніс өнімі өндіріліп, 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Ғ.Сыздықбеков бұл жобаның Шымкенттің агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына маңызды үлес қосатынын және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін айтарлықтай нығайтатынын атап өтті. Қала әкімі сонымен қатар, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашатын инвесторларды қолдау жалғаса беретінін мәлімдеді.

– Шымкент қаласына экономикалық жағынан маңызды тағы бір жобаның құрылысы басталып отыр. Бұған дейін түркиялық инвесторлардың жылыжай кешенінен алғашқы өнімдер жиналғанын білесіздер. Қалада ауыл шаруашылығы саласының дамуына осы екі жоба қомақты үлес қосып, жаңа серпін бермек. Нарықта 10 жылдан астам тәжірибесі бар «Fabe-Agro» компаниясы бізге зор сеніммен келіп отыр. Еуропада бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Шымкент қаласына инвестиция салып, бізге қызығушылық танытқан компания басшылығына алғыс білдіремін. Мінекей, жылына 36 мың тоннаға жуық өнім шығаруды жоспарлап отыр. Бұл — ауқымды көрсеткіш. Жұмыстарыңыз жемісті болсын, – деді қала әкімі.

Айта кетейік, заманауи жылыжай технологияларын енгізу өнімділікті едәуір арттырып, өнім сапасының жоғары деңгейде болуын қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде бағаның тұрақталуына және тұрғындарға сапалы көкөністі жеткізуге жағдай жасайды.

Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Талғат Мекамбаевтың айтуынша, кезекті ірі жылыжай кешені ауыл шаруашылық саласына үлкен серпіліс береді. Инвесторлар жобаны 2025-2028 жылары іске асырып, қызанақ, қияр өнімдерін нарыққа шығармақ. Қазіргі таңда еліміздегі ірі жылыжай кешендерінің жартысынан астамы Шымкент қаласына тиесілі екенін айта кеткен жөн.

Аталған инвестициялық жоба Шымкент қаласының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ішкі нарықты сапалы әрі қолжетімді өніммен тұрақты қамтуға елеулі үлес қосады. Сонымен бірге, бағаны тұрақтандыруға және агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріс көлемін арттыруға оң ықпал етеді.

 

Тағабай ҚАСЫМОВ

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win