Редакция таңдауы

ЕҢБЕКШІ – ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ДАМЫҒАН АУДАНҒА АЙНАЛАДЫ

Шымкент қаласының ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан аумақтарының
бірі – Еңбекші ауданы. Бүгінде аудан аумағы 22 800 гектарды қамтып, тұрғындар саны 228 830-ға жеткен. Құрамында 18 тұрғын алап пен 11 шағынаудан бар бұл өңірде инженерлік инфрақұрылым жүйелері жылдан-жылға жақсарып келеді. Атап айтар болсақ, мұнда тұрғындарды ауыз сумен қамту көрсеткіші – 97, электр энергиясымен қамту көрсеткіші – 99,8, табиғи газбен қамту көрсеткіші – 97, кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 41 пайызды құрап отыр. Жолдардың 79,8 пайызы асфальтталған.
2022–2025 жылдар аралығында инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Жол картасында» жоспарланған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Орайы келгенде Еңбекші ауданындағы инженерлік инфрақұрылымның әр бағытына жеке-жеке тоқталып, атқарылған жұмыстарға кеңінен шолу жасауды жөн көрдік. 

Бес елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етіледі

Былтыр жыл қорытындысы бойынша Еңбекші ауданында халық көп шоғырланған аумақтардың барлығы ауыз сумен толық қамтылып, тұрғындарды ауыз сумен қамту деңгейі 97 пайызды құрады.

Биыл Жастар көшесін, «Қазығұрт» станциясы аумағы мен Оңтүстік–Жаңақұрылыс–3 тұрғын алабын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған болатын. «Строительная группа «Архитектор» ЖШС-і осы мақсатта тиісті жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Бұйыртса, келер жылы аталған аумақтарда тиісті жұмыстар қолға алына бастайды.

Ауданда тұрғындарды электр энергиясымен қамту көрсеткіші де жақсарып келеді. Қазір мұндағы шағынаудан мен тұрғын алаптарға электр энергиясы мемлекеттік (98,6 пайыз) және жекеменшік (1,2 пайыз) желілер арқылы жеткізілуде. Ал, қамтылмаған аумақ үлесі небәрі 0,2 пайыз ғана. Яғни, қазір Жаңақұрылыс аумағындағы 120 абонентке электр желісін тарту қажеттігі туындап отырғанын да айта кетейік.

Былтыр өңірде «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-і тарапынан электр инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жүргізілді. 16,7 шақырым электр желісі ауыстырылып, 9 трансформатор орнатылды. Биыл 4,7 шақырым желі жаңартылып, 3 трансформатор қойылды. Сонымен қатар, Исфиджаб және Достық тұрғын алаптарындағы (1356 абонент) жекеменшік электр желілерін мемлекеттік стандартқа сәйкестендіру мақсатында құрылыс-монтаждау жұмыстары атқарылды. Ескірген электр желілері де жаңартылуда. Мәселен, А.Оразбаева көшесіндегі трансформатор мен электр желілері толық жаңартылды.

Тұрғындарға қауіпсіз және ыңғайлы орта қалыптастыру үшін көшелерді жарықтандырудың маңызы зор. Өңірде 361 көше жарықтандырылған. Былтыр – 244, биыл 367 көшені жарықтандыру жоспарланған. Бүгінге дейін 282 көшеге жарықшамдар орнатылды. 85 көшеде тиісті жұмыстар атқарылуда.

Ауданда тұрғындарды табиғи газбен қамту деңгейі – 97 пайыз. Бұдан халықтың басым бөлігінің «көгілдір отынға» қол жеткізгенін көруге болады. Аудан әкімі Д. Есілбектің мәлімдеуінше, былтыр Оңтүстік, Қарабастау, Жұлдыз, Жалын, Қаратөбе елдімекендері мен Жаңақұрылыс аумағындағы 3 739 абонентті табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен қажетті қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары басталған-ды. Бүгінде Қаратөбе тұрғын алабы мен Оңтүстік шағынауданындағы құрылыс жұмыстары толық аяқталып, нысандар пайдалануға берілді. Жақында Жалын тұрғын алабы мен Қарабастау–Жаңақұрылыс және Жұлдыз–Жаңақұрылыс елдімекендеріндегі тұрғындар да осындай қуанышқа кенелетін болады.

Еңбекші ауданында тұрғындарды кәріз жүйесімен қамту деңгейі 41 пайызды құрайды. Қазіргі таңда «Ұлағат» шағынауданында кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталды. Мердігер мекеме – «Алем Строй1» ЖШС-і. Өңірде Жұлдыз тұрғын алабындағы, Базарқақпа тұрғын алабы мен Достық көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлерге де кәріз жүйесі тартыла бастады. Сонымен қатар, аудан орталығындағы 11 көшеге кәріз жүйесін тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

 

Ескірген бағаналар ауыстырылды

Еңбекші ауданында ұзындығы 732,91 шақырымды құрайтын 728 көше мен өткел бар. Олардың 595,16 шақырымы асфальт, 125,98 шақырымы тас, ал 11,84 шақырымы топырақ жамылғысынан тұрады. Алдыңғы жылы 73 көше (45,5 шақырым) орташа жөндеуден өтсе, былтыр 24 көше (10,5 шақырым) жөнделді. 2025 жылы 72 көшеге (34,3 шақырым) орташа жөндеу жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда бұл жұмыстардың 90 пайызы орындалды.

Аудан аумағында 215 көшеге (256,3 шақырым) аяқ жол төселген. Соның ішінде 51 көшедегі (33,98 шақырым) аяқ жол қайта жөндеуді қажет етуде. Одан бөлек, 57 шақырымды құрайтын көшеге жаңа аяқ жол салу керек. Сала мамандары аталған шаралардың 2025–2028 жылдарға арналған жоспарға енгізіліп, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын айтады.

Айта кетейік, 2024 жылы – 23 көшеге (10,3 шақырым), 2025 жылы 22 көшеге (13,2 шақырым) аяқ жол салынды. Былтыр қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Тауке хан көшесіне (1,5 шақырым) аяқ жол салу жұмыстарын жүргізді. Биыл Сайрам көшесінің бойындағы бүлінген аяқ жолдар қайта қалпына келтіріліп, 2,8 шақырым жол жөнделді. Жөндеу жұмыстары барысында көшедегі ескірген 162 жарықшам бағанасы алынып, олардың орнына жаңа бағаналар орнатылды.

Еңбекші ауданында күз бен көктем мезгілдерінде жауын-шашын суларының басып кету қаупін азайту мақсатында зерттеу жүргізіліп, 57 мекен-жай анықталған болатын. 2022 жылы су алу қаупі жоғары 21 мекен-жайға (7,3 шақырымды), 2023 жылы 20 мекен-жайға (8,1 шақырым), 2024 жылы 16 көшеге (4,9 шақырым) ирригациялық арықтар орнатылды.

Биыл су алу қаупі бар 20 мекен-жай анықталып отыр. Қазір оның 5-еуінде тиісті жұмыстар атқарылып, арықтар қойылды. Олар: Уалиханов көшесінің ішкі орамы, Айтжанов көшесі, Орынбай ақын көшесі, Уалиханов көшесі және Азат шағынауданы, Ақдала көшесі. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат ететін мұндай шаралар алдағы жылдары да кезең-кезеңімен жүзеге асарылатын болады.

Өңірде көпқабатты 285 тұрғын үй 132 аулаға біріктірілген. Мұнда абаттандыру жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асырылып келеді. Бұл жоба тұрғындарға өз ұсыныстарын енгізу арқылы жергілікті бюджетті бөлуге қатысуға мүмкіндік береді.

2024 жылы көпқабатты 47 тұрғын үйдің ауласы абаттандырылып, жеке сектордағы 17 мекен-жайда балалар ойын алаңшасы орнатылды. 2025 жылы 47 жобаны іске асыру жоспарланған болатын. Қазіргі таңда «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 39 жоба бойынша тиісті жұмыстар аяқталып, 5 жоба бойынша жұмыс жоспары бекітілуде, ал 3 жоба мемлекеттік сатып алу сатысында тұр.

Ауданда 61 ашық спорт алаңша бар. 2024 жылы 8 жаңа спорт алаңшасы орнатылса, 2025 жылы тағы 9 алаңша салынып, тұрғындардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасалуда. Одан бөлек, 2024 жылы Еңбекші ауданы әкімдігі аппараты тарапынан 5 гүлзар, демеушілер есебінен 2 гүлзар салынды. 2025 жылы 8 гүлзар құрылысын жүргізу көзделіп, 7 гүлзар бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді. Жыл соңына дейін олардың барлығы ел игілігіне тапсырылатын болады. Ал, 1 гүлзарды «Группа Интеко» ЖШС-і мемлекеттік-жеке серіктестік аясында салды.

 

Бүгінде аудан аумағында 192 көшедегі үйлерге

7 336 дана көше атауы мен үй нөмірі көрсетілген тақтайша орнатылды. Биыл 207 көшеге 9 015 дана тақтайша қою жоспарланып, сатып алу шарасы өткізіліп, мердігер мекеме анықталды. Қазіргі таңда 56 көшеге 1 850 дана тақтайша орнатылды. Жалпы жыл соңына дейін бұл жұмыстар толық аяқталатын болады.

Қорыта келе айтарымыз, Еңбекші ауданында жол жөндеу, жарықтандыру, тұрғындарды ауыз сумен, табиғи газбен, электр энергиясымен қамту бағытындағы және тағы басқа жобалар алдағы уақытта да жалғасатын болады. Мамандар бұл бастамалардың өңірдің мегаполистегі инфрақұрылымы дамыған ауданға айналуына септігін тигізетінін айтады. Ал, бұл өркениеттің белгісі.

 

Дилара БИМЕНОВА

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win