Бұқаралық спортты дамыту — тұрғындардың өмір сапасын арттырып, қауіпсіз әрі белсенді ортаны қалыптастырудың маңызды бөлігі. Алаңқайлар мен спорттық нысандардың көп болуы балалардың денсаулығын нығайтып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайды.

Мұндай инфрақұрылымдар отбасылық демалыстың жаңа мәдениетін қалыптастырып, қоғамдағы салауатты өмір салтына деген қызығушылықты күшейтеді. Осы бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласында қарқынды түрде жалғасып келеді.
Шымкент қаласы Қаратау ауданы бойынша «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында биыл 31 жаңа ойын және спорт алаңшасын орнату жоспарланған. Бүгінде 27 ойын алаңы мен 4 спорт алаңшасына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Құрылыс қарқыны қарқынды: қазіргі таңда 26 нысан толық пайдалануға берілді. Қалған 5 алаңшадағы жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін толық аяқталады.
Жаңадан салынған ойын және спорт аймақтары – балалардың еркін ойнауына, жасөспірімдердің спортпен айналысуына, ата-аналардың қауіпсіз әрі жайлы демалыс өткізуіне арналған таптырмас орын. Осылайша, аудан аумағында тұрғындар үшін қолайлы және заманауи орта қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ
