Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары өзіміз негізін қалаған «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттеріне биыл 35 жыл толып отыр екен. Тақыр жерден тау тұрғызған сол кездегі газеттің бас редакторы
Жұмамұрат Тұяқбаев ағамыздың күндіз – күлкі, түнде – ұйқы көрмей еткен еңбегі біздің есімізден әсте, шықпайтын шығар.

Сол тоқсаныншы жылдардың басында марқұм Мәлік Аблаев бауырымыздың ұйымдастыруымен «Панорама Шымкента» деген хабаршы-вестник басылымы шығып тұрған. Мәліктің еңбегін жоққа шығарғым жоқ. Мықты журналистердің бірі еді. Осы бастама мұрындық болған шығар, Шымкент қалалық партия комитеті осы басылымды қаланың төл газеті етіп шығаруды көздеп, оның басшылығына облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, қос тілге жүйрік жазушы-журналист Жұмамұрат Тұяқбаев ағамызды таңдады. Не арнайы ғимараты жоқ, не баспасы жоқ газет редакциясы қалалық тұрғын үй басқармасының ғимаратын жалдап, жұмысты бастап кеп жібереді.
Қанша дегенмен іскер адам істің көзін табады емес пе?! Аз жылдың ішінде «Шымкент келбеті» газетінің таралымы қаланы қойып, облыстың бүкіл аумағын қамтиды. Қаламының қуаты бар Бекзаттар Дінәсілов, Райхан Ақбердиева, Фарида Шарафуддинова, Әлия Еңсебаева, Жәмила Мамырәлі, Атанбек Наурыз, Айгүл Мамытова, Оралхан Дәуіт, Галина Хан, Ольга Каплина тағы басқалар жұмыс істеп, газеттің абыройын аспандатты.
Редакцияның өз баспаханасы, автономды электр станциясы болды. Журналистер толық компьютермен жабдықталды. Тың тақырыптар негізінде оқушылармен студенттермен дөңгелек үстел кездесулер жиі-жиі өтіп тұр. Газет жанынан «Бөлбөбек», «Детский парк» қосымшалары жарық көрді. Айта берсек әңгіме көп қой…
Қазір сол газеттің отын өшірмей, жалынын жарқыратып отырған редакция ұжымына, оның басшылығына алғысым шексіз. Қазір редакцияда жаңа буын журналистер Тағабай Қасымов, Замира Алдабергенова, Мөлдір Кенжебай Салтанат Жамалдинова, Жадыра Мүсілім, Гүлжауһар Бажақай секілді әріптестерім бар.
35 жыл – үлкен белес! Үшінші мегополистің айнасы – «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің ғұмыры ұзақ болғай! Барлықтарыңа шығармашылық табыс тілеймін!
Нұрлан КЕНЖЕҒҰЛОВ,
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстанның құрметті журналисі
