Қарашаның басынан бері Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беріліп жатыр. Қазір бұрынғыдай емес, үйлердің көбінде жылуға қатысты проблемалар жоқ. Пәтерлердің іші ұядай жылы екенін тұрғындар да жоққа шығармайды. Бірақ, кейбір көпқабатты тұрғын үйлерде жылудың дұрыс берілмеуі немесе қақаған аязда істен шығуы секілді келеңсіз жағдайлар да кездесіп тұрады. Мамандардың айтуынша, бұған тұрғындардың қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстарына жүрдім-бардым қарап, жауапкершіліктен қашқақтауы себеп болатын көрінеді.

Қарапайым сөзбен айтсақ, жылу құбыры көпқабатты үйдің жертөлесіне кіргенге дейін оған жылу жеткізуші компания жауапты. Ал, жертөледен бастап, жылуды пәтер-пәтерге тарататын жүйенің техникалық жағдайына үй иелерінің өздері жауапкершілік алуға тиіс. Өйткені, оның бәрі сол үйдегі пәтер иелерінің ортақ меншігі. Сіздің меншігіңіздегі дүниеден ақау шықса, оны сырттан келіп біреудің тегіннен-тегін жөндеп бермейтіні түсінікті ғой. Өкінішке қарай, осыны да түсінгісі келмейтін азаматтар аз емес екен. Өздері үйін жылыту маусымына дайындауға асықпайды, ал, күні ертең қыстың көзі қырауда жылу жүйесі істен шықса, әкімдіктің алдына барып, айғайға басып, мәселені шешіп беруін талап етеді.
Жақында қаладағы бірқатар көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындарымен тілдесіп, пәтердегі жылу жүйесі туралы айтарына құлақ түрген едік. Соңғы жылдары суық күндері үйдің іші қыз-қыз қайнап тұратынын пәтер иелері де жоққа шығармады. Десе де кейбір үйлерде жылудың дұрыс келмей жатқаны туралы шағым айтқан тұрғындар да табылды. Мұндай мәселе биыл ғана емес, бұдан бұрынғы жылдары да жүйелі болғанын тілге тиек еткен пәтер иелері мұндайда, әлбетте, жауапкершілікті жылу жүйесіне жауаптылардан іздейтіні де ақиқат. Алайда, жылда қайталанатын бұл мәселенің төркінін адамдардың өзінен де, бұдан қалса, жүйедегі олқылықтан да іздеген дұрыс секілді.
Осыдан екі апта бұрын ғана қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мәлік Әбдінұров Қоғамдық кеңес мүшелеріне есеп беріп, өз сөзінде Шымкент қаласының газ- техникалық қызметі КММ-нің қызметкерлерінің қатысуымен қала тұрғындарына тұрақты түрде газбен байланысты оқыс-оқиғалардың алдын алу және болдырмау мақсатында үгіт-насихат түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізетінін айтты. Айталық, биыл 62 рет насихат жұмысы жүргізіліп, брифингтерден 74 мақала мен пост жарияланып, 28 жиналыс, дөңгелек үстел ұйымдастырылып, 174 мың жадынама таратылған. Ал, осы атқарылған түсіндірме жұмысы туралы БАҚ-да, инстаграм, фейсбук әлеуметтік желілерінде жарияланыпты. Бір қызығы, телефонға телміріп, әлеуметтік желіні сағат сайын ақтарып отыратын жұртшылыққа осындай түсіндіру жұмысы қызық болмағаны ма, әлде, өздеріне артылған міндетке жүрдім-бардым қарағаны ма, қауіпсіздік жөніндегі талаптарды бұзатындар қатары, әдеттегідей, көп. Мысалы, биыл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске сәйкес, 81 адамға айыппұл салынса, 305-баппен 13 тұрғын жауапкершілікке тартылған.
Сондай-ақ, Шымкент қалалық газ-техникалық қызметі 174 мың үйде түсіндірме жұмысын жүргізіп, тұрғындардың үйішілік газ құрылғылары талапқа сай келмейтін 2 835 ақау анықталған. Соның ішінде 601-і қайта ретке келтіріліп, 2 234 үйде жұмыс жүргізіліпті.
Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының жылумен қамтамасыз ету саласына қатысты мәлімдемесінде жылу жүйелерінің тозу деңгейі 37 пайыз екені белгілі болып отыр. Бұған қарамастан, қаланың 2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымына жоспарланған жұмыстары қазанда толық аяқталып, қарашадан бастап жылу берілген.

Келеңсіздік неге қайталана береді?
Десе де жылу жүйесіндегі әлгіндегідей келеңсіз мәселенің қылаң беруі қыс ортасында қайталана беруіне не себеп? Айталық, қазір қала аумағында 2595 көпқабатты тұрғын үй бар. Соның ішінде 35 пәтерден аз 1 008 үй кондоминиум нысанын өз бетінше басқаруға құқылы, 1 587 тұрғын үй басқару нысанын тіркеуге жататындар қатарында тұр. Бірақ, шаһардағы 138 үйде ғана мүлік иелері бірлестігі құрылған. Сонда 1 449 тұрғын үйді басқару нысаны әлі таңдалмаған. Ал, осындай тұрғын үйді күтіп ұстауға қатысты мәселеге басын ауыртқысы келмейтін үйлерде қысқы жылыту маусымына қатысты проблемалардың қайталануы қалыпты жағдайға айналып отыр.
«Қуатжылуорталық» мамандарының айтуынша, қысымдау жұмыстарының сапалы орындалуы, ең алдымен, элеватор торабының дұрыс күйге келтірілуіне тікелей байланысты екен. Ең бірінші кезекте элеватор қорабындағы барлық жабдық толық тексеріліп, апатты жағдайларда үйді сырттан өшіріп тастауға жол бермейтін тетіктер дұрысталуы қажет. Элеватордағы бұрғыларды мұқият қарап, жұмыс істемейтін элементтері болса, дереу ауыстыру маңызды. Әсіресе, сыртқы трассадан келетін элеватордың кіріс және кері қайту желілеріндегі екі негізгі вентиль бірінші кезекте жаңартылады.
«Элеватор торабына манометрлер мен термометрлер орнату міндетті. Бұл құралдар арқылы жүйеге түсіп тұрған қысымның, келіп жатқан жылу тасымалдағыштың температурасын нақты бақылауға болады. Мұндай бақылау тұрғындар тарапынан «жылу жеткіліксіз беріледі» деген шағымдарды болдырмайды, өйткені, барлық көрсеткіштер тікелей элеватор торабы мен жертөледегі бақылау нүктелерінде айқын көрініп тұрады», – дейді олар.
Сонымен бірге қысқы дайындық кезеңінде ішкі газ краны толық тексеріліп, жұмысқа жарамсыздары уақтылы ауыстырылуы қажет. Элеватордағы ағынды тоқтататын немесе жіберетін төрт негізгі жабу құрылғысының жұмысын ұдайы тексерген жөн. Өйткені, бұлардың ақаусыз жұмыс істеуі үйдің жылу жүйесінің сенімділігіне тікелей әсер етеді екен. Егер үйде апаттық жағдай бола қалса, бүкіл кварталды өшірмей, тек сол үйдің жертөлесіндегі тиісті вентильдерді жабу арқылы жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік болар еді. Бұл, әсіресе, қыс мезгілінде құбыр жарылу сияқты жағдайларда аса маңызды. Ал, бізде қыстың қақаған суығында құбыр жарылса, барлық үйдегі жылуды өшіруге тура келіп жатады.
«Қысымдау жұмыстарын дұрыс ұйымдастыру үшін ең бірінші элеватор торабын толық жөндеп, қажетті бақылау құралдарын орнатып, барлық вентиль мен бұрғының жарамдылығына көз жеткізу қажет. Осы шаралар жылу сапасын арттырып қана қоймай, қысым мен температураны нақты бақылап, жүйедегі ақауларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Мысалы, қысымдау жұмыстары кезінде жүйеге 7-8 атмосфера деңгейінде қысым беру талап етіледі. Қысым осы көрсеткіште 10-15 минут тұрақты ұсталғанда, жүйедегі ақаулар бірден байқалады. Бұл әдіс қыс мезгілінде болуы мүмкін жарылулардың алдын алуға мүмкіндік береді, өйткені, әлсіз тұстар дәл осы қысымдау сәтінде анықталып, жөнделеді. Сондықтан ең бірінші кезекте қысымды дұрыс беру қысымдау жұмысының негізгі және міндетті шарты», – дейді мамандар. Бұдан кейін элеватор торабындағы барлық жабу құрылғысы мен жабдықтарды мұқият тексеру қажет. Себебі жүйенің жалпы жұмыс қабілеттілігі осы құралдардың дұрыстығына тікелей байланысты екен.
Сондай-ақ үйдің ортақ магистралі мен әр пәтердің өзіне тиесілі көтергіш бөліктерінің жұмыс істеуін тұрғындар өздері тұрақты қадағалауға тиіс. Мәселен, әр пәтердің алдындағы жеке тік құбырлар тозған жағдайда тұрғындар өздері ауыстыруы керек болады. Бірақ, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің жұмысын үйлестіретін басқару құқығы жоқ болғандықтан көптеген үйлердегі осы құбырлар әлі күнге дейін үй салынған кездегі ескі темір құбырлармен тұр. Уақыт өте бұл құбырлар шөгіндіге толып, өткізгіштік қабілетін жоғалтып жатыр. Соның нәтижесінде тұрғындар толыққанды жылу ала алмайды. Сондықтан мамандар қысымдау жұмыстарының сапалы орындалуы үшін жүйеге қажетті қысымды беру, элеватор жабдықтарын тексеру ғана емес, сондай-ақ пәтерішілік тік құбырлардың жағдайына назар аудару да өте маңызды екенін айтады.
Бұрын кез келген үй міндетті түрде үйдің инженерлік желілерінің қысқа дайындығын тексеру актісінен өтетін болған. Егер бұл талап орындалмаса, қабылдау актісі берілмейтін және үй желіге қосылмайды екен. Өкінішке қарай, қазір бұл тәртіпті де тұрғындар сақталмайтын болып шықты. Кейбір жағдайларда әлеуметтік жағдайын алға тартқан тұрғындардың өтінішімен үйлер тексеріссіз-ақ қосылып кетеді. Ал, мұның салдары көрші үйлердің де әкімдікке жүгініп, «оларға қосып берді, бізге де қосыңдар» деген талаптарының артуына әкеліп соғып отыр. Осылайша, тәртіп бұзылады, ал тұрғындар болса өздерінің міндетіне кіретін жұмыстарға да жергілікті атқарушы билікке жауып, басқару нысанын құруға құлықсыздық танытып келеді. Өйткені оларға қалтасынан қосымша ақша шығарудың орнына, тікелей әкімдікке шағымдану арқылы мәселені шешу әлдеқайда жеңіл болып барады. Мұндай масылдық психология жергілікті бюджетке шығын әрі талапты толық орындап отырған басқа тұрғындардың да тұрмыс сапасына келеңсіздік әкеледі.
Тозған жүйе тығырыққа тірейді
«Тұрғындарға инженерлік желілерді қосу – құрылғыны басып қоя салу емес, үйдің инженерлік желілерінің қысқа дайындығын тексеру актісі кезінде үйдің ішкі жүйелерінде ақау, мысалы, газдың немесе судың ағуы, қысымның дұрыс болмауы анықталуы мүмкін. Қосып жібергеннен кейін туындайтын қауіптің алдын алу үшін осы тексерістер ерекше маңызды. Қарапайым мысалмен түсіндірсек, әр пәтерде электр есептегішін, жарық шығаратын шағын электр шамы жанып кетсе оны өзіңіз ауыстырасыз. Сол сияқты инженерлік желілердің де өзіндік есептегіштері мен қауіпсіздік талаптары бар. Оларды бақылаусыз қосу қауіпті болады. Қысымның көрсеткіштері де жоғары. Төрт жарым атмосфера – үлкен қысым, бұл жеңіл көліктің дөңгелегіндегі қысымнан екі еседен аса жоғары. Яғни, жүйе дұрыс жұмыс істемесе, үлкен тәуекел тудырады. Сондықтан әкімдік пен Пәтер иелері кооперативі тарапынан түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуі керек. Тұрғындар да өз жауапкершілігін сезінуге тиіс. Барлық талап толық орындалған кезде ғана үйді желіге қосу қауіпсіздік пен тәртіптің негізгі шартына айналар еді» дейді «Қуатжылуорталық» мамандары.
Сөздерінің жаны бар. Мәселен, қала аумағында әлі де техникалық талаптарға сай келмейтін, кезінде дұрыс қабылданбаған немесе ПИК мен Пәтер иелері бірлестігіне кірмеген үйлер бар. Бұл үйлердің кейбірінің жертөлелері мен ішкі жүйелері әбден тозған, құбырлары ашылып, іріп, істен шыққан. Мұндай нысандарды әкімшілік бұрын «уақытша» қосып берген, алайда қазір бұл жүйелі мәселеге айналып отыр. Орталық мамандары осындай үйлерге барып, жылу мен суды қосқан күннің өзінде, он минут өтпей жатып құбырлары жарылып кетеді екен. Кейде су бірден ағып, үйді толықтай басып қалуы мүмкін. Ал бұл тек коммуналдық шығынға ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздігіне де тікелей қатер төндіреді. Өйткені 40-60 градус температурадағы су адамды күйдіріп жіберуі мүмкін. Сондай жағдайда мамандар суды қайтадан жауып тастауға мәжбүр болады.
Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы да көппәтерлі тұрғын үйлерде ПИК немесе МИБ құрылмауының себебін дәл осы тұрғындардың басқару процесіне аз қатысуы, ұйымдастырушылық жауапкершіліктен қашуы, мәселелерді атқарушы орган арқылы шешуге бейімділігі және мәжбүрлеу тетіктерінің болмауынан туындап отырғанын жоққа шығармайды. Салдарынан мұндай үйлерде апаттық жағдайлар, өрт, су тасқыны немесе конструкция құлауы сияқты оқиға кезінде нақты жауапты адамды анықтау мүмкін болмай жатады. Бұл тұрғындардың мүлкін құқықтық қорғауды айтарлықтай қиындатады екен. Сондай-ақ, міндетті техникалық рәсімдердің орындалмауы да тұрақты байқалады. Себебі инженерлік желілерді тұрақты бақылап, жүйелі пайдаланып отыратын кәсіби құрылым жоқ.
«Барлық көпқабатты тұрғын үй үшін міндетті техникалық рәсімдер – инженерлік жүйелерге техникалық қызмет көрсету, маусымдық дайындық, жылу жүйелерін жуу және сығымдау, ішкі жылу контурын тексеру және жөндеу, жертөле аймақтарын дайындау жұмыстары уақтылы орындалуға тиіс. Алайда, басқару нысаны жоқ үйлерде бұл жұмыстар толық көлемде жүргізілмейді. Соның салдарынан үйлер жылу беру маусымына дайындықсыз жетеді және жылу маусымында жиі әрі ауқымды апаттар болады. Басқарушы орган болмағандықтан, тұрғындардың шағымдары тікелей мемлекеттік органдарға бағытталады. Алайда, әкімдік немесе өзге атқарушы органдардың тұрғын үйлерді күтіп ұстау функциясын өз бетінше атқаруға заңды құқығы жоқ. Бұл жағдай шағым санының өсуіне және проблемалардың ұзаққа созылуына алып келеді», – деп түсіндіреді басқарма өкілдері.
Ал, негізінде қолданыстағы «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңнамаға сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйдің мүлкін күтіп ұстау және басқару міндеті тұрғындардың өздеріне жүктеледі. Алайда, осы міндетті орындау үшін ПИК немесе МИБ сияқты басқару нысанын құру тұрғындардың заңды әрі практикалық жауапкершілігіне байланысты болып бекітіледі.
Заңнамадағы талапты темірдей орындатудағы тетіктің болмауынан тұрғындар «әкімдік қосып береді» деген оймен өмір сүреді. Бірақ, әрбір материал, әрбір бөлшек есептеулі, бекітілген нормамен беріледі. Бір қызығы, тұрғындар жылу жүйесіне жауаптыларға «материалды өздерің жеткізіңдер» деп те талап қоятын көрінеді. Мамандар тек техникалық қызмет көрсетуге жауапты болғанымен, жеке үй иесінің шығынын өтеуге шамасы жетпейді. Ал қосымша қаржысыз және өзіне жүктелмеген міндетті атқаруды мойнына іліп қоятын біздегі жүйе, өкінішке қарай, жүйелі мәселені толық шешуге мүмкіндік бермей жатқаны осыдан болса керек.
Жадыра МҮСІЛІМ
