Редакция таңдауы

ЖАСТАР ЖҰМЫССЫЗДЫҒЫ ЕКІ ЕСЕГЕ АЗАЙДЫ

Шымкентте соңғы жылдары жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу бағытында нақты жұмыстар жүргізіле бастады. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының дерегінше, биыл еңбекке қабілетті жастарды жұмыспен қамту көрсеткіші екі есеге артқан. Бұл – жүйелі жоспарлау мен еңбек нарығын нақты талдаудың нәтижесі.

Қаланың әр ауданында өткізіліп келе жатқан бос жұмыс орындары жәрмеңкелері жастарға мол мүмкіндіктер беріп отыр. Жәрмеңкелерде мемлекеттік мекемелерден бастап, өндіріс, қызмет көрсету, логистика, құрылыс, медицина және білім беру саласындағы ұйымдар жұмыс ұсынады. Көп жағдайда жас мамандар тәжірибесіз болғандықтан, жұмыс берушілер оларды қабылдауға асықпайды. Алайда, биылғы жәрмеңкелерде жағдай өзгерген. Атап айтқанда, бірнеше кәсіпорын жас кадрларды арнайы оқу бағдарламалары арқылы жұмыс орнында оқытып, бірден еңбекке орналастыруға дайын екенін мәлімдеді.

Жастармен кездесуде еңбек нарығына сұранысқа ие мамандықтар да ашық айтылды. Негізгі қажеттілік – техникалық салаларда, яғни, дәнекерлеушілер, электриктер, механиктер, IT-мамандар, негізінен өндірістік бағыттағы инженерлік құзыреттер. Сонымен қатар қызмет көрсету секторында кассирлер, сатушылар, аспаздар, курьерлер және әкімшілік персоналға сұраныс жоғары. Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер 3–6 айлық қысқа мерзімді оқытуға жолдама беріп, оқуды аяқтаған жастарға тұрақты жұмысқа тұру кепілдігін ұсынып отыр.

Қала жастарының белсенділігі де айтарлықтай артқан. Жәрмеңкеге қатысушылардың басым бөлігі – колледж және университет бітірушілері, сондай-ақ мамандық ауыстыруға шешім қабылдаған жастар. Оларға бағыт-бағдар беру мақсатында кәсіби бағдар кеңесшілері және жұмыспен қамту орталығының мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде көптеген жас өз бейіміне сәйкес жұмыс бағытын таңдап, нақты шешім қабылдауға мүмкіндік алды.

Қалалық жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, жылдың басынан бері Шымкентте 30 мыңнан астам жас түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыспен қамтылған. Оның ішінде жастар практикасына жолданғандар, “Алғашқы жұмыс орны” жобасына қатысқандар, қысқа мерзімді оқуды тәмамдап, кәсібін ашқан жастар, сондай-ақ әлеуметтік жұмыс орындарына орналасқандар бар. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.

Жәрмеңкеге келген жұмыс берушілер жастарды тарту үшін еңбек шарттарын жақсарта бастағанын да атап өтті: кейбір компаниялар шәкірттік жалақыны көтеріп, әлеуметтік пакет ұсынады, ал жекелеген өндіруші мекемелер қызметкерлерге тегін тасымал, ыстық тамақ пен корпоративтік медициналық қызмет көрсетуді енгізген.

Жастар үшін мұндай қолдау шаралары олардың еңбекке бейімделуін жеңілдете түседі. Тұрақты жалақы мен кәсіби өсу перспективалары болашаққа сенім береді. Көптеген жас маман «еңбек өтілім жоқ» деген себеппен жұмыссыз жүргенін айтса, бүгінгі бастамалар осы түйінді тарқатуға жол ашып отыр.

Жалпы, Шымкенттің еңбек нарығы қайта жанданып, жастарды тиімді жұмыспен қамту тетіктері күшейе түсті. Видео материалда көрсетілгендей, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – тек бір реттік шара емес, қаладағы кадрлық саясаттың маңызды бөлігіне айналған. Ең бастысы – еңбек іздеген жасқа нақты мүмкіндік бар, ал қала әкімдігі мен жауапты органдар сол мүмкіндіктің жүзеге асуына жол ашуды жалғастырып келеді.

 

Г.ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win