Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеудің маңыздылығын атап өткен болатын.
Президент «Отандық бизнеске және шетел инвесторларына жол ашу – Үкімет пен барлық мемлекеттік органның міндеті. Ал, олардың, яғни, бизнестің және инвесторлардың заңды қызметіне кедергі жасау аса ауыр құқық бұзушылық деп саналуға тиіс. Демек, ондай әрекетке жол бергендер тиісті жазасын алады. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Ал, кәсіпкерлер мен инвесторлар өз жұмысын адал жүргізіп, заңды сақтап, салық төлеуден жалтармауы керек» деген болатын.
Осы орайда Шымкент қаласының әкімдігі жергілікті кәсіпкерлер және инвесторлармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, оларға барынша қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, өткен аптаның соңында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков өңір кәсіпкерлерімен кездесу өткізді.
Жиынға Қазақстан Республикасы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков, Өңірлік кеңес мүшелері, құзырлы-бақылау органдары мен аумақтық департаменттердің, Кәсіпкерлер палатасының басшылары мен бизнес өкілдері қатысты. Кездесуде үшінші мегаполистегі кәсіпкерлерліктің дамуына қатысты мәселелер көтеріліп, шешілу жолдары талқыланды.
Жиынды Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Қайрат Молдасейітов ашып, жүргізіп отырды.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков үшінші мегаполисте кәсіпкерліктің даму әлеуеті жақсы екеніне тоқталды. Қалада 132 мыңнан астам ШОБ субъектісі тіркелген, жаңа индустриалды аймақтар құру және «Жұлдыз» индустриалды аймағына теміржол желісін тарту жұмыстары жүргізілуде.
«Кәсіпкерлікті дамыту – нарықтық экономиканы дамытудың кепілі. Елімізде бүгінгі таңда кәсіпкерліктің дамуына, оның ішінде шағын және орта бизнестің дамуына барлық жағдай жасалып отыр. Біз, жергілікті атқарушы билік тарапынан қала экономикасын дамыту үшін маңызды, бәсекеге қабілетті жобаларды қолдауға бар күшімізді саламыз. Жеке секторды қолдап, әріптестік әрекетті дамытуға әзірміз. Осындай кездесу барысында еркін пікір алмасудың да маңызы зор», – деді қала әкімі.
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков іскерлік климатты жақсарту, кәсіпкерлікті дамыту бағытында жергілікті атқарушы органдармен бірге жұмыс істеудің маңызына тоқталып өтті.
«Шымкент қаласының әкімдігі мен «Атамекен» ҰКП арасындағы тығыз байланыс орнаған. Бұл тұрғыда кәсіпкерлерге ашық қарым-қатынас орнатқан қала әкіміне және оның командасына алғыс айтқым келеді. Бірлескен жұмыстардың нәтижесі ретінде ҚР Бас прокуратурасы, Шымкент әкімдігі мен «Атамекен» ҰКП арасында бірлеске интерактивті инвесткарта еліміз бойынша алғаш рет Шымкент қаласында іске қосылғанын атап өтуге болады. Оған қоса бөлшек салық мөлшерлемесінің 4 пайыздан 2 пайызға төмендеуі де шымкенттік кәсіпкерлерге қолдау болды. Осындай нәтижелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретініне сенім мол», – деді Тимур Нақыпбеков.
Шымкент қаласының әкімі қаладағы кәсіпкерліктің дамуына тоқталып, инвесторларға жағдай жасау жұмыстары жалғаса беретінін жеткізді.
Кездесуде кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, қала әкімінің жауабын алды. Мысалы, білім беру саласында мектепке дейінгі тәрбие ұйымдарындағы ата-аналар ақысы және колледжер түлектерін жұмысқа орналастыру, несие сыйақысы мөлшерлемесіне «Даму» қоры тарапынан субсидия төлеуді қамтамасыз ету, құрылыс компанияларының ЖСҚ құрамына ақылы жолдарға кететін шығыстарды қосу сияқты мәселелерін қарау, отандық тауарларды қолдау шаралары сияқты сұрақтар көтерілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлер Шымқала тарихи-мәдени кешенін жаңғыртуға қатысты, индустриялық аймақтарда кәсіпкерлер аллеясын құру бойынша ұсыныстарын да жеткізді.
Қала әкімі әр сұрақты мұқият тыңдап, барынша жауап берді және қала мен бизнестің бірге дамуына қолдау көрсетуге дайындық білдірді.
Айта кетейік, Шымкентте белсенді жұмыс істеп тұрған 136 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері бар. Онда 226 мыңнан астам адам жұмыс істейді. 2024 жылы кәсіпкерлікті қолдауға 23,5 млрд теңге бөлінді (оның ішінде республикалық бюджеттен 18,4 млрд теңге және жергілікті бюджеттен 5,1 млрд теңге). Бұл қазірдің өзінде 15,5 млрд теңге сомасына 3 734 жобаны қолдауға мүмкіндік берді.
Әкімдік таратқан мәліметтерге сүйенер болсақ, қалада алғаш рет шағын және орта кәсіпкерлердің жаңа бастамаларын қолдау үшін «Шағын өндірістік алаңдарды құру» жобасы бастау алған. Бұл жерде толық инфрақұрылыммен қамтылған дайын өндіріс алаңдары кәсіпкерлерге қолжетімді болады. Бүгінде аумағы 54 мың шаршы метр құрайтын 3 өндірістік алаңды салу жұмыстары басталды.
Кәсіпкерлер үшін тағы бір жақсы жаңалық болған осы жылдан бастап бөлшек салық мөлшерін 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендету бойынша шешім қабылданды. Бұл кәсіпкерлерді ашық жұмыс істеуге ынталандырып, бүгінде осы салық түрінен бюджетке түсетін түсім 4,4 есеге артып отыр.
А.САЙЛАУҰЛЫ