Қазіргі заманда қоғамның өркениетті дамуының өлшемі – оның әрбір азаматына тең мүмкіндік беруімен айқындалады. Білім беру саласында бұл қағида инклюзивті білім беру жүйесі арқылы жүзеге асып отыр. Инклюзивті білім беру – ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдарды қоғамның толыққанды мүшесі ретінде мойындап, оларды ортақ білім беру кеңістігіне енгізуді көздейтін, адам құқығы мен теңдік қағидатына негізделген гуманистік бағыт. Ол тек педагогикалық ұғым емес, тұтас қоғамның мәдени деңгейін, адамгершілік көзқарасын, өркениеттік болмысын айқындайтын маңызды құндылық. Әлемнің дамыған мемлекеттерінде инклюзивті білім беру – білім жүйесінің қосымша тармағы емес, білім берудің тұтас идеологиясы, адамға бағытталған қоғам құрудың басты шарты ретінде қарастырылады. Бүгінде Финляндияның, Ұлыбританияның, Канада мен Австралияның университеттері инклюзивті жоғары білім беруді ұлт дамуының стратегиялық міндеті деп санайды.
Президент Жолдауында бұл мәселеге ерекше назар аударылып, «Экономиканы жан-жақты цифрлық жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейді. Бұл жерде білім беру саласы айрықша рөл атқарады» деп атап өтілді. Яғни, адам капиталы – мемлекеттің стратегиялық ресурсы, ал инклюзивті білім беру сол капиталды толық іске қосатын механизмдердің бірі. Тең мүмкіндік болмаса, мемлекет дамуының да толықтығы болмайды.
Бүгінде Қазақстан Республикасында да инклюзивті білім беру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырылады. Мемлекетіміздің басты мақсаты – ерекше білім беру қажеттіліктері бар тұлғаларға сапалы білім алуға, қоғам өміріне белсенді қатысуға толық мүмкіндік жасау. Бұл бағытта еліміздегі жоғары оқу орындарына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Солардың алдыңғы қатарында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті бар. Университет ұжымының басты ұстанымы – инклюзия қағидатын оқу-тәрбие процесінің өзегіне айналдыру, яғни, әрбір студенттің мүмкіндігіне қарай білім алуға және тұлғалық дамуға жағдай жасау.
Университет инклюзивті білім беру саласын дамытуда аймақтағы жетекші оқу орны ретінде танылып отыр. Мұнда инклюзия бағытындағы жұмыстар жүйелі әрі кешенді түрде жүргізіледі. Университетте инклюзивті білім беру мәселелерін ғылыми, әдістемелік және тәжірибелік тұрғыда қамтамасыз ететін арнайы кафедра құрылған. Бұл кафедраның қызметі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен жастарға білім берудің теориялық негіздерін зерттеу, педагогтардың кәсіби даярлығын жетілдіру және ғылыми ізденістер жүргізу бағытында өрбиді. Кафедраның профессор-оқытушылар құрамы тәжірибелі мамандардан құралған. Олар дефектология, логопедия, психология және инклюзивті педагогика салалары бойынша жоғары деңгейлі білімі мен тәжірибесін студенттерге үйретіп келеді.
Сонымен қатар университетте инклюзивті білім беру үрдісін тиімді ұйымдастыруға арналған арнайы кабинеттер мен ресурстық орталықтар жұмыс істейді. Бұл орталықтар заманауи техникалық құралдармен жабдықталған: дыбыстық және бейімделген оқулықтар, Брайль шрифтімен жазылған оқу құралдары, логопедиялық және психологиялық тренингтерге арналған жабдықтар бар. Мұндай кабинеттер мен ресурстық орталықтар студенттердің теориялық білімін практикамен ұштастыруына, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс жүргізу дағдыларын жетілдіруіне мүмкіндік береді. Бұл – әлемдік университеттердің тәжірибесімен үндес қадам. Мәселен, Финляндияның Хельсинки университеті немесе Ұлыбританиядағы Кембридж университеті дәл осындай инфрақұрылымдық шешімдерді инклюзия мәдениетінің басты өлшемі ретінде бағалайды. Сингапурдың NUS университеті оқу материалдарын түрлі форматта ұсынуды (аудио, визуалды, Брайль) негізгі талап ретінде енгізген.

Одан бөлек, Президент Жолдауында білім беру мазмұнын цифрландырудың өзекті мәселелері көтерілді. «Цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатыр. Әлемде жасанды интеллектімен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарға деген сұраныс артып келеді» деп көрсетілуі – инклюзивті білім беру саласы үшін де маңызды. Себебі жасанды интеллект мүмкіндігі ерекше жандарға арналған бейімделген оқу жүйелерін құруға зор мүмкіндік береді.
Жолдауда, сондай-ақ, «Ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керек» делінген. Бұл – университеттің педагогикалық құрамына да қатысты маңызды тапсырма. Қазіргі педагог жаңа технологияны меңгермей, инклюзивті ортада сапалы білім бере алмайды. Жәнібеков университетінде оқытушылардың 85 пайызы инклюзивті педагогика негіздерін арнайы курстар арқылы меңгерген. Енді оларға жасанды интеллект құралдарын білім беру процесіне енгізу бойынша курстар жоспарлануда.
Инклюзивті білім берудің сапасын қамтамасыз етудің негізгі факторы – педагог кадрлардың кәсіби дайындығы. Әлемдік тәжірибеде инклюзивті педагогика тек дефектологтың немесе логопедтің саласы ретінде емес, кез келген пән оқытушысының міндеті ретінде қарастырылады. Жәнібеков университетінің профессор-оқытушылар құрамының бұл бағытта арнайы даярлықтан өтуі – қазіргі заман талаптарына сай жасалған шешім. Финляндия мұғалімдері инклюзивті білім беруді педагогикалық шеберліктің шыңы деп санайды. Олар үшін әрбір сынып – әртүрлі деңгейдегі қабілеті бар балалардың біріккен ортасы. Бұл тәжірибе Жәнібеков университетінде де көрініс тауып отыр. Профессор-оқытушыларымыздың 85 пайызы инклюзивті педагогика негіздерін арнайы курстар арқылы меңгерген. Бұл көрсеткіш көптеген дамыған елдердегі тәжірибемен деңгейлес.
Айта кетерлігі, университет қабырғасында жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамына арналған арнайы бекітілген курс бағдарламасы да жүзеге асырылып келеді. Бұл бағдарлама Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес әзірленіп, заманауи педагогикалық трендтерге бейімделген. Курс барысында қатысушылар инклюзивті білім берудің психологиялық, әдістемелік және әлеуметтік қырларын жан-жақты меңгереді. Сонымен бірге білім беру процесін дифференциалдау, жеке оқу траекторияларын қалыптастыру, білім алушылардың ерекше қажеттіліктерін диагностикалау және оларды психологиялық қолдау тәсілдері үйретіледі. Бұл курстың негізгі артықшылығы – теория мен тәжірибені қатар қамтуында. Курсты аяқтаған әрбір оқытушы инклюзивті ортада жұмыс істеуге дайын, заманауи талаптарға сай педагог ретінде қалыптасады.
Университет ұжымы инклюзивті білім беруді тек оқу процесінде ғана емес, жалпы университет мәдениетінің ажырамас бөлігі ретінде қарастырады. Мұнда ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттерге толық жағдай жасалған. Оқу ғимараттарында пандустар, лифтілер, арнайы бағыттаушы белгілер, тактильді жолақтар орнатылған. Кітапхана мен оқу залдарына да қолжетімділік қарастырылған. Университеттің қабылдау комиссиясы ерекше талапкерлерге жеке кеңес беріп, оқу процесіне бейімделуге психологиялық көмек көрсетеді.
Инклюзивті бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстары да кеңінен жолға қойылған. Кафедра оқытушылары жыл сайын республикалық және халықаралық ғылыми конференцияларға қатысып, баяндамалар жасап, әдістемелік мақалалар жариялайды. Университет ғалымдары инклюзивті білім берудің өзекті мәселелерін зерттеп, оқу-әдістемелік құралдар, әдістемелік нұсқаулықтар мен ұсынымдар әзірлеп, аймақ мектептері мен балабақшаларына таратады. Бұл еңбектер мұғалімдердің тәжірибесін байытып, педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға көмектеседі.
Сонымен қатар университет студенттері мен магистранттары арасында инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға бағытталған түрлі әлеуметтік жобалар, қайырымдылық акциялары мен тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылады. «Бәріміз біргеміз», «Қолдау мен қамқорлық», «Жүректен жүрекке» сияқты акциялар студенттерді мейірімділікке, өзара көмекке, өзге адамды құрметтеуге баулиды. Бұл шаралар студенттердің әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, болашақ педагогтардың тұлғалық дамуына оң ықпал етеді.
Университетімізде жақында «Инклюзивті білім беру үшін жасанды интеллектіні пайдалану: Орталық Азия Өңірлік Экономикалық Ынтымақтастық (CAREC) өңірі үшін масштабталатын модель» халықаралық жобасы аясында конференция ұйымдастырылды. Аталған басқосу білім мен ғылым интеграциясының, инновациялық ой мен жаңа тәсілдердің тоғысқан алаңы болды. Бұл іс-шара инклюзивті білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану арқылы ерекше білім беру қажеттіліктері бар тұлғаларға сапалы білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталды.
Конференцияға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, сондай-ақ, CAREC өңіріне мүше елдерден келген белгілі ғалымдар, сарапшылар мен білім беру саласының мамандары қатысты. Шетелдік және отандық баяндамашылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, инклюзивті білім беруді цифрлық форматта дамыту жолдары, жасанды интеллекттің білім сапасын арттырудағы рөлі және педагог кадрлардың жаңа технологияларға бейімделуі туралы мазмұнды баяндамалар жасады.
Іс-шара барысында қатысушылар білім берудің тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету, оқыту процесінде интеллектуалды жүйелерді енгізу, дербес оқыту траекторияларын құру, ерекше білім алушылардың қажеттіліктеріне бейімделген цифрлық платформаларды пайдалану мәселелерін кеңінен талқылады. Сонымен қатар конференция аясында тәжірибе алмасу алаңы ұйымдастырылып, CAREC өңіріндегі елдердің жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік байланыстарды нығайту бағытында келісімдер жасалды. Мұндай ынтымақтастық Орталық Азия кеңістігінде білім беру сапасын арттыруға, аймақтық ғылыми-инновациялық экожүйені дамытуға және педагогикалық кадрлардың кәсіби құзыреттілігін жетілдіруге зор мүмкіндік береді.
Конференция соңында қатысушылар университеттің осы бағыттағы бастамаларына жоғары баға беріп, жасанды интеллектті инклюзивті білім беру жүйесіне интеграциялаудың келешегі зор екенін атап өтті. Іс-шара білім беру саласындағы инновациялық идеялардың өрісін кеңейтіп, аймақтық және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда маңызды қадам болды.
Инклюзивті білім беруді дамытуда университеттің тәжірибесі аймақтың басқа оқу орындарына үлгі болып отыр. Мұнда ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер өз әлеуетін еркін көрсете алады, ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстарға қатысып, қоғамдық өмірге белсенді араласады. Университет әкімшілігі олардың бастамаларын үнемі қолдап, оқу мен тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған нақты шаралар қабылдайды.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті инклюзивті білім беру арқылы қоғамда теңдік пен адамгершіліктің, мейірім мен өзара құрметтің салтанат құруына үлес қосып келеді. Университеттің басты ұстанымы – «Бәріне бірдей мүмкіндік!» қағидасын жүзеге асыру. Инклюзия идеясы осылайша университет өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Бұл бағыттағы жұмыстар болашақта да жалғасын тауып, еліміздегі педагогикалық кадрларды даярлаудың сапасын арттыруға, білім беру жүйесін ізгілендіруге зор серпін береді.
Инклюзивті білім беру саласындағы осындай жетістіктер университеттің стратегиялық даму бағдарын айқындап, болашақта жаңа маңызды жобаларды жүзеге асыруға негіз болып отыр. Сол бағыттардың бірі – университет жанынан Инклюзивті педагогтар даярлау орталығын құру. Бүгінде мұндай орталық ресми түрде әлі ашылған жоқ, алайда оны құру университеттің перспективалық жоспарына енгізілген және бұл бастама өңір үшін ерекше маңызды деп есептеледі. Себебі, аймақта инклюзивті білім беруге кәсіби даярланған мұғалімдерге деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді, ал педагогтардың әдістемелік қолдауға, жаңартылған инклюзивті технологияларды меңгеруге деген қажеттілігі айқын байқалады.
Халықаралық тәжірибеге көз жүгіртсек, Финляндия, Канада, Австралия және Сингапур университеттері дәл осындай орталықтар арқылы инклюзивті педагогтарды даярлап, олардың кәсіби құзыреттілігін үздіксіз жетілдіруді жолға қойған. Бұл орталықтар тек курстар мен тренингтер ұйымдастырып қана қоймай, инклюзивті білім беру саласында ғылыми-зерттеу жобаларын үйлестіреді, мектептерге әдістемелік қолдау көрсетеді, жаңа технологиялар мен бейімделген оқыту құралдарын әзірлейді. Жәнібеков университетінің ғылыми әлеуеті, профессор-оқытушылар құрамының тәжірибесі және материалдық-техникалық мүмкіндіктері осындай орталықты құруға толық мүмкіндік береді. Сондықтан болашақта ашылатын Инклюзивті педагогтар даярлау орталығы өңір педагогтары үшін кәсіби қолдаудың негізгі тірегіне айналуы жоспарланып отыр. Бұл орталықтың басты мақсаты – инклюзивті педагогиканың халықаралық стандарттарына сәйкес мамандар даярлау, педагогтар мен психологтарға біліктілікті арттыру курстарын ұсыну, мектептер мен балабақшаларға әдістемелік сүйемелдеу көрсету, ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылармен жұмыс істеуге арналған бейімделген оқыту құралдарын әзірлеу. Сонымен қатар орталық ғылыми-әдістемелік зерттеулер жүргізіп, аймақтың нақты сұраныстарын ескере отырып, практикалық шешімдер ұсынатын инновациялық алаңға айналады.
Болашақ орталықтың қызметінде халықаралық серіктестік те маңызды орын алмақ. CAREC өңіріндегі әріптестермен, Финляндия, Түркия, Сингапур, Канада университеттерімен бірлескен жобалар, тағылымдамалар мен академиялық алмасулар іске асырылып, өңір педагогтарының халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді. Осылайша, біз жоспарлап отырған орталық уақыт өте келе инклюзивті педагогиканы дамытудың өңірлік хабы мәртебесіне дейін көтеріледі деп күтілуде. Бұл хаб өңірдің барлық білім беру мекемелеріне кәсіби, психологиялық және әдістемелік қолдау көрсететін жетекші орталыққа айналып, инклюзивті білім беруді жүйелі дамытуға серпін береді.
Ұсынылып отырған орталықты құру – университеттің инклюзивті білім беру саласындағы тәжірибесін жаңа деңгейге шығаратын стратегиялық қадам. Ол ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білім алу сапасын арттырып қана қоймай, жалпы өңірдің әлеуметтік-мәдени дамуына оң әсер етеді. Инклюзияны дамытудағы бұл бастама университеттің аймақтық қана емес, ұлттық деңгейдегі беделін күшейтіп, Қазақстанның жалпы білім беру саясатына да үлес қосады.
Инклюзивті білім беру – тек бір топтың немесе белгілі бір категориядағы балалардың мәселесі емес, ол – бүкіл қоғамның мәдени деңгейін айқындайтын, ұлт болашағына бағытталған стратегиялық міндет. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті осы міндетті терең түсініп, оны жүйелі түрде жүзеге асыру арқылы өз миссиясын абыроймен атқарып келеді. Мұндағы жасалып жатқан игі істердің барлығының түпкі мақсаты – әр адамға тең мүмкіндік беру, білім арқылы өмір сапасын жақсарту және адамгершілік құндылықтарды нығайту.
Жанбол ЖЫЛБАЕВ,
Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дің академиялық
мәселелер жөніндегі проректоры
