Қоғам – тек экономикалық дамумен немесе әлеуметтік қолдаумен ғана алға баса бермейді. Оның негізі – жалпыға ортақ сенім, құқықтық тәртіп және әр азаматтың құқығының кепілі ретінде мемлекет институттарына сенім. Міне, осы – заң және тәртіп қағидатының өзегі. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері даму жолында бірқатар реформалардан өтті, тарихи дәстүрлер мен заманауи талаптарды үйлестіре отырып, жаңа саяси және әлеуметтік жүйе құруға бет бұрды. Бұл жолда заң үстемдігі – тек теория емес, күнделікті өмірдің нақты өлшемі, қоғам мен мемлекет қарым-қатынасының негізі.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев заң мен тәртіп қағидатын тек құқықтық норма ретінде емес, қоғамдық өмірдің идеологиялық, моральдық-этикалық негізі ретінде қарастырады. Осы қағидат елдегі тұрақтылық, азаматтардың қауіпсіздігі, мемлекеттік институттарға сенімділік пен құқықтық мәдениеттің дамуына ықпал ететіні сөзсіз. Сонымен қатар, заң және тәртіп – тек қылмыспен күресу немесе қоғамды бақылау емес. Бұл – адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, әділдік пен теңдікті қамтамасыз етудің, экономика мен бизнес ортасын ашық және сенімді ету жолындағы міндет. Бұл қағидат мемлекет пен азаматтар арасындағы сенім мен жауапкершілікті нығайта отырып, барлық реформалар мен әлеуметтік өзгерістердің құқықтық негізін, қоғамдық келісім мен әлеуметтік тұрақтылықтың институционалдық кепілін қамтамасыз етеді.
Прокуратура органдары – заң және тәртіп қағидатын іске асырудағы негізгі институттардың бірі. Өйткені, құқықтың үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңдардың бірдей және әділ түрде орындалуын бақылау – прокурорлардың негізгі функциясы.
Аталған қағидатты ұстана отырып, Қазақстан – құқықтық мемлекет болумен қатар, әділдікке, қоғамдық тәртіпке және азаматтардың қауіпсіздігіне негізделген жаңа қоғамды қалыптастыруды мақсат етеді. Мұндай мемлекет – тұрақты даму, инвесторларға сенімділік, әлеуметтік әділеттілік және азаматтардың құқықтарын қорғау кепілі болмақ.
Осыған орайда Шымкент қаласында Прокуратура күніне арналған салтанатты жиын өткенін айта кеткен жөн. Іс-шараға прокуратура органдарының басшылығы, сала ардагерлері мен қызметкерлері қатысты. Бұл күні құқықтық тәртіпті сақтау жолында қажырлы еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі ерекше аталып, ведомстволық марапаттар табысталды.
Салтанатты жиында қала прокуроры қызметкерлердің өз ісіне адал қызмет етіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы рөлін атап өтіп, олардың еңбегіне ризашылығын білдірді. Жас мамандарға қолдау білдіріп, прокуратура ардагерлеріне құрмет көрсетілді.
Шымкент қаласы прокурорының көмекшісі Берік Еркін іс-шараның маңызын атап өтіп «Прокуратура саласында адал еңбек етіп, заң мен тәртіп тұжырымдамасына үлес қосып жүрген қызметкерлер бүгін лайықты марапатталды. Биыл қала прокуратурасы Президентіміз ұсынған «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету мақсатында кешенді жоспар бекітіп, осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді», деді.
Салтанатты жиында Әл-Фараби ауданы прокурорының орынбасары Ерлан Сәдібеков те «Мінсіз қызметі үшін» медалін тағынды. Салмақты мінезді, жауапкершілігі жоғары, тәжірибесі мол маман ретінде танылған ол прокуратура саласында он бес жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Әріптестерінің айтуынша, ол істерді терең зерттеп, әрбір құқықтық шешімді әділдік пен заң талабына сүйене отырып қабылдайтын білікті прокурор.
Өзі де марапаттау сәтіндегі толғанысын жасыра алмады. Мұндай марапат оның саладағы жауапкершілігін екі есе салмақтай түскенін айтады. «Прокуратура саласында қызмет ету – үлкен жауапкершілік, екінші жағынан халыққа пайдаң тигенін сезіну – үлкен қуаныш. Қызмет барысында аса ауыр және орта санаттағы істерге жиі тап боламыз. Біреулер қылмысты саналы түрде жасаса, енді бірі білместікпен жаза басады. Бірақ, біз ұстанатын қағида бір. Заңды білмеу жауаптылықтан босатпайды», — дейді ол. Ал, бүгінгі марапат өзі үшін үлкен құрмет екенін қуана жеткізді.
Ерлан Сәдібековтің қызмет жолындағы ерекше жұмыстардың бірі – Қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстық іс. Ол қала прокурорының сенімімен осы істің процессуалдық прокуроры болып тағайындалған. «Алты ай бойы сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот процесі барысында ауқымды жұмыс атқардық. Ұсталған азаматтардың әрқайсысынан жауап алу кезінде олардың ішінде қылмысқа саналы түрде барғандары да, үгіттеудің әсерімен білмей ергендері де болды. Бір жағынан жүрегің ауырады. Бірақ заң бәріне ортақ. Әр азамат заң алдында өз жауапкершілігін алды», деп еске алды ол. Ал 2017 жылы қызмет барысында жолыққан тағы бір есте қаларлық ісі аса ауыр санаттағы қылмыс бойынша күдікке ілінген азаматқа қатысты күзетпен ұстау шарасы қолданылғанына қарамастан, Ерлан Сәдібеков кезекшілік кезінде тергеуді қайта қарап, істің мән-жайын мұқият зерттеу арқылы күдіктінің сол қылмысты жасамағанын толық дәлелдеп шыққан.
