Досалы АМАНГЕЛДИЕВ,
Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары:
Мемлекеттік қызмет саласында еңбек өтілі мол, тәжірибелі қызметкерлердің бірі – Досалы Амангелдиев. Ол – жергілікті атқарушы органда табанды қызмет атқарып жүрген білікті басшы. Досалы Жайлауұлының Еңбекші ауданы әкімдігінде еңбек етіп жүргеніне 25 жылдан асыпты. Әкімдікте қызметтің түрлі сатыларынан өткен.
Он бес жылға жуық уақыттан бері Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары лауазымында жүрген азаматпен аз-кем сұқбаттастық. Бізге өмірлік тәжірибелері және мемлекеттік қызмет саласындағы жаңашылдықтар, өзгерістер жайлы әңгімелеп берді.
– Досалы Жайлауұлы, ұзақ жылдан бері Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келесіз. Бүгінгі мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі қандай? Қандай талаптар қойып отыр?
– Жалпы, 1999 жылдан бері қала, аудан әкімдігінде еңбек етіп келемін. Қызметтің барлық баспалдағынан өттік. Жетекші маманнан бастап, бас маман, бөлім басшысы, аудан әкіміні орынбасары лауазымына дейін сатылап өстім. Соңғы он бес жылдан бері аудан әкімінің орынбасары қызметіндемін. Бір ауданда жалпы 25 жыл қызмет етіппін. Жұмысты енді бастаған кезде қалада инфрақұрылым мәселесі өте өзекті еді. Коммуналдық қызметкерлермен бірлесе тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Қазіргі жағдайды ол кезеңдермен мүлдем салыстыруға келмейді.
Әрине, кейінгі буын өкілдеріне, жастарға бірінші өз жұмысын жақсы көру керек дер едім. Мамандығыңа адалдық танытпай, ол жерде береке болмасы анық. Қазір заң талаптары қатаңдатылып жатыр. Жалпы, халыққа адал, шынайы, таза көңілмен қызмет ету керек. Өз кәсібін сүйген маманнан жақсы азамат шығады ғой. Мемлекеттік қызметтің өз қиындығы да бар. Халық үшін жасалып жатқан жағдай болғаннан кейін кейбір кезде уақытпен санаспайтын сәттер де болады. Әрине, мемлекеттік қызметкер болғандықтан, жұмысты шын пейілмен істеуге міндеттісің. Қиындықтар, деген уақытша нәрсе. Міне, қызметкерлер бәріне де төзе білуі тиіс.
Кез-келген басшы адамға ұйымдастырушылық қабілет керек екені мәлім. Қызметкерлердің жағдайынан хабардар болып отыру ләзім. Тапсырманы олардың қабілет-қарымына орай бере білу керек. Мамандарымызды үнемі қолдап отырмыз. Бүгінде мемлекеттік қызмет мамандардан жаңашылдықты, тәртіпті, жауапкершілікті талап етіп отыр.
– Қазір бәсекенің заманы. Біліктілігіңізді арттыруға, өзіңізді дамытуға қаншалықты көңіл бөлесіз?
– Рас айтасыз, қазіргі уақытта бізге жүктеліп отырған басты талаптың бірі осы. Өзіміздің шыңдау – уақыттың талабы. Соңғы кезде шет тілдерін үйренуді жоспарлап жүрмін. Қазіргі таңда ағылшын тілін міндетті түрде білу қажет. Кітап, газет-журналды үзбей оқимыз. Өзімнің қызметкерлеріме де оны үнемі айтып отырамын. Қолдарың қалт етсе, кітап оқыңдар деймін. Ұл-қыздарымнан да осыны талап етемін. Оқыған шығармаларыңды талдау, талқылағанға не жетсін?!
Заманның көшінен қалмау керек. Жақында «Алтын орда» хандары туралы кітапты оқып бітірдім. Жалпы айтқанда, тарихи, әдеби кітаптарды оқып, сол бағытта ізденіп жүремін. Бала кезден белгілі жазушы Дулат Исабековтың шығармаларын оқып өстік. Қоғам өміріндегі барлық заңдарды біліп жүріміз міндетті. Әсіресе, өзімізге қатысты заңдардан қалыс қалуға болмайды.
– Еңбекші ауданы әкімдігінде қандай жаңашылдықтар, оң өзгерістерді айтар едіңіз?
– Осы уақыт аралығында көптеген басшылармен қызметтес болдық. Бағымызға қарай бәрі де адал, іскер жігіттер ретінде танылды. Қазіргі аудан әкімі Досбол Күздікбайұлы да жаңашыл, талапшыл әкім. Осы қызметке өз еңбегімен жеткен азаматтың бірі. Бүгінде қызметкерлерге қойылатын талаптар бөлек. Біз халыққа жақын болуымыз керек. Әрбір арыз-шағымдарға дер кезінде жауап беру – басты назарда. Басшылар халыққа нақты жұмыс жоспарын көрсетіп, тек шынайы мәліметтер беру қажет екенін назарға алып отыр.
Бір жылдың ішінде қалада көптеген гүлзарлар ашылды. Кейінгі кездері қала тұрғындары, жастар тазалыққа, мәдениеттілікке бет бұрғанын байқап жүрміз. Әркім тазалықты өзінен бастау қажет екенін ұғынып келеді.
Еңбекші ауданы – аты айтып тұрғандай, өнеркәсіп орындарымен мақтана алатын аумақ. Онда «Жұлдыз», «Ордабасы» индустриалды аймағы, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы орналасқан. Мұнда көптеген жұмыс орындары бар. Әлі де ашылып жатыр. Жаңа жұмыс орындары, инвестицияның артуы қала экономикасының дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға зор септігін тигізеді. Қазір ауданда тазалыққа көп көңіл бөлініп жатыр. Шымкент қаласы үшінші мегаполис болғалы көптеген өзгерістер болды. Биыл қалада 1000-нан астам көше жарықтандырылса, соның 250-ге жуығы біздің аудан ұсынған көшелер. Ауданымызда осындай жүйелі жұмыстар бар. Бәрі де басшылардың, қоластымыздағы мамандармен бірлесе атқарылған жұмыстар.
– Перзенттеріңіздің арасында мемлекеттік қызметкер болғысы келетіндері бар ма?
– «Әке көрген оқ жонар» демекші, өзімнің ұлым да осы саланы таңдады. Үлкен ұлым 2021 жылы оқуды тәмамдап, IT саласында қызмет етіп жатыр. Ол «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша, қызметті ең төменгі сатыдан бастады. Одан кейінгі ұлым студент. Қалғаны мектепте оқиды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Т.ҚАСЫМОВ