2022 жылы Үкімет тарапынан баспана жағдайын жақсарту шараларының бірі ретінде үйді жалдау ақысын субсидиялау енгізілген. Ереже бойынша жалға алынған тұрғын үй төлемінің 50 пайызы – мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен, ал қалған жартысы қызмет алушылардың есебінен төленеді.

Субсидия алу үшін мемлекеттік қолдаудың 4 санаты бойынша кезекте тұрған қазақстандықтар «Отбасы банк» арқылы өтініш бере алады:
– І және ІІ топтағы мүгедектер;
– мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
– жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар;
– көп балалы отбасылар.
Жеңілдікті алу үшін қойылатын талаптар:
– Қазақстан Республикасының азаматы болуы;
– отбасының (азаматтың) соңғы 6 (алты) айдағы жиынтық табысының ең төмен күнкөріс деңгейінің 1 еселенген мөлшерінен аспауы;
– «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес санаттар бойынша баспана кезегінде болуы.
Қағидаға сәйкес, субсидия сомасының 80 пайызы – республикалық бюджеттен, 20 пайызы жергілікті бюджеттен төленеді.
2025 жылы 4394 отбасы жалпы сомасы 540 млн теңге субсидиямен қамтылған болатын. Тұрғын үй басқармасы жүргізген мониторинг нәтижесінде 1191 азаматтың субсидиясы тоқтатылып, 1053 азаматтың баспана жалдау мерзімі аяқталған. Қазіргі таңда 2150 азамат субсидиямен қамтылып отыр.
