2026 жылдың 6-22 ақпан күндері Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында төртжылдықтың басты додасы – XXV қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Байрақты бәсекеге әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады. Олардың қатарында отандық спортшылар да бар.

Олимпиадада 16 спорт түрі бойынша 195 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ойындар Милан мен Кортина-д’Ампеццодан бөлек, Вальтеллина және Валь-ди-Фьемме кластерлерінде де өтеді.
Қысқы Олимпиада бағдарламасына биатлон, коньки және шаңғы спорттары, шайбалы хоккей, фристайл, сноуборд, шана спорты, бобслей және ски-альпинизм сияқты негізгі қысқы спорт түрлері енген.
Жауапты сынның басталуына санаулы күндер қалды. Қазақстан спортшыларын 2026 жылғы ең ірі спорттық іс-шараға сапалы дайындау мақсатында Туризм және спорт министрлігі спорт федерацияларымен бірлесіп, ұлттық құрамаларды даярлаудың кешенді жоспарын әзірледі. Жоспар аясында оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру, медициналық және психологиялық қолдау көрсету, қаржыландыру, қажетті спорт құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету, тамақтану, сондай-ақ, білікті жаттықтырушыларды тарту қарастырылған.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, ұлттық құраманы жасақтау Әлем кубогі кезеңдеріндегі көрсеткіштер мен сол жарыстарда жеңіп алған лицензиялар негізінде жүргізілмек. Қысқы Олимпиадаға қатысатын ұлттық құрама тізімі мен лицензия саны қаңтар айының соңында өтетін Әлем кубогі кезеңдері аяқталғаннан кейін анықталады.
Бүгінде Қазақстанда қысқы олимпиадалық спорттың 13 түрі дамып келеді. Елде қысқы спортпен 139 мыңға жуық адам шұғылданады. 1 838 жаттықтырушы жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта Шымкент қаласының өкілдері де маңызды жарысқа дайындық жүргізуде. 6-8 желтоқсан күндері Финляндияның Рука тау-шаңғы курортында фристайлдан (акробатика, могул) Әлем кубогының кезеңін өткізу жоспарланған. еді. Олимпиада алдындағы шешуші жарыста Қазақстан ұлттық құрамасының қатарында жерлестеріміз де бақ сынады. Атап айтқанда, Ұланбәкір Өмірзақов (Қысқы Азия Ойындарына қатысушы), Дінмұхаммед Райымқұлов (жастар арасындағы Әлем чемпионатының жеңімпазы), Асан Асылхан (Қысқы Азия Ойындарының күміс жүлдегері), Шерзод Хаширбаев (Қысқы Азия Ойындарының жеңімпазы), Ардана Маханова (Қысқы Азия Ойындарының қола жүлдегері) дайындықтарын пысықтады.
Бұл дода – 2026 жылы Италиядағы Милан-Кортина-д’Ампеццо қысқы Олимпиада ойындарына іріктеу саналатын маңызды кезең. Отандастарымыз осы сында рейтингке ұпай жинап, негізгі лицензиялық қорды толықтыруды көздейді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері қысқы Олимпиада ойындарында фристайлдан үздіксіз бақ сынап келеді. Бүгінде фристайл еліміздегі басты қысқы спорт түрлерінің қатарына жатады. 2025 жылғы қысқы Азия ойындарында жерлесіміз Шерзод Хаширбаев фристайл-акробатикадан чемпион атанған еді.
