Редакция таңдауы

БАСТЫ МАҚСАТ – ШЫМКЕНТТІ ИНВЕСТИЦИЯ САЛУҒА ҚОЛАЙЛЫ, ӨМІР СҮРУГЕ ЖАЙЛЫ ҚАЛАҒА АЙНАЛДЫРУ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясын өткізді. Брифинг барысында ол Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары мен білім беру саласындағы маңызды өзгерістер және жетістіктер туралы баяндап, журналистердің сауалдарына жауап берді.
Брифинг барысында «басты мақсат – Шымкентті инвестиция салуға қолайлы етіп, қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы орта құру» екеніне тоқталған Ғабит Әбдімәжитұлы қаланы одан әрі дамыту жолындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіле беретінін айтты.
Бүгін біз оқырман қауымға аталған брифингте айтылған ең маңызды жаңалықтарды жеткізіп отырмыз. 

ҚАЛА ЭКОНОМИКАСЫ 10 АЙДА 14,8 ПАЙЫЗ Өсті

Шымкент қаласының жалпы экономикалық өсімі биылғы 10 айда 14,8 пайызды құрап, ел бойынша алдыңғы қатарға көтерілді. Сауда, байланыс, өнеркәсіп, құрылыс пен инвестиция салалары да тұрақты өсім көрсетіп, қалада 982 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит
Сыздықбеков мәлімдеді.

– Экономикадағы өсім – қала тұрғындарының белсенділігі мен кәсіпкерліктің серпініне тікелей байланысты. Сауда көлемінің 24,6 пайызға, өнеркәсіптің 14,7 пайызға артуы, құрылыс жұмыстары мен инвестицияның тұрақты өсуі Шымкенттің ішкі нарығының қуатын айқындайды. Біз үшін басты мақсат – осы қарқынның бәсеңдемеуін қамтамасыз ету, – деді Ғ.Сыздықбеков.

Оның айтуынша, еліміздің Оңтүстік өңіріндегі халқы тығыз орналасқан ірі мегаполистің басты байлығы – еңбекқор халқы мен сол халықтың ынтымақ-бірлігі.

– Мемлекет басшысының берген тапсырмаларына сәйкес, экономикалық өсімге ықпал жасайтын өндіріс орындарын аша отырып инвестиция тарту, адами капиталды дамыту және тұрғындарға қолайлы орта құру бағыттарында жұмыстар жүргізіп келеміз, – деді ол.

Айта кетейік, соңғы жылдары ішкі миграциялық ағын есебінен Шымкент қаласы халқының саны жедел өсіп келеді.

 

ЖАҢА ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Шымкентте өңдеу өнеркәсібі биылғы 10 айда 16,5 пайызға өсіп, қала экономикасының негізгі драйверіне айналды. Соңғы үш жылда өнеркәсіп саласында жалпы құны 150 млрд теңгені құрайтын 40 жоба іске қосылып, 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков хабарлады.

– Өңдеу өнеркәсібін күшейту – Шымкенттің ұзақ мерзімді дамуының тірегі. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы қала экономикасын әртараптандырып қана қоймай, тұрақты жұмыс орындарын қалыптастырады. Биыл іске қосылған ірі жобалардың әрқайсысы өңірдің индустриялық қуатын арттырып отыр, – деді Ғ.Сыздықбеков.

Осы орайда, қала әкімі бірқатар ірі жобаларға тоқталып өтті. Мәселен, «QazAlpack» компаниясының алюминий құтыларын өндіретін зауыты –ауқымды жобалардың бірі. Бұл кәсіпорынды ашуға компания 30 млрд теңге инвестиция салған. Зауыттың жылдық қуаты – 2,2 млрд дананы құрайды. Онда 112 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

Ал, «Sauran Bricks» компаниясының автоклавты газдалған бетон зауыты 7,8 млрд теңгеге салынған. Мұнда жылына 300 мың текше метр автоклавты бетон өндіріледі. Бұл зауытта да 100-ге жуық жұмыс орны ашылған.

900 МЛРД ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАЛАРЫ ІСКЕ АСУДА

Шымкент қаласында өндірістік аймақтарды кеңейту және жаңа инвесторлар тарту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қалада жаңадан екі өндірістік аймақ салынып, тағы үш аймақ кеңейтілу үстінде. Бұл аумақтарда жалпы құны 900 млрд теңгені құрайтын 300 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 13 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мәлімдеді.

– Өндірістік аймақтарды молайту – мегаполистің экономикалық тынысын ұзақ жылдарға айқындайтын қадам. Инвестор үшін инфрақұрылымы дайын алаңның болуы шешуші фактор. Сол себепті, біз жаңа индустриялық аймақтар салып, қолданыстағы аумақтарды кеңейтіп, бизнеске нақты жағдай жасап отырмыз. Бұл жұмыс орындарын көбейтіп қана қоймай, қаланың өнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге шығарады, – деді Ғ.Сыздықбеков.

Әкім екі ірі жобаның аяқталуға жақын екенін атап өтті. Біріншіден, Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаға сай, Шымкентте өңірдегі барлық тауар ағынын қабылдап, таратуға қолайлы «Өңірлік хаб» қалыптастыру жұмыстары жүріп жатыр. Осы мақсатта Сауда-логистикалық орталықты кеңейту келесі жылы толық аяқталады. Бұл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, бизнес пен саудаға тың мүмкіндіктер береді.

Екіншісі,  «Стандарт» жеке индустриялық аймағы іске қосылды. Онда өндірістік аймақпен бірге мемлекет тарапынан инфрақұрылым жүргізілген арнайы шағын өндіріс алаңдары да салынған.

6,6 ТРЛН ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛАДЫ

Шымкент өңіріне инвестиция тарту көрсеткіші қарқынды өсіп келеді. Соңғы үш жылда қала экономикасына 2 трлн теңгеден астам қаржы құйылған. Оның 75 пайызы жеке инвесторлар есебінен. Орташа жылдық өсім 11 пайызды құрады.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Ғабит
Сыздықбеков айтты.

Қала әкімінің айтуынша, өңір экономикасын тұрақты дамыту мақсатында алдағы 5 жылда инвестиция көлемін 6,6 трлн теңгеге дейін ұлғайту көзделген.

– Инвестиция – қаланың экономикалық тәуелсіздігін айқындайтын негізгі күш. Біз бизнеске ашық, тұрақты орта қалыптастырып келеміз. Нәтижесінде, тартылған қаржының 75 пайызы жеке инвесторларға тиесілі болды. Бұл – Шымкенттің нарық үшін сенімді аймаққа айналғанының көрсеткіші. Бүгіннің өзінде жалпы құны 4,6 триллион теңге болатын 221 инвестициялық жобаның пулы жасақталды. Бұл инвестициялық жобалар аясында 29 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылады, – деді Ғ.Сыздықбеков.

Шымкент қаласының әкімі осы бағыттағы ірі жобаларды атап өтті.  Айталық, «Alsera KZ» компаниясы құны 322 млрд теңгені құрайтын 650 гектарлық заманауи жылыжай кешенінің құрылысын жүргізіп жатыр. Жақында құны 98 млрд теңгені құрайтын бірінші кезеңінің құрылысы аяқталып, 42 гектар жылыжайдан алғашқы өнім алынды.

Сол сияқты, польшалық «Fabe Agro» компаниясымен құны 68 млрд теңгені құрайтын жоғары технологиялы жылыжай құрылысын салуға 144 гектар жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Мұнда жылына 36 мың тонна қызанақ пен қияр өнімі алынып, 800-ден астам адам жұмыспен қамтылады.

Сонымен қатар, түркиялық «YDA Group»  компаниясымен 313 млрд теңгеге өндірістік технологиялық материалдар өндіру және отандық «INTERTRANS» компаниясымен 80 млрд теңгеге мұнай өнімдерінен ұнтақталған полипропилен өндіретін зауыт салу көзделуде.

 

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ӨҢІРЛІК ӨНІМДЕГІ ҮЛЕСІ 58 ПАЙЫЗҒА ЖЕТТІ

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Шымкентте шағын және орта кәсіпкерлікке жүйелі қолдау көрсетіліп келеді.  Соңғы үш жылда белсенді субъектілер саны 128 мыңнан 141 мыңға дейін артып, бұл секторда жұмыспен қамтылғандар саны 250 мыңнан асқан.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит
Сыздықбеков мәлімдеді.

– Шағын және орта кәсіпкерлік — ел экономикасының тірегі. Биыл кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларына 20 млрд теңге бағытталды және осы қаржылай қолдаудың нәтижесінде 1 971 жобаға көмек көрсетілді. Бұл нақты жұмыс орындарын ашуға және өндірістік қуатты арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Осындай ауқымды мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде қала экономикасында шағын және орта кәсіпкерлік секторы арқылы өндірілген өнім көлемінің үлесі 41 пайыздан 58 пайызға дейін өскен, – деді Ғ.Сыздықбеков.

Қала әкімі атап өткендей, инфрақұрылымдық қолдау аясында 45 мың шаршы метр аумақты құрайтын үш шағын өндірістік алаң құрылысы аяқталуға жақын. Онда 50-ден астам шағын кәсіпорын іске қосылып, 300-ден аса адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Сонымен бірге Шымкентте бөлшек салық мөлшері 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілген. Соның нәтижесінде салық түсімдері 9 млрд теңгеден 31 млрд теңгеге дейін өскен.  Ал, жаңа Салық кодексінің күшіне енуімен жеңілдікті пайдаланатын кәсіпкерлер саны 8 мыңнан 102 мыңға дейін ұлғаяды деп күтілуде.

 

34 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСЫП, АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АЛУШЫЛАР АЗАЙҒАН

Шымкентте биыл жыл басынан бері шамамен 34 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жалпы 46 мыңнан астам азамат түрлі жұмыспен қамту бағдарламаларына тартылды.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков хабарлады.

Ғабит Әбдімәжитұлының айтуынша, халықты жұмыспен қамту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны едәуір азайған. Нақты айтар болсақ, 2023 жылы қалада 12 725 отбасы АӘК алған болса, қазір 1 800 отбасы осындай көмекке мұқтаж екен.

– Инвестиция тартып, өндіріс орындарын ашу, ең алдымен адамдардың тұрақты табыс табуына мүмкіндік береді. Биыл Шымкент қаласында 34 мыңға жуық азамат тұрақты жұмысқа орналасқан. Жалпы, жұмыспен қамту шараларына 46 мыңнан астам адам қатысты. Осы арқылы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны айтарлықтай қысқарды және жұмыссыздық деңгейі төмендеді, – деді Ғ.Сыздықбеков.

Айта кетейік, Шымкентте жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызды құрайды. 2024 жылы бұл көрсеткіш 4,8 пайыз болған еді.

Сонымен қатар, қала әкімі Шымкентте еңбекақысы төмен қызметшілердің жалақысына үстемақы төленетінін, осы мақсатқа  жергілікті бюджеттен 11 млрд. теңге бөлінгенін айтты.

Жалпы, өңірдегі орташа жалақы 10 пайызға өсіп, 334 мың теңгені құраған. Ал, халықтың медианалық жалақысы 273,9 мың теңге болып отыр.

 

ҮШ АУЫСЫМДЫ МЕКТЕПТЕР МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛДІ, ЦИФРЛЫҚ ЖҮЙЕЛЕР ЕНГІЗІЛУДЕ

Шымкентте «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 17 300 орындық 12 мектеп толық пайдалануға берілді. Нәтижесінде, үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен жойылды.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков хабарлады.

Қала әкімінің айтуынша, биыл қосымша 4 145 орындық сегіз мектептің құрылысы жүргізіліп, соның ішінде №50 мектепке 575 орындық қосымша құрылыс пен Тельман шағын ауданында 1 200 орындық мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен 10 мектеп пен 1 балабақша күрделі жөндеуден өтті.

– Білім беру саласына жұмсалған қаржы болашаққа салынған инвестиция. Оқу орындарының материалдық базасын нығайту арқылы біз сапалы білім беру мен оқушылар үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз етеміз, – деді Ғ. Сыздықбеков.

Қала әкімі білім саласының цифрландырылуы мәселесіне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, барлық мектептердегі бейнебақылау жүйелері Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылып, «Айқын» интеллектуалды жүйесі енгізілуде.

Айта кетейік, «Әлеуметтік әмиян» жобасы арқылы мектептегі тегін тамақты бақылау жүйесі жұмыс істеп, 2 айда 460 млн теңге үнемделген. Ал, қосымша білім беруге ваучерлік жүйе енгізу арқылы 1,8 млрд теңге үнемделіпті. Сондай-ақ, қаржыландыру процесін қадағалайтын «QARQYN» жүйесі де енгізіліп жатыр.

СПОРТШЫЛАР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАРЫСТАРДА ЗОР ЖЕҢІСТЕРГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Шымкент спортшылары биыл Қазақстан, Азия және Әлем чемпионаттарына қатысып, барлығы 827 алтын, 753 күміс және 793 қола медаль жеңіп алған.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков айтты.

Қала әкімінің айтуынша, бұл көрсеткіштер 2024 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда өсім көрсетіп отыр. Қалада спорт инфрақұрылымын нығайту мақсатында бірнеше модульді спорт кешендері мен ашық мұз айдындары ашылған.

– Спорт пен дене шынықтыру халықтың денсаулығының кепілі екені белгілі. Биыл Шымкентте заманауи модульді кешендер салынып, спорттық нысандар халықаралық талапқа сай жаңартулардан өтті. Осының арқасында спортшыларымыз халықаралық аренада жеңімпаз атанып жүр. Инфрақұрылымды әрі қарай дамыту арқылы жас спортшыларға ұсынылатын мүмкіндіктерді көбейте береміз, – деді Ғ. Сыздықбеков.

Қала әкімінің мәліметі бойынша, Шымкент мұнай өңдеу зауытының қолдауымен Бадам және Қарабастау елді мекендерінде екі модульді спорт кешені пайдалануға берілген. Оған қоса «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен тағы екі кешен салынып жатыр.

Демеушілердің көмегінің арқасында Қажымұқан стадионы халықаралық стандартқа сай жөнделіп, жеңіл атлетика жолақтары мен футбол алаңының табиғи газоны жаңартылған. Оған қоса тұрғындар үшін 3 жерде жалпы 6 мың шаршы метр ашық мұз айдыны салынған.

Сонымен қатар қалада 35 мың орындық жаңа стадионның құрылысы да жүріп жатыр, Мердігерлік мәселелерге байланысты жоспардан ауытқу тіркелген, бірақ, жұмыстың кестеге келтірілуі қала әкімдігінің қатаң бақылауында тұр.

 

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЕНГІЗІЛІП, ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫ ОТАЛАР КӨБЕЙГЕН

Шымкентте соңғы үш жылда 14 жаңа медициналық мекеме ашылып, емханалардың орташа жүктемесі 25 мыңнан 21 мыңға дейін төмендеді. Қалалық денсаулық сақтау жүйесіне «PACS Systems» сияқты жасанды интеллектіні енгізу арқылы қатерлі ісік пен басқа ауыр ауруларды ерте анықтау мүмкіндігі пайда болған. Бұл жүйенің құны 2,8 млрд теңгені құрайды.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков хабарлады.

– Қалада биыл жоғары технологиялы 1 102 операция жасалған. Оның ішінде 310 кардиохирургиялық, 33 нейрохирургиялық, 1 жүрек және 14 бүйрек трансплантациясы орындалды. Екі аурухана, атап айтқанда, №1 қалалық клиникалық және жұқпалы аурулар ауруханасы күрделі жөндеуден өтті. Жедел жәрдем қызметіне 40 арнайы автокөлік сатып алынды. Медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасы 79 пайыздан 90 пайызға дейін жаңартылды. Шұғыл қызметтерге қолжетімділікті арттыру үшін 3 шағын ауданда сервистік орталықтар салынды, ал, келесі жылы тағы 2 орталықтың құрылысы жоспарланған, – деді Ғ.Сыздықбеков.

Айта кетейік, Шымкентте 150 орындық оңалту орталығының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр және 200 орындық перзентхана құрылысына 6,2 гектар жер телімі бөлінген.

 

АУЫЗ СУ, ЭЛЕКТР ЖӘНЕ ГАЗБЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШТЕРІ АЙТАРЛЫҚТАЙ ЖАҚСАРДЫ

Шымкентте биыл Қызылжар-2, Ақжайық және Тұран шағын аудандарында шамамен 11 мың адам орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды. Демеушілер есебінен Текесу мен Айкөлге 32 шақырым су құбырлары тартылып, орталықтандырылған жүйеге қосылды.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков атап өтті.

– Электрмен қамту аясында 13 мыңға жуық тұрғын сапалы электр энергиясына қосылды. «Ақжар» қосалқы станциясы пайдалануға берілді. Қазығұрт қосалқы станциясының қуатын арттыру 40 мыңға жуық тұтынушы мен өндіріс орындарын үздіксіз электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасады. Газбен қамтуда 25 мыңға жуық тұрғын қосылды. Нәтижесінде қала тұрғындарының 99,9 пайызы ауыз сумен, 100 пайызы электрмен, 98 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етілді, – деді Ғ. Сыздықбеков.

Қала әкімінің айтуынша, «Пергам» жылжымалы қондырғысы арқылы 107 шақырым құбырдан 67 ақау анықталып жойылған. Жылумен қамтуда акустикалық резонанс пен жасанды интеллект көмегімен 2,3 шақырым құбырға диагностика жүргізілген. Бұл тәсіл жөндеу шығындарын 75 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.

Қала бойынша нормативтік жылу шығыны 24 пайыздан 9 пайызға дейін төмендеген. Әкімшілік-іскерлік орталықтағы қазандықты модернизациялау жобасы 46 мыңнан астам абоненттің сапалы жылумен қамтылуына әсер етеді. Түнгі жарықтандыру бойынша соңғы екі жылда 4 686 көше жарықтандырылып, жыл соңына дейін қаланың барлық көшелері 100 пайыз қамтылатын болады.

 

БИЫЛ 1 000 ШАҚЫРЫМНАН АСТАМ ЖОЛҒА АСФАЛЬТ ТӨСЕЛДІ

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкентте жергілікті жолдардың 95 пайызын жақсарту жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы 270 шақырым жолға асфальт төселсе, биыл 1 000-нан астам шақырым асфальт салу жоспарланып, оның 97 пайызы орындалды.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мәлімдеді.

– Қаладағы тұрғындар қоныстанған елді мекендер жыл соңына дейін толық асфальтпен қамтылады. Сонымен қатар, А-2 айналма жолының қайта құрылып, транзиттік көліктерге жағдай жасалуда. Қонаев даңғылының жалғасының құрылысы келесі жылы аяқталады. Қалада Момынов пен Тіленшин көшелеріндегі ірі теміржол өткелдерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Момынов өткелі 95 пайызға дайын және жақын арада толық көлік қозғалысына ашылады. Тіленшин өткелінің ашылуы келесі жылға жоспарланған. Ауыр жүк көліктерінің жолдарға зиянын азайту мақсатында қалаға кіретін үш бағытта артық жүк тиеген автокөліктерді автоматты түрде анықтайтын жүйе іске қосылып, қараша айынан бастап 240 млн теңге айыппұл салынды. Келесі жылы тағы 6 бағытқа жүйе орнатылмақ, – деді Ғ.Сыздықбеков.

Қала әкімінің айтуынша,  әуежайдың жаңа ұшу-қону жолағының құрылысы  басталған. Бұл жоба Шымкентті халықаралық мультимодальды хабқа айналдыруға мүмкіндік береді.

 

982 МЫҢ ШАРШЫ МЕТР ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Шымкенттегі тұрғын үй құрылысындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Биыл 1 375 000 шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған болатын, қазіргі уақытта оның 982 000 шаршы метрі пайдалануға берілді.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мәлімдеді.

Алайда, халық санының жедел өсуіне байланысты тұрғын үй кезегіндегі азаматтар саны 90 мыңнан асқан. Биыл 3 808 пәтерлі 61 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 2 574 пәтерлі 34 тұрғын үй пайдалануға берілмек.

– Баспанамен қамтамасыз ету – халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі көрсеткіштерінің бірі. Біз әлеуметтік тұрғын үй құрылысына, реновацияға және осал топтарды қолдауға басымдық беріп отырмыз. Құзырлы органдармен бірлесіп, «Отбасы банк» арқылы пәтерлерді уақытылы үлестіру үшін жұмыстарды жеделдетеміз, – деді Ғ. Сыздықбеков.

Қала әкімі атап өткендей, әлеуметтік осал топтарға 1 523 пәтер сатып алынуда. Жергілікті бюджеттен 388 отбасыға тұрғын үй сертификаттары берілген. Оған қоса реновация бағдарламасы аясында апатты деп танылған 12 үйдің иелеріне 120 жаңа пәтер тапсырылған.

Ал, Бозарық пен Ақжайықтағы 1 914 пәтерлі 54 тұрғын үйдің «Отбасы банк» арқылы үлестірілуі банктің айналым қаражатының тапшылығына байланысты баяулағанымен, Үкіметпен келіссөздердің нәтижесінде мәселе кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Бүгінгі таңда 444 пәтерге конкурс жарияланған және қалғандары келесі жылы беріледі.

 

45 ЖАҢА СКВЕР АШЫЛЫП, 152 МЫҢНАН АСТАМ КӨШЕТ ЕГІЛДІ

Шымкентте қалалық жасыл желекті кеңейту жұмыстары белсенді жүргізілуде: биыл 45 жаңа сквер салынып, скверлер саны 90-ға жетті; жалпы қала аумағында 152 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Магистральды 27 көшеге 500 000 шаршы метр газон егілген және автоматтандырылған суару жүйелері орнатылды; Қошқар-ата өзенінің 3,5 шақырым жағалауы абаттандырылды.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков атап өтті.

– Экосаябақ пен «Omir Shymkent» жобалары — қала тұрғындары үшін жаңа демалыс мүмкіндіктерін ашады. Жоба аясында бұрынғы 45 гектар қоқыс полигонының орнына демеушілер арқылы «Экосаябақ» салынып, онда амфитеатр, фонтандар, жасанды су қоймасы, спорт алаңдары мен жаяу жүргіншілер жолдары орналастырылады. Сонымен қатар, қалада алғаш рет лазерлік жарық пен отты шоу біріктірілген, бейнепроекциялы музыкалық фонтандар іске қосылды; ирригациялық жүйелер арқылы 13 магистральді жол бойымен (барлығы 85 шақырым) су жүргізілді. «Omir Shymkent» жобасы аясында Бадам су қоймасы жағалауында 53 гектар аумақта глэмпинг, капсулалы қонақ үй, мейрамхана мен бассейн салынып, туристік кластер қалыптастырылады, – деді
Ғ. Сыздықбеков.

Айта кетейік, «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінің «Этноауылы» демеушілер есебінен жаңғыртылады.

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win