Редакция таңдауы

САЛАЛЫҚ БАСҚАРМАЛАР ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕ ЕСЕП БЕРДІ

Қоғам мен билік арасындағы ашық әрі сындарлы диалог – демократиялық дамудың басты алғышарттарының бірі. Мемлекеттік шешімдердің тиімділігі мен халық сенімінің деңгейі билік құрылымдарының қоғам пікірін қаншалықты ескеретініне тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, елімізде құрылған Қоғамдық кеңестер мемлекеттік басқару жүйесіндегі маңызды азаматтық институт ретінде ерекше рөл атқарып келеді. Олар халықтың үнін билікке жеткізіп қана қоймай, қабылданатын шешімдердің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ететін пәрменді алаңға айналуда.

Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесі жергілікті атқарушы органдардың қызметіне қоғамдық бақылау жүргізіп, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді талқылауға белсенді қатысады. Бұл – азаматтардың мемлекет ісіне тікелей араласуына, өз ұсыныс-пікірлерін ашық білдіруіне берілген нақты мүмкіндік. Қоғамдық кеңестер арқылы жергілікті тұрғындар өңірдің дамуына қатысты бастамаларға үн қосып, бюджеттік бағдарламалар, әлеуметтік жобалар, инфрақұрылымдық жоспарлар секілді маңызды бағыттар бойынша пікір білдіре алады.

Қазіргі таңда қоғам күрделеніп, азаматтардың талап-тілегі артып отырған кезеңде Қоғамдық кеңестердің маңызы одан әрі күшейе түсуде. Олар тек кеңесші орган ғана емес, қоғамдық мүддені қорғаушы, ашықтық пен есептілікті талап етуші, әлеуметтік әділдік қағидаттарын алға жылжытушы құрылым ретінде қалыптасып келеді. Әсіресе, өңірлік деңгейде бұл институттың тиімді жұмыс істеуі жергілікті басқарудың сапасын арттырып, билік пен халық арасындағы сенімді нығайтуға ықпал етеді. Сондықтан Қоғамдық кеңестердің қызметін, олардың өңірлердегі нақты рөлі мен ықпалын саралау – азаматтық қоғамның даму деңгейін бағалауда маңызды. Бұл институттың әлеуетін толық іске асыру елдегі демократиялық үдерістердің тереңдеуіне, басқару мәдениетінің жаңаруына және қоғамның белсенді әрі жауапты болуына жол ашады.

Осы орайда, жақында қалалық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, қала дамуына қатысты маңызды мәселелер талқыланды. Жиынды Қоғамдық кеңес төрағасы Бұхарбай Парманов жүргізіп, отырысқа кеңес мүшелері, салалық басқармалар өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде жер қатынастары, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы, азаматтық қорғаныс, сондай-ақ, энергетика және инфрақұрылымды дамыту салаларындағы атқарылған жұмыстар қаралды. Басқарма басшылары өз бағыттары бойынша жасалған жұмыстар мен жоспарлар туралы баяндама жасап, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін негізгі көрсеткіштер мен нәтижелерді ұсынды.

Ең алдымен сөз алған Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бағытында атқарылған жұмыстардың 11 айлық қорытындысын ұсынды.

Басқарма басшысының мәліметінше, биыл қалада 49 655 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, нақты 51 261 адам жұмыспен қамтылып, жоспар 103,2 пайызға орындалды. Оның ішінде 37 870 адам тұрақты жұмысқа, 6 150 адам уақытша жұмыс орындарына, ал, 7 241 азамат кәсіптік оқытуға бағытталған. Сонымен қатар, қалада іске асырылып жатқан даму бағдарламалары мен азаматтардың жеке бастамалары аясында 27 781 адам жаңа жұмыс орындарына жолданған. Сондай-ақ, жазғы демалыс кезеңінде студенттер мен оқушыларды қолдау мақсатында 783 жас қоғамдық жұмыстарға тартылып, олардың айлық жалақысы 28 АЕК мөлшерінде белгіленген. Бұл шара жастардың уақытын тиімді өткізіп, алғашқы еңбек дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Еңбек қауіпсіздігі саласында «Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы» арқылы 4 749 кәсіпорын қамтылып, оның 380-і тәуекелі жоғары қызыл аймаққа енгізілген. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 261 кәсіпорын қызыл аймақтан шығарылып, қалғандары бақылауға алынған. Қалада ардагерлер мен аз қамтамасыз етілген азаматтарды әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Шымкентте 100 869 зейнеткер, 1 381 тыл еңбеккері, 2 129 ҰОС ардагеріне теңестірілген азамат бар. Көпбалалы аналар саны 70 728 адамды құрайды. Осы санаттарға әлеуметтік қолдау көрсетуге бюджеттен 3,8 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

Аталған қаржы мерекелік төлемдерге, санаторлық-курорттық емделуге, ардагерлерді мерзімді басылымдарға тегін жаздыруға және зейнеткерлерге арналған қызметтерді кеңейтуге бағытталды. Биыл 4 950 зейнеткер шипажайларда емделуге жолдама алыпты. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке биыл 26 798 адамға 2,4 млрд теңгеден астам қаржы төленді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмендеген. Әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамту шараларына тарту нәтижесінде АӘК алушылар саны азайып келеді.

Қоғамдық кеңес мүшелері жұмыспен қамту мен әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігіне тоқталып, басқарма басшысын сұрақ астына алды. Бағдарламалар мен тетіктердің тиімді тұсын дәлелдеген басшының баяндамасынан кейін, қоғамдық кеңес мүшелері бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін айтты.

Кезекті сөз алған Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеренария басқармасының басшысы Талғат Мекамбаев ауыл шаруашылығы саласының 2025 жылғы негізгі көрсеткіштері мен ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы атқарылған жұмыстарды алға тартты.

Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 47,5 млрд теңгеге жеткен. Жыл басынан бері 5,9 мың тонна ет, 59,9 мың тонна сүт, 196,8 млн дана жұмыртқа өндірілген. Биыл 23 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, 82 мың тонна өнім жиналыпты. Өсімдік шаруашылығында зиянкестерге қарсы күрес шаралары күшейтіліп, қала аумағындағы 1 382 гектар жерде саяқ шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жүргізілген.

– Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жол картасы аясында құны 12,2 млрд теңге болатын 5 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 90 тонналық «НМИ-Юг» көкөніс қоймасы пайдалануға беріліп, бірқатар сүт фермалары мен көкөніс сақтау қоймаларының құрылысы жүргізілуде. Жобалар «СҚО тәжірибесі» аясында бірлескен қаржыландыру арқылы жүзеге асуда. Жыл басынан бері салаға 43,4 млрд теңге инвестиция тартылып, 170 жаңа жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар, «ALARKO Holding» компаниясы «Бозарық» индустриялық аймағында 208 гектарлық ауқымды жылыжай кешенінің құрылысын бастады. Жоба толық іске қосылғанда 5 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Ал «FABE Agro» ЖШС жоғары технологиялы жылыжай салуды көздеп отыр. Ветеринариялық қызметтер бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылды. Қалада аса қауіпті ауруларға қарсы вакцинациялау 95 пайызға, диагностикалық зерттеулер 99,8 пайызға орындалып, эпизоотиялық ахуал тұрақты деп бағаланып отыр, – деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, қаңғыбас жануарларды аулау және уақытша ұстау шаралары күшейтіліп, жыл басынан бері 45 мыңнан астам ит пен мысық ауланған, оның бір бөлігі азаматтарға асырап алуға берілген.

Кеңес мүшелері ауыл шаруашылығы мен ветеринариялық қауіпсіздікті дамытудағы жұмыстардың маңызын атап өтті.

Жер қатынастары басқармасының басшысы 2025 жылдың 11 айындағы атқарған жұмыстың негізгі көрсеткіштері мен нәтижелерге тоқталып, саладағы өзекті мәселелерді баяндады.

Азат Исламов биыл басқармаға жеке және заңды тұлғалардан, сондай-ақ мемлекеттік органдардан 7 140 кіріс хат түсіп, оның 3 299-ы арыз-шағым болғанын, барлық өтініштерге заңнама талаптарына сай жауап берілгенін айтты. Сонымен қатар, «I-komek» бірыңғай байланыс орталығы арқылы келіп түскен 20 шағым да қаралған. 2025 жылдың 11 айында басқарма көрсететін 9 мемлекеттік қызмет түрі бойынша 38 486 қызмет көрсетілген. Ең көп көрсетілген қызмет – жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту. Жер балансы бойынша Шымкент қаласының жалпы аумағы 116 280 гектарды құрайды. Қала аумағы тұрғын үй, әлеуметтік, коммерциялық және өзге де аймақтарға бөлінген. Коммерциялық аймақтың басым бөлігін сауда және қызмет көрсету нысандары алып отыр. Аталған кезеңде қала әкімдігімен 5 649 қаулы қабылданған. Оның ішінде мемлекеттік мекемелерге, кәсіпкерлік мақсатқа және жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелеріне қатысты шешімдер бар.

Жерді заңсыз пайдалану және игерілмеген жерлерді анықтау бағытындағы мониторинг жұмыстары нәтижесінде 2025 жылы 974 жер учаскесі бойынша материалдар тиісті органға жолданған. Көктем базары, Гарант, Акация және Арман саунасы аумағындағы заңсыз салынған нысандар бойынша істер сотта қаралуда.

Мемлекет мұқтажы үшін жыл басынан бері 398 жер учаскесі иеліктен шығарылып, меншік иелеріне 7,3 млрд теңге өтемақы төленген. Сонымен қатар, заңсыз берілген жерлерді қайтару арқылы бюджетке шамамен 800 млн теңге үнем жасалған. Бюджет қаражатын игеру деңгейі 11 айда 100 пайызды құрап отыр. Басқармаға бөлінген қаржы жыл соңына дейін толық әрі сапалы игерілетіні айтылды. Қоғамдық кеңес мүшелері баяндама бойынша сұрақтар қойып, жер қатынастары саласындағы ашықтықты арттыру, тұрғындармен кері байланысты күшейту қажеттігін атап өтті.

Қоғамдық кеңес мүшелері қаланың жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы даму жоспарлары бойынша да баяндама тыңдады.

Жиында баяндама оқыған Жұмылдыру дайындығы аумақтық және азаматтық қорғаныс басқарма басшысы Қ.Бекбауовтың мәліметінше, 2025 жылы қала аумағында бірқатар республикалық және қалалық командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткізілген. Атап айтқанда, «Көктем-2025», «Өрт-2025», «Жер-2025», «Қыс-2025» оқу-жаттығулары аясында төтенше жағдайлардың алдын алу, эвакуациялау, авариялық-құтқару және күштік құрылымдардың өзара іс-қимылдары пысықталған. Сонымен қатар, аумақтық қорғаныс бөлімшелерімен тактикалық-арнаулы әскери жиындар ұйымдастырылып, әскери міндеттілердің даярлығы арттырылды. Азаматтық қорғау саласында су тасқыны, өрт және жер сілкінісі қаупіне дайындық жұмыстары күшейтіліп, қала тұрғындарын құлақтандыру жүйелері жетілдірілді. «Mass Alert» жүйесін енгізу арқылы жедел хабарлау мүмкіндігі артқаны атап өтілді. Бюджет қаражатын игеру мәселесі де назардан тыс қалмады. Жұмылдыру дайындығы мен аумақтық қорғаныс бағытындағы бағдарламалар бойынша қаржы жоспарға сай игеріліп, мемлекеттік сатып алулардан үнемделген қаражат бюджетке қайтарылған. Қоғамдық кеңес мүшелері қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыру бағытындағы жұмыстардың маңызын атап өтіп, бұл шараларды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін жеткізді.

Қоғамдық кеңес мүшелері баяндама бойынша сұрақтар қойып, жер қатынастары саласындағы ашықтықты арттыру, тұрғындармен кері байланысты күшейту қажеттігін атап өтті.

Кеңес мүшелері баяндамаларды талқылап, мемлекеттік органдардың жұмысын жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын білдірді. Кейбір өзекті мәселе қоғамдық бақылауға алынатыны айтылды. Бұл – қаладағы ашықтықты арттыруға, тұрғындардың сұранысына жедел жауап беруге мүмкіндік. Отырыста оқылған баяндамалардан, көтерілген мәселелерден Шымкенттің тұрақты дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ортақ бастамалардың нақты орындалып жатқанын байқадық. Бұл – қала тұрғындары үшін маңызды. Себебі Қоғамдық кеңес мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етіп, халық пен билік арасындағы көпір қызметін атқарады.

Салалық басқармалардың есептері алдағы жұмыстың бағыт-бағдарын айқындауға, тұрғындар мүддесіне сай шешімдер қабылдауға негіз болмақ.

 

Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

 

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win