Дәстүрлі әнші, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Барыс», «Парасат» ордендерінің иегері Татьяна Бурмистрованың шығармашылығына арналған сырласу кеші Шымкент қаласындағы Түркістан сарайында өтті.
Қазақ халқының дәстүрі мен әдет-ғұрпына қанып өскен өнер иесі бұл кеште тек әуелетіп ән салып қана қоймады, сонымен бірге, көрерменмен ашық-жарқын әңгімелесіп, сырласты. «Қияға қанат қақты қанша арманым» деп аталған концертті Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы ұйымдастырған. Жиынға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбековтің құттықтау хатын табыстады. Сырласу кешіне қала тұрғындарынан бөлек, дәстүрлі әншінің қатарластары мен ауылдастары арнайы келді.
«Іс-шараның мақсаты – қазақ дәстүрлі ән өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған белгілі әнші әрі термеші Татьяна Бурмистрованың шығармашылығын кеңінен
насихаттау»,-дейді ұйымдастырушылар. Татьяна Бурмистрова бүкіл саналы ғұмырын қазақ халқының дәстүрлі әні мен термелерін ел арасында насихаттауға арнаған тұлға. Оның бай мұрасын қазіргі жас тыңдарманға жеткізу арқылы дәстүрлі өнердің сабақтастығы үзілмей келеді.
Татьяна Бурмистрова – Түркістан облысы Бәйдібек ауданының тумасы. Қазақы ортада тәрбиеленген ол жастайынан ұлттық аспапқа құмар болып өскен. Сол қасиеті оны үлкен сахналарға жетеліп, бүгін міне ел алдында ән шырқап жүр. Балабақшада бірге оқыған қатарластарының бірі Тілеуқабыл Исақ. «Көрші өңірден ат терлетіп, сыныптастары мен құрдастыры болып, жалпы 20-ға жуық адам
келдік»,-дейді ол.
– Әкелеріміз құрдас болған. Бірге оқысын деп балабақшаға беріпті. Екеуіміздің сол 5-6 жаста бірге түскен суреттіміз альбомда әлі сақтаулы. Әр жылы өтетін шығармашылық кешіне сыныптастары Бәйдібектен арнайы келеді. Ондағы мақсат – бала күнгі досымызға қолдау көрсету. Кішкентайынан қағылез еді. Кейінгі жылдары қалаға көшкен соң, арамыз сәл алшақтаған. Бүгінде жиын-тойларда біргеміз. Оның әншілігі бір төбе, адамдығы бір төбе. Татьянаның ұлты бөлек болғанымен, жан-дүниесі қазақ деп сайрайды. Бұл біздің жастарға үлгі болатын қасиет, – дейді Тілеуқабыл Исақ.
Ал, қала тұрғыны Әсел Тойшыбек: «Татьянаны жастар да сүйіп тыңдайды. Концерттеріне үзбей қатысып отыратын белсенділер кезекті кештен керемет әсер алған. Әсіресе, жастардың тәрбиесіне қатысты айтатын тұшымды ойлары жанды жадыратады. Дәстүрлі әншінің әндерін алғаш рет әлеуметтік желі арқылы тыңдадым. Бұған дейін бірнеше рет концертіне арнайы келдім. Қолынан домбырасы, аузынан қазақы тәрбиесі түспейтін жан екен. Сол үшін де құрметтеймін. Бүгінгі кешке де арнайы келіп отырмын. Әсіресе, ұмыт болған дәстүрлерді сахнада тұрып дәріптейтіні ұнайды. Кештен, керемет әсер алдым. Айтар алғысым шексіз»,-дейді.
Иә, түбі өзге ұлт болғанымен, өнері арқылы қазақтың бір қызына айналған Татьяна дәстүрлі өнердің сабақтастығын сақтай отырып, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге елеулі үлес қосып келеді. Бұл жолғы ән кеші соның жарқын мысалына айналғандай.
Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ