Кейде біз айналамыздағы әлемді тек көзбен көрудің өзі бақыт екенін ұмытып кетеміз. Ал, сол көздің нұры сөнсе ше?!. Жарықсыз қалған жан өз болашағына қалай жол табады? Қоғам оның жанын түсіне ала ма? Біз бүгін дәл осы сауалдың жауабын табу үшін Шымкент қаласындағы көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы «Үміт» мектеп-интернатының табалдырығын аттадық. Бұл – көзбен емес, жүрекпен көруге үйрететін әлем.

Тыныш әлемнің тылсымы
Шымкенттің №11 шағын ауданында орналасқан бұл мектеп сырт көзге кәдуілгі оқу орны сияқты. Бірақ, есігін ашып кіргеннен-ақ, мұнда бәрі бөлек. Маңдайына тағдыр сынағын ерте жүктеген балалардың жүздері жылы, көздері мұңды. Олармен алғаш танысқанда «Бұл балалар бір-бірін қалай таниды екен?» деген сұрақ еріксіз көкейіңе оралады.
– Бізде оқитын балалардың кейбірі мүлде көрмейді. Олар Брайль қарпімен оқып, жазуды үйренеді. Ал, бір бөлігі әлсіз көреді. Сол себепті оқу бағдарламасын әр баланың қабілетіне қарай бейімдейміз, — деді мектеп директоры Зулфия Әлтайқызы сабырлы үнмен.
Сөйлеген сайын көзінен нұр емес, мейірім шашырайды. Байқаймыз, бұл мекеменің тіршілігі тек тәртіп пен білімге емес, жүректегі жылылыққа негізделген.
Жазу үстелінде кіп-кішкентай қолдар. Балалар терең тыныс алып, бір парақты саусақтарымен сипалайды. Бұл – Брайль. Дәлірек айтсақ, саусақпен оқылатын бедерлі әріптер жүйесі, саусақтың зердесі. Бұл жүйені меңгеру оңай емес. Алдымен саусақ ептілігін арттыру қажет. Мұғалімдер баланың қол моторикасын дамытудан бастайды. Шыдам мен сабыр талап етіледі.
– Бір тоқсанға жуық уақыт Брайль әріптерін үйренуге кетеді. Бірақ балалар тез бейімделеді. Себебі, олар бәрін жүрекпен сезінеді, — дейді ұстаздардың бірі.
Бұл мектепте оқу тек кітап пен дәптермен шектелмейді. Балаларға дүкенге бару, жолдан өту, қоғамдық көлікке отыру сияқты қарапайым, бірақ көру мүмкіндігі жоқ жанға аса маңызды дағдылар үйретіледі. Қолдарына таяқ ұстап, мектеп ауласында бағдарлануға машықтанған оқушылар ертеңгі күнге нық қадам жасауда. Олар кеңістікте емес, өмірде адаспау маңызды екенін іштей түйсінген.
– Қоғам оларды жат көрмесін. Олар – өмірге ғашық балалар. Тек көздің емес, жүректің көзімен сезінеді, — дейді тәрбиешілердің бірі.
Арманын арқалаған балалар
Мектеп түлектерінің тағдыры – бұл жердің басты мақтанышы. Директор Зулфия Сәлімнің айтуынша, ел қатарлы Ұлттық бірыңғай тестілеуден өткені өтті, шекті балды жинай алмағаны шамасы жетсе ақылы оқуға тапсырады. Қалғаны колледждерге түседі. Мәселен, бірі – массажист, бірі – аспаз, енді бірі – музыка саласын таңдайды. Көзі көрмейтін адамның қолының сезімталдығы жоғары болғандықтан, олардың массажы ерекше сапалы болады екен. Қазақ тілінде Брайльмен оқып, еркін сөйлеп жүрген оқушылардың болашағынан үміт зор. Әсіресе, музыкаға бейімі бар балалар көп екен. Жаны нәзік, сезімі биік балалардан әншілер, композиторлар шығуы бекер емес. Бір сөзбен, үміттіктердің ешбірі үйде отырып қалмайды. Қоғамға кедергісіз кіріп кетуге мүмкіндігі мол.
– Біздің оқушылар қатысатын бір ғана олимпиада бар. 20 жылдан бері BI GROUP ұйымдастыратын «Жұлдызай» фестиваліне қатысып, республикалық деңгейде топ жарып жүрміз. Балалардың бойында шексіз талант бар. Біз тек соны ашуға көмектесеміз, — дейді мектеп директоры мақтанышпен.
Үйірмелер үміт ұялатады
«Үміт» мектеп-интернатын ешкім кіріп-шықпайтын сұрықсыз әлем деп есептейтіндер де бар екен. Директоры Зулфия Сәлім: «Біздің мекемені – балаларды қамап ұстайтын түрме сияқты көреді. Қайдағы?! Бізде Экология, қолөнер, домбыра, қобыз, вокал, поэзия, спорт , цифрлық сауаттылық, ритмика, массаж – барлығы да осы мектептің қабырғасында үйретіледі. Бірі киізден бұйым жасаса, енді бірі аспапта ойнайды. Оқушыларымыздың массажы ерекше. Өйткені, бұл балаларда сезу қабілеті мықты дамыған. Қосымша үйірмелер олар үшін тек сабақ емес, өзін табудың жолы», — деп түзету және қосымша сабақтары туралы бөлісті.
Мемлекет қолдауы: тегін тамақ, оқулық, жатақхана
Оқушылар мемлекет тарапынан толық қамтамасыз етілген. Балаларға бес мезгіл тегін тамақ, мектеп формасы, кеңсе тауарлары мен оқулықтар беріледі. Жатақханада тұратындар үшін барлық жағдай қарастырылған.
Брайль жүйесіндегі кітаптар мен арнайы оқу құралдары қымбат болғанымен, мемлекет кезең-кезеңімен барлық сыныпты қамтамасыз етіп келеді.
Мұғалімдердің жалақысы жалпы білім беретін мектептермен бірдей. Бірақ бұл мектепте жұмыс істеу – жай ғана білім беру емес, үлкен жауапкершілік пен жанашырлықты талап етеді. Ұжымның ішінде авторлық бағдарлама жасап, қазақ тілін Брайльмен оқыту әдістемесін енгізген ұстазымыз бар, оның авторлығын да қорғап алдық.
Қазақ сыныбын 2012 жылы аштық. Қазақ сыныбын ашу үлкен жетістік болды. Бұрын тек орыс тілінде оқытылатын. Қазір балалар қазақша да Брайльмен еркін оқи алады, — дейді директор.
«Бұл ортаға жүрекпен келу керек…»
Мектеп басшысы бұл жерде 25 жылдан бері еңбек етеді. Бастапқыда — тәрбиеші, кейін ұстаз, одан соң басшылық қызметке келген. Бұл мектептің ауасын жұтып, баласының жанын емдеген әр оқушы – ол үшін өмірдің өзі сияқты.
– Бұл ортаға тек кәсіби біліммен емес, жүрекпен келу керек. Әйтпесе, бұл жер адамды қабылдамайды. Ал, егер бір рет түсінісіп, баламен жүрек тілінде сөйлесе білсең – бұл әлем сені жібермейді, — дейді ол.
Таланттарды танытқан Тамара
«Көнеміз ғой, қайтеміз, көнбегенде, Төземіз ғой, қайтеміз, төзбегенде…»
Осы бір жолдарды естігенде жүрек шымырлап, жан дүниеңді әлдебір мұң мен үміт қатар билеп кететін. Иә, бұл – 2008 жылы қазақ эстрадасына өзгеше бояу, бөлек тыныс алып келген зағип жеткіншектерден құралған «СӘТ» триосының үні еді. Тұрар Тұрмысов, Сапарбай Алтыбай, Азат Әбілдаевтан құралған бұл ұжым тыңдарманын тек әнімен ғана емес, тағдырымен де толқытты.
Ал, сол балаларды мектептің шағын сахнасынан үлкен өнер жолына жетелеп, ел таныған сахнаға алып шыққан ұстаз барын бірі білсе, бірі біле бермейді. Ол – Шымкент қаласындағы көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы «Үміт» мектеп-интернатында жиырма жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келе жатқан музыкалық жетекші Тамара Каналханқызы Шілтерханова.
Көзі бұл жарық дүниені көрмесе де, жүрек көзімен әлемді таныған балаларға нотаның тілін, әуеннің сырын үйретіп жүрген жан – өз ісінің нағыз маманы. Оның шәкірттері үшін музыка – жай ғана өнер емес, өмірмен тілдесудің, өзіңді танытудың, тағдырмен үндесудің бірден-бір жолы.
Мүмкіндігі шектеулі балалар арасындағы республикалық «Жұлдызай» байқауы жиырма жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, осы уақыт аралығында байқаудың бас жүлдесін Тамара Каналханқызының шәкірттері қолдан бермей келеді. Әуелі «СӘТ» триосы, кейін «Самал» тобы, бүгінде «Самғау» тобы – бәрі де жүлделі бірінші орыннан көрініп жүр. Сондықтан да болар, байқау ұйымдастырушылары да, өнерсүйер қауым да бұл ұстазға айрықша құрметпен қарайды.
– Көру қабілеті бұзылған баланың ән айтуына ешқандай кедергі жоқ. Қайта олардың мүмкіндігі шексіз, — дейді Тамара ханым. – Балалар біздің мектепке 5–6 жасынан келеді. Бірінші сыныпта оларға тиіспеймін, өйткені әріп танып, ортаға бейімделуі керек. Ал, екінші сыныптан бастап барлық баланы тыңдап, вокалға аламын. Әуелі жеңіл әндерден бастаймыз, біртіндеп күрделі шығармаларға көшеміз. Алғашқы жылдың өзінде нәтиже көрінеді. Олар табиғи даусымен тамсандырамын деп үлкен құлшыныспен келеді. Сахнаға шыққан сайын өзіне деген сенімі артады.
Бүгінде сол дәстүрдің жалғасын «Самғау» дуэті лайықты жалғап келеді. Умида Абдуалиева мен Мұхаммед Әли Мықтыбаевтай қос өнерпаз 2023 жылы «Жұлдызайда» үшінші, 2024 жылы екінші орын иеленсе, биыл «Өмір-өзен» әнімен байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды.
«Өмір-өзен ағады, әттең…» деп табиғи дауыспен тамылжыта ән салғанда, қос құлыншақтың дара дарынына еріксіз бас иесің. Олардың орындауында ән жай ғана әуен емес, жүректен шыққан сыр, тағдырмен тілдескен үн секілді.
– Мен бұл балаларға тек ән айтуды ғана емес, ым-ишарасын, қимыл-қозғалысын да үйретемін, — дейді ұстаз. – Әнді жүрекпен ғана емес, бүкіл болмысымен сезінбесе, ол тыңдарманның жүрегіне жетпейді.
Шын мәнінде, Тамара Каналханқызының еңбегі – көзге көрінбейтін, бірақ, жүрекпен сезілетін үлкен өнер. Ол шәкірттеріне нотаны ғана емес, өмірге деген сенімді, сахнаға деген батылдықты, өзіне деген құрметті үйретіп келеді. Сол себепті де бұл мектептен түлеп ұшқан әрбір бала – өнердің емес, рухтың жеңісін үлгі етіп жүргендей.
Көз – жанның айнасы. Бірақ, кейбір бала сол жанның тереңіне жарықсыз үңіледі. Соларға сәуле сыйлап, өмірдің ең шырақты жолына бағыттап отырған жандардың еңбегі ерен. Олар көзі көрмесе де, болашағын көре алатын ұрпақты тәрбиелеп отыр. Ал біз сол жүректің көзін түсінуге ұмтылуымыз керек.
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ
