Қала – үйлер, ғимараттар мен көшелердің жиынтығы ғана емес, ол – тірі ағза іспетті күрделі жүйе. Сол жүйенің қан тамырындай тарамдалған, көзге көрінбегенімен, маусымында тұрмыстың тірегіне айналатын саласы – жылу жүйесі. Қыс түсіп, күн суытқанда жылудың үздіксіз берілуі қала өмірінің қалыпты тіршілігін сақтап қана қоймай, тұрғындардың хал-ахуалына, денсаулығына тікелей әсер етеді. Бір күн жылусыз қалу мектептің, балабақшаның, аурухананың, өндірістің жұмысына едәуір салмақ түсіретіні белгілі.

Жылу жүйесі – жай коммуналдық қызмет емес, стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым. Мемлекет соңғы жылдары энергетикалық кешенді, соның ішінде жылу жүйелерін жаңғыртуға айрықша көңіл бөліп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту мемлекет пен бизнестің серіктестігі арқылы ғана жүзеге асатынын, ал мемлекеттің басты міндеті – бақылау мен реттеу екенін бірнеше мәрте атап өтті. Бұл – бүгінгі ғана емес, болашақтың басты талабы. Себебі, тозған желілер мен ескі қазандықтармен алысқа бару мүмкін емес. Ал, жаңғырту – үлкен қаржы мен ұзақ мерзімді жоспарлауды талап ететін күрделі процесс.
Миллион тұрғыны бар Шымкенттің жылу жүйесі – елдегі ең ауқымды әрі жауапты саланың бірі. Әр қыс, яғни әрбір жылу маусымы – сала мамандары үшін үлкен сынақ. Сондай-ақ, Шымкент Оңтүстік өңірдегі ауа райы жылы қала болғанымен, қыс қаһарына мінгенде бір сынап алатыны тағы бар. Осы жағдайларды ескере келе, шаһардың жылу маусымына дайындығы жайлы білу үшін «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны директорының міндетін атқарушы Жанұзақ Махамбетовпен тілдестік.
Биыл Шымкентте жылу маусымы 1 қарашада басталды. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, орташа тәуліктік ауа температурасы бірнеше күн қатарынан +8 градустан төмендеген кезде ғана жылу беру мәселесі қаралады. Яғни жылу маусымы нақты күнтізбеге емес, табиғи-климаттық жағдайға байланысты басталады.
Қаланың жылу жүйесінің өзегі – «3-Энергоорталық». Бұл – станция Шымкенттің негізгі бөлігіне және жекелеген қазандықтарға жылу беретін басты көз. Бір орталықтан басқарылатын мұндай жүйе жылу сапасын бақылауға, параметрлерді тұрақты ұстауға мүмкіндік береді. Алайда мегаполис көлемінде тек бір көзге сүйену жеткіліксіз. Сондықтан соңғы жылдары қалада шағын қазандықтар жүйесі белсенді дамып келеді.
– Бүгінде «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының балансында 27 локалды қазандық бар. Бұл қала аумағын жылумен қамту мәселесі бір орталыққа тәуелді болмай, әр ауданның өз ерекшелігіне қарай шешілгенін көрсетеді. Сол қазандықтардың ішіндегі ең ірісі – қуаттылығы 160 гигакалория болатын «Нұрсәт» әкімшілік-іскерлік орталығындағы нысан. Мұндай қуат бір ғана нысанды емес, тұтас шағын ауданның жылу қажеттілігін жабуға мүмкіндік береді. Қалған 26 қазандық орта және шағын санатқа жатады. Олар негізінен «Нұрсәт», «Тұран», «Шымсити» сынды соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан жаңа тұрғын алаптарда орналасқан. Бұл аудандарды жоспарлау кезінде бірнеше үй қатар салынса, оларды қамтамасыз ететін локалды қазандық та бірге бой көтеруі тиіс деген талап қойылған. Мұның өзі жылу желілерінің шамадан тыс жүктелмеуіне және апатты жағдайлардың азаюына ықпал етеді, — дейді Жанұзақ Тастемірұлы.

Сонымен қатар, қаланың бір бөлігін жылумен қамтамасыз етіп келе жатқан ескі РК-3 аудандық қазандығы бар. Бұл – кеңес кезеңінен бері жұмыс істеп келе жатқан, бүгінде де өз маңындағы тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етіп отырған нысан. Мұндай қазандықтардың сақталуы кей жағдайда экономикалық тұрғыдан тиімді, өйткені оларды толық жабу немесе көшіру үлкен шығын әкелер еді.
Жылу тек өндірілуімен ғана шектелмейді, оны тұтынушыға жеткізу де үлкен жүйені қажет етеді. Шаһардың жылу жүйесіндегі гидравликалық режимді ұстап тұру үшін 17 сорғы станциясы жұмыс істейді. Яғни, олардың әрқайсысы желінің белгілі бір бөлігіндегі қысымды реттеп, судың кері қайтуын қамтамасыз етеді. Олар негізгі желіден жергілікті желілерге дейін «3-Энергоорталық – Қала» жылу магистралінің бойындағы әртүрлі нүктелерде орналасқан. Мұның маңызы ерекше, себебі «3-Энергоорталық» қаланың биіктеу бөлігінде орналасқан, ал жылу желілері жүздеген шақырымға созылады. Егер қысым дұрыс реттелмесе, жүйеде теңгерім бұзылып, бір жерде жылу жетпей, бір жерде артық қысымнан апат болуы мүмкін.
Шымкент қаласының жылу желілерінің жалпы ұзындығы 838 шақырымды құрайды. Бұл – орасан зор көрсеткіш. Мұндай қашықтықтағы желіні қалыпты жағдайда ұстап тұру үшін тұрақты бақылау, жөндеу және кезең-кезеңімен жаңарту қажет. Әрбір шақырым – қаржы, еңбек және уақыт деген сөз.
Отын мәселесіне келсек, Шымкент үшін бұл да түбегейлі өзгерген бағыттардың бірі. Бұрын шаһардың жылу жүйесі қатты отынға, яғни көмірге тәуелді болды. Мамандардың айтуынша, бұл экологияға да, жүйенің тиімділігіне де кері әсер етті. Бүгінде «3-Энергоорталық» пен 27 жергілікті қазандықтың басым бөлігі толықтай газға көшірілген. Тек екі қазандық – К-19 және ПМК-49 ғана әзірге көмірмен жұмыс істеп тұр. Бұл нысандарды газға көшіру 2026 жылға жоспарланған. Газға көшу жылу өндірудің өзіндік құнын төмендетіп қана қоймай, ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды азайтып, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға мүмкіндік берген.
Жанұзақ Тастемірұлы жылу маусымының алғашқы күндері кейбір тұрғындардан жылудың жетіспеуі жөніндегі шағымына қатысты да түсініктеме берді.
– Бұл жағдайдың себебі – жүйенің іске қосылуы қарашаның басындағы күрт суықпен тұспа-тұс келуі. 3 қарашадан бастап ауа температурасы бірден төмендеп кетті. Ал жылу жүйесін толық жұмыс режиміне көшіру – бір сәтте атқарылатын іс емес. Гидравликалық режимді қалыптастыруға 7–10 күн уақыт қажет. Осы аралықта температура мен қысым біртіндеп көтеріледі. 6 қарашаға қарай жылу жүйесінің қуаты шамамен 90 пайызға жетті. Бұл – техникалық талаптарға сай қалыпты көрсеткіш.
Жылу беру барысында, ең алдымен, әлеуметтік маңызы бар нысандарға басымдық беріледі. Қалада 279 әлеуметтік нысан бар. Олардың қатарына мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен медицина мекемелері кіреді. Бұл нысандардың барлығы жылу маусымының алғашқы күнінде-ақ жылуға қосылды. Бұл – балалар мен науқастардың денсаулығы үшін аса маңызды шешім. Ал, локалды (жергілікті) қазандықтардан жылу беру оңайырақ, себебі олар тұтынушыларға жақын орналасқан және толық жылуды бірден бере алады, – дейді Ж.Махамбетов.
Шымкенттегі жылу маусымының жалпы ұзақтығы – 136 күн. Бұл мерзім де климаттық жағдайларға байланысты есептелген. Яғни қыс ұзаққа созылса, маусым да ұзаруы мүмкін.
Төлем мәселесінде де нақты тәртіп бар. Жалпыүйлік жылу есептегіш құрылғысы орнатылған үйлерде тұрғындар жылуды нақты алған күннен бастап төлейді. Ал мұндай есептегіші жоқ үйлерде төлем тариф бекітілген күннен, яғни 6 қарашадан бастап есептеледі. Бұл әдіс тұрғындар арасында әділдік сақтауға бағытталған.
«Жылу жүйесінде жиі түсінбеушілік туғызатын мәселенің бірі – жауапкершілік, — дейді Жанұзақ Тастемірұлы. – Қолданыстағы нормативтерге сәйкес, «Қуатжылуорталық-3» жылуды тек элеваторға дейін жеткізуге міндетті. Элеватор – үй ішіндегі жүйеге жылу таратылатын негізгі түйін. Ал элеватордан кейінгі жылу бағандары, құбырлар, ішкі жүйе – тұрғындардың және кондоминиумды басқарушы органдардың жауапкершілігінде. Көп жағдайда батареяның салқын болуы ішкі жүйенің тозуынан, құбырлардың бітелуінен немесе жүйеде ауа тұрып қалуынан туындайды. Соған қарамастан, кәсіпорын қызметкерлері мұндай жағдайда тұрғындарды жалғыз қалдырмай, үйге барып, элеватордағы температураны өлшеп, мәселенің қай жерде екенін анықтауға көмектесіп келеді.Бұл – заңдағы міндеттен гөрі, адамгершілікке негізделген ұстаным дер едім».
Жылу маусымының басында екі ірі оқиға тіркелген. Оның бірі «Теріскей» шағын ауданында, екіншісі Түркістан көшесі мен Қонаев даңғылының қиылысында орын алған. Бұл жерде диаметрі 530 миллиметр болатын магистраль құбыры жарылған. Мұндай құбыр – қаланың үлкен бөлігін жылумен қамтамасыз ететін негізгі артерия. Мамандар апатты жоюға біршама уақыт кеткенін айтып отыр. Себебі, әуелі ақауды анықтап, кейін жер асты коммуникацияларына жауапты мекемелермен келісіп, суды сорып шығару және құбырды кептіру қажет болған. Аталған жағдайда құбырдың астынан ирригациялық арық өтіп, соның салдарынан темір қатты тот басқаны анықталған.
Ережеге сәйкес, егер апат 24 сағатқа жетпей жойылса, ол апат емес, жүйедегі кедергі ретінде тіркеледі. Ал егер жөндеу жұмыстары 24 сағаттан асса, жағдай апат деп танылады. Сондықтан кәсіпорын үшін уақыт факторы – шешуші мәнге ие.
– Қаржылық тәртіп те жылу жүйесінің тұрақтылығына тікелей әсер етеді. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша тұрғындардың жылу үшін берешегі 351,6 миллион теңгені құрады. Бұл сома кәсіпорынның ай сайынғы шығындарымен салыстырғанда аз көрінуі мүмкін. Алайда, «Қуатжылуорталық-3» ай сайын ЖЭО-ға шамамен 700 миллион теңге, газ үшін 300 миллион теңге төлеуге міндетті. Сондықтан қарыздың әр теңгесі есепке алынады. Қарызды өндіру жеке сот орындаушылары арқылы жүзеге асырылады. Ең күрделі мәселе – пәтер иелерін табу. Себебі, қаладағы көптеген пәтерлер жалға берілген, ал нақты меншік иесінің дерегі табыла бермейді. Әсіресе, жылумен қамтамасыз етуде ең проблемалы аймақтар – Әл-Фараби және Еңбекші аудандарындағы ескі үйлер. Бұл үйлерде басқарушы компания жоқ, техникалық құжаттар сақталмаған, ал тұрғындар ортақ мүлікке қаржы салуға құлықсыз. Мұндай жылу мәселесіне қатысты жағдай әр жыл сайын қайталанып келеді, — дейді Жанұзақ Тастемірұлы.
Сала мамандары үшін әрбір жылу маусымы – үлкен сынақ. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау, әкімдік пен коммуналдық қызметтердің үйлесімді жұмысы бұл маусымды табысты өткізуге мүмкіндік бермек. Алайда, жылу – тек коммуналдық мекеменің ғана емес, әр тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Өз үйінің ішкі жүйесіне жауапкершілік алған тұрғын ғана қысты алаңсыз өткізеді. Ал, тәртіп пен жауапкершілік қатар жүрген жерде ешбір мәселе туындамай, жылудың ұзақ сақталатыны анық.
З.АЛДАБЕРГЕНОВА
